Тіл — ұлттың жаны, халықтың рухани өзегі. Ол - ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тарихи жады, мәдени код, ұлттық мінез. Ана тілі арқылы адам дүниені таниды, ойын қалыптастырады, қоғаммен байланыс орнатады. Алайда бүгінгі күннің шындығына көз салсақ, сол асыл қазынамыздың табиғи тазалығына қауіп төндіріп тұрған құбылыстардың бірі: қазақ тілінің күнделікті қолданыста бөтен сөздермен шектен тыс былғануы. Аудан жастарының аузынан да осы бір дертті жиі байқаймыз.
Қазір қазақша сөйлеу үшін қазақ тілін толық меңгеру шарт емес секілді. Көшеде де, жұмыс орнында да, оқу орнында да аралас тілде сөйлесу қалыпты жағдайға айналды. «Бүгін дедлайн бар», «Бұл тема вообще қызық емес», «Кейін колл жасаймын», «Мотивация жоқ болып тұр» деген тіркестер ешкімнің құлағына түрпідей тимейді. Керісінше, заманға сай, «қалалық стиль» сияқты қабылданады. Ал шын мәнінде, бұл тілді жеңіл-желпі қолданудың, ана тіліне деген немқұрайлылықтың көрінісі. Ең өкініштісі осы сөздердің барлығының қазақша баламасы бар екеніне қарамастан, оларды қолдануға ерінеміз. Соңғы мерзім, тақырып, қоңырау шалу, ынта, себеп, мүмкіндік сияқты байырғы сөздеріміз қолданыстан шеттеп, орнына өзге тілдің сөздері еш сүзгісіз еніп жатыр. Бұл тілдің байығаны емес, тілдік сананың әлсірегені болып саналады.
Тіл шұбарлығы тек жастардың немесе белгілі бір орта өкілдерінің, одан қалды мәдениет бөлімінің мәселесі емес. Бұл тұтас қоғамды жайлаған құбылыс. Үй ішінде, ата-ана мен бала арасындағы әңгімеде де осы үрдіс байқалады. «Телефоныңды зарядкаға қой», «Сабақты онлайн оқисың», «Времяңды босқа кетірме», «Проблема жоқ қой» деген сөйлемдер күнделікті тұрмыстық сөзге айналып кеткен. Бала үшін бұл дұрыс сөйлеудің үлгісі болып саналады. Себебі, ол естігенін санасына сіңіреді, солай сөйлеуді қалыпты деп қабылдайды. Сөйтіп, біртіндеп таза қазақша ойлау қабілеті әлсірей бастайды. Әлеуметтік желілер мен цифрлық кеңістік те тілге айтарлықтай әсер етуде. Қазір «сторис салдым», «лайк басып кет», «репост жасадым», «контент өтпей жатыр», «аудитория аз» деген сөздерсіз сөйлесу қиын сияқты. Қазақ тілінде «жазба», «ұнату белгісі», «бөлісу», «көрермен», «оқырман» деген баламалар бола тұра, олар екінші қатарға ысырылып қалды. Соның салдарынан қазақша сөйлемнің сыртқы формасы ғана сақталып, ішкі мазмұны өзге тілдің сөздеріне тәуелді бола бастады. Мұндай тілдік шұбарлану тек сөз мәдениетіне ғана емес, ойлау жүйесіне де әсер етеді. Өйткені тіл — ойдың құралы. Адам қай тілде сөйлесе, сол тілде ойлайды. Егер ой бөтен сөзге тәуелді болса, ойлау да толыққанды болмайды. Бір ұғымды өз тілінде дәл жеткізе алмаған адам терең ойлауға да қиналады. Ал терең ойлай алмайтын ұрпақтың рухани іргетасы әлсіз болары анық.
Кейде кірме сөздерді қолдануды білімділіктің белгісі деп қабылдайтындар да бар. Шын мәнінде, бұл керісінше құбылыс. Өз ойын ана тілінде анық, дәл, көркем жеткізе білу — нағыз мәдениеттіліктің белгісі. Ал әр сөйлемде өзге тілдің сөзін тықпалау тіл байлығы емес, тілге деген сенімсіздік. Әрине, ғылым, медицина, техника, ақпараттық технология салаларында халықаралық терминдерсіз өмір сүру мүмкін емес. Бұл — заман талабы. Бірақ мәселе оларды қажетті жерде ғана қолдану мен күнделікті қарапайым сөзге дейін араластыра беру арасындағы айырмашылықты ажырата білуде. Өз тілімізде баламасы бар сөзді қолданбау тілді дамыту емес, тілді шетке ысыру.
Тілді сақтау заңмен немесе бір реттік науқанмен шешілетін мәселе емес. Ол күнделікті дағды, әр адамның жеке таңдауы. Біз қандай сөз қолдансақ, тіліміз де сондай күйде болады. Әр сөйлеміміз ана тіліміздің тағдырына қосылған үлес. Ахмет Байтұрсынұлының «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген сөзі бүгін бұрынғыдан да терең мағынаға ие. Сондықтан, Алаш ардақтыларының салмағы ауыр сөздерін саралап, ана тілімізді қадірлейік. Себебі тілін құрметтеген ел ғана өз болашағына сеніммен қарай алады.
Е.Ахметкәрімов



