Бюджет нақтылаумен, мәселе талқылаумен шешіледі

Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда 2025-2027 жылдарға арналған Құлсары қаласының, Жаңа Қаратон кентінің, сондай-ақ Қосшағыл, Жем, Қара-Арна, Майкөмген және Ақкиізтоғай ауылдық округтерінің бюджеттері қаралып, кеңес мүшелері өз ойларын ортаға салды. Кейін мәселе аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХХІ сессиясында да талқыланып, тиісті шешім қабылданды.

Келелі кездесу

Айта кету керек, бұған дейін аудан әкімі Жұмабек Қаражанов қоғамдық кеңес мүшелерінің жаңа құрамымен кездескен еді. Онда кеңес жұмысының негізгі бағыттарымен танысып, атқарылуы қажет жұмыстарға байланысты бағыт-бағдар берді. Осыған дейінгі қоғамдық кеңестің бұрынғы төрағасы қызметін атқарған Ерлан Нұрлановқа Алғыс хат табыстап, жаңа төраға боп сайланған Бекет Құлбаевтың қызметіне жеміс тіледі. Аудан басшысы мен кеңес мүшелері ашық пікір алаңында еркін форматта ой өрбітіп, ауданымыздағы түйткілді мәселелерді сарапқа салды. Оның ішінде құрылысы тоқтап тұрған жобалардың жылдам шешімін тауып, халық игілігіне берілу жолдарын нақтылады. Бұл жөнінде қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы Бекет Құлбаев:

- Сіздің тараптан айтылған әрбір салиқалы пікір мен қолдауды, ашық диалог пен сенімді, сондай-ақ әріптестікке бағытталған ұсынысыңызды біз зор жауапкершілікпен қабылдадық.

Иә, қоғамдық кеңестің басты мақсаты – тұрғындардың ұсыныс-пікірін ескеріп, қоғамның өзекті мәселелерін бірге шешу. Осы жолда бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз! Және алдағы уақытта ел ішіндегі проблемаларды реттеп, халықпен тығыз байланыста жүруге тырысамыз. Мен үшін жаңа құрамдағы қоғамдық кеңестің алғашқы кездесуі – үлкен сенім мен жауапкершіліктің бастауы,-деді.

Қалаға қаралған қаржы да қомақты

Құлсары қаласы мен Қаратон кентінің және ауылдық округтердің алдағы жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізілуіне байланысты өткен қоғамдық кеңестің соңғы кезекті отырысында аудандық мәслихат шешімінің жобасы ұсынылып, кеңесшілер тиесілі бюджетті нақтылады. Жиынға Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Адинов пен ауыл әкімдері қатысып, кеңес мүшелерінің ұсынысына құлақ түрді. Сондай-ақ аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Маржан Бағытова «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңының 31-бабын, Қазақстан Республикасының 2025 жылғы 15 наурыздағы № 171-VII Бюджет кодексінің 96-бабын негізге ала отырып, 2025 жылға жоспарланып, нақтыланған бюджетке Құлсары қаласының, Жаңа-Қаратон кентінің, Жем, Қосшағыл, Майкөмген және Ақкиізтоғай ауылдық округтері бюджетінің өскенін атап өтті. Ол қатысушыларға баяндамасын ұсынып:

- Нақтыласақ Құлсары қаласына бөлінген қаржы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысына, құжаттандыруға, техникалық қызмет көрсетуге, іссапар шығындарына, көше жарығына ақы төлеуге, жағалауға қоқыс жәшігін және орындық орнатуға, «Мұнайшылар» ғимаратына бейнебақылау қондырғысын және газ есептегіш құралын сатып алуға және оны орнатуға, сондай-ақ Құлсары қаласындағы зират қоршауларының күрделі жөндеуіне, 4 саябаққа инженерлік-геодезиялық жұмыстарға, 4 саябақ бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалау жобасының бөлімін әзірлеуге, «Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы, І шағын ауданында орналасқан автомобиль көпірін күрделі жөндеу» жұмыс жобасы бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге жұмсалады. Одан бөлек «Құлсары қаласы автомобиль көпірін күрделі жөндеу және қайта калпына келтіру», «Құлсары қаласы Абдрахманов көшесінде орналасқан автомобиль көпірін күрделі жөндеу», «Құлсары қаласы, Тайманов көшесінде орналасқан автомобиль көпірін күрделі жөндеу», «Құлсары қаласы, Махамбет данғылында орналасқан автомобиль көпірін күрделі жөндеу» және «Құлсары қаласы жаңа автомобиль көпірін күрделі жөндеу» жұмыстары аясында ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу көзделеді,-деді өз сөзінде.

Аудандағы жобалардың жүзеге асуы үшін қаржы бөлу, әрине, ең басты қажеттілік. Бұл тұста кейбір жұмыстардан қаржы шегеруге тура келгенін айта кетейік. Мысалы, газонды автоматты түрде суарудан, автокөлік сатып алудан, «Бабаларға тағзым» саябағының құрылысына жобалық-сметалық құжат жасақтаудан, құлсарылық жастар үшін салынуы тиіс «Арбат» саябағының құрылысына жоба жасақтаудан, аудандық тұрғын – үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің трансферттер есебінен қыруар қаржы үнемделіп, негізгі жобаларға жұмсалатын болды.

Ауылға да аз ақша жұмсалмайды

Әрмен қарай шалғай ауылдарға бөлінген бюджет есебі жөнінде баяндамасын жалғастырған Маржан Бағытова:

- Көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары кезінде кезекшілікте тұрған қызметкерлердің еңбегін ескеріп, Қара Арна, Жем, Майкөмген, Ақкиізтоғай ауылдары мен Жаңа Қаратон кенті өз кірістері есебінен оларға үстеме ақы төлеуді жоспарлап отыр. Одан бөлек Жаңа Қаратон кенті "Ауыл әкімдерін арнайы қайта даярлау курстары" семинарына, іссапар шығындарына, Брайль шрифтерімен мнемосхема, тақтайшалар дайындатуға және жаңадан қосылған 12 шақырым көше жарығы объектілерінің қосылуына байланысты қаржы жұмсауды көздейді. Бұл тұста Майкөмген ауылы абаттандыру мен көгалдандыру жұмысынан үнемделген қаржыға сол ауылдағы мектеп аумағынан спорт алаңын салуды жөн көріп отыр,-деді баяндамасын жалғастырып.

Осы және бұдан басқа да жобаларға бөлінетін қаржыны есептеп, жұмсалу жолдарын зерделеген қоғамдық кеңес мүшелері өз ұсыныстарын ортаға салып, салынатын құрылыстар мен жасалатын жұмыстарға асқан жауапкершілікпен қарауға шақырды. Күн тәртібіндегі мәселелер араға уақыт салып, аудандық әкімдіктің мәжіліс залында аудандық мәслихаттың кезектен тыс ХХХІ сессиясында талқыланып, тиісті шешім қабылданды.

2025-2027 жылдарға арналған бюджетті нақтылау барысында артық шығындар қысқартылып, үнемделген қаражат әлеуметтік маңызды жобаларға қайта бағытталғаны да – құптарлық бастама. Бұл қаржыны мақсатты әрі тиімді пайдалану арқылы қаламыздың әлеуметтік-экономикалық дамуын ілгерілетудің нақты қадамы.

Қорыта айтқанда, қоғамдық кеңес пен мәслихаттың бірлескен жұмысы – халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізудің тиімді тетігі болып отыр. Бұл бағыттағы ашық диалог пен өзара түсіністік жалғасын тапса, алдағы жылдарда ауданның дамуы мен тұрғындар әл-ауқатының артуы жаңа деңгейге көтерілетіні сөзсіз.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT