Бәсеке барда басылымның болашағы да бар

Қазіргі ауданның ақпарат айдынында әуелден-ақ бәсекелестік орта қалыптасқан. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өткен ғасырдың аяғы мен жаңа мыңжылдықтың басында пайда болып, кейін ақпарат ағынына ілесе алмай қалған басылымдар мен электрондық ақпарат құралдарын айтпағанда, күні бүгін аудан орталығы - Құлсары қаласынан үш газет жарыққа шығып тұр.

Олардың көш басында, әрине, 90 жылдық тарихы бар «Кең Жылой» газетін айрықша атап өтуге болады. Одан кейінгі кезекте биылғы наурыз айында шыға бастағанына 20 жыл толған республикалық «Құлсары» газеті тұр. Одан соң жарық көргеніне 10 жылдан асқан әдеби-мәдени-рухани «Алтын адам» республикалық басылымы бар. Олардың әрқайсысының ауданның ақпарат майданында алар өзіндік орыны мен қалдырар айрықша қолтаңбасы аз емес.

Бір қызығы бұл басылымдардың бас редакторлары - ежелгі «Ембінің» шекпенінен шыққандар. Айталық, «Алтын адамның» меншік иесі, әрі бас редакторы өткен ғасырда «Ембі» («Кең Жылой») газетінде тілшілік қызмет атқарып, бөлім меңгерушісі болған ардагер-журналист Нұрдәулет Ақназаров болса, «Құлсарының» құрылтайшысы Әбдіхалық Сисенбердиев те «Кең Жылой» газетінің тілшілік тіршілігінің ыстық-суығын көрген, кейін осы басылымның бас редакторы қызметін атқарған белгілі журналист.

Атырау қаласынан кейінгі потенциалы жоғары, өндірісі өркендеген үлкен ауданда бүгінгідей газеттен гаджет озған заманда басылымдар арасында бәсекелестік ортаның болуы заңдылық. Өйткені ақпарат ағынын сұрыптап, саралап жазып, оқырманға ой тастап, қоғамдық пікір тудыратын бүгінгінің газеті ауданның тарихын да хаттаушы құрал. Тек әрқайсысы ұстанған бағыт-бағдарына қарай өңірдің шежіресін өзінше жазып, болашаққа жеткізеді.

Ендеше, осындай қиын-қыстау кезеңде газет шығарып, «алтын арқалап, жантақ жеп» жүрген өзге басылымдағы әріптестерімізді де төл мерекеміз – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтап, шалқар шабытпен шығармашылық шыңдарды бағындыра беруіне тілектеспіз!

Ербол Қошақанов,

«Кең Жылой» газетінің бас редакторы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT