2020 жылдың маусымында аудан әкімі болып тағайындалып, бұл міндетті екі жыл абыроймен атқарған Халел Жамал «Құрмет» орденімен наградталды. Бұл жоғарғы марапатты Республика күніне орай облыс орталығы Атырау қаласында өткізілген салтанатты жиында облыс әкімі Серік Шәпкенов табыс етті.
Ауданға басшы болып тағайындалғанға дейін Халел Жамалұлы аудандық мәслихаттың қатарынан IV, Vжәне VI шақырылымының депутаты болып, өңірдің өзекті мәселелерін шешуге ықпал етті. Ол әкім болып тағайындалған жыл - елімізде пандемия пәрмен алып, қауіпті індеттің өршіп, жүздеген адамның тағдыры тажал аузында тұрған кезең еді. Одан кейін Қаңтар оқиғасы бой көтерген қиын-қыстау уақытқа тап келді. Аудан басшысы ретінде ол өңірдің өзекті мәселелерін шешуге күш салып қана қойған жоқ, «Қасіретті қаңтар»кезінде жылыойлық митингішілермен тіл табысып, ауданда қоғамдық тәртіп пен тыныштықтың және халық арасында өзара түсіністіктің сақталуына жол ашты.
Айта кету керек, бұл марапат мереке қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі сіңірген еңбегі мен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін 44 адамға табысталған еді.
Ербол БИСЕКЕНҰЛЫ