Бюджет нақтыланды

Аудандық мәслихаттың кезекті XXVI сессиясы өтті. Оған аудан әкімі Ж.Қаражанов, аудан әкімінің орынбасарлары, қала, кент және ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшылары қатысты. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралып, түйткілдің түйіні тарқағандай болды. Алдымен, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ж.Дүсіпова 2025-2027 жылдарға арналған Құлсары қаласының, Жаңа Қаратон кентінің, Жем, Қосшағыл, Қара Арна, Майкөмген және Ақкиізтоғай ауылдық округтерінің бюджеттері туралы баяндады.

Сондай-ақ «2024-2026 жылдарға арналған Құлсары қаласының, Жаңа Қаратон кентінің, Жем, Қосшағыл, Қара Арна, Майкөмген және Ақкиізтоғай ауылдық округтерінің бюджеттері туралы» Жылыой аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 желтоқсандағы №11-1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәлімдеді.

«Жылыой ауданының жер комиссиясының құрамын және жер комиссиясы туралы ережені бекіту туралы» аудандық мәслихаттың 2024 жылы 27 тамыздағы 22-3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж.Сабыров баяндады. Жарыссөзге шыққан депутат Ғ.Орынғалиев бөлінген қаржының сапалы және уақытылы игерілуі маңызды екенін айтып, қаладағы бірнеше мәселені тілге тиек етті.

Әсіресе, депутат Құлсарының тазалығына сын айтты. Қондырылған камералардың дұрыс жұмыс жасауын қадағалауға шақырды. Сондай-ақ, кәріз беттерінің ашық қалуы қауіпті екенін ескертіп, айтылған ұсыныстар уақытында орындалса деген ойын жеткізді. Күн тәртібіне қойылған мәселелер алдын ала аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында талқыланды.

П.ТӘЖІ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT