Бұралқы иттер малға шапты

Ауданымызда соңғы күндері бұралқы иттердің қожалықтарға шабуылы жиілеп, тұрғындардың мазасын қашырды. Соның бірі жуырда ғана қаламызда тіркелді. Таң ата көрші аула арқылы кірген 6 бірдей бұралқы ит мал иесінің жүрегін қан жылатып кетті. Қора ішіне бір топ ит шабуылдап, бар болғаны бірнеше минуттың ішінде 12 бас қой мен ешкіні өлтіріп, тағы он шақты малды жаралап кеткен.

Мал иесі Талап Балғынбаев үшін бұл тек материалдық шығын болғаны анық. Кешкісін қорасын тексеруге барған ол төрт аяқтыларының жайрап жатқанын көргенде есеңгіреп қалғанын айтады. «Жалпы 22 бас мал еді. Оның 12-сін сол жерде қырып кеткен. Қалған 10-ы жан тапсырмағанымен, жарасы ауыр. Біреуін сойып қарадық, аяқтарының сіңірі үзіліп, мал болмасына көзіміз жетті» дейді ол. Бірақ оның ең үлкен алаңдаушылығы қой-ешкі емес, балалардың қауіпсіздігі болып тұр. Бұл туралы ол:

- Сол күні қатты уайымдадым. Біздің бала болмаса да, біреудің баласына шапса қайтеміз?! Таңертең балалар автобусқа шығып, мектепке барады. Сол жағдайдан кейін қатты қорықтық. Әрине, малдың орны толар. Бірақ иттердің адамға зияны тимесе екен деп жүрміз. Ал өлген малдың өтелмейтінін естідім. Қорадағы бар малым сол еді. Бәрінен де айырылдым,-дейді өз сөзінде. 

Оқиға тұрғындар арасында да үлкен үрей тудырды. Малға шабуылдаған бұралқы иттер ертеңгі күні адамға, соның ішінде балаларға қауіпті болуы мүмкін деген қауіп басым. Сондықтан халық жергілікті билікке талап қойып, осы мәселе бойынша біржақты жауап та күтті. Жергілікті әкімдік бұл жайтқа қатысты пікір білдіріп, қаңғыбас иттерді аулау заң аясында жүргізіліп жатқанын жеткізді. ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға сәйкес, бұралқы иттерді ұстауға рұқсат берілгенімен, оларды жаппай жоюға тыйым салынған. Аудан әкімінің орынбасары Ерлан Нұрлановтың айтуынша, аудан бойынша жыл басынан бері 1041 ит ауланған. Олардың бір бөлігі залалсыздандырылып, ауданымызға қайта жіберілді. «Бес ауылдық округ пен бір кентті қосқанда, жалпы жоспар бойынша 1560 ит аулану керек. Заң талаптарына сай қауіпсіз деп танылғандарын чиптеп, қайта жібереміз. Ал қауіптісі көзін жою арқылы залалсыздандырылады» деді ол бұл жөнінде. Сонымен бірге жауапты маман тұрғындардың малын қорғау үшін де өздері сақтық шараларын күшейтуі қажет екенін атап өтті. Алайда бұл аудан үшін жаңа жағдай емес. Соңғы екі айда ауданда көше иттерінің малға шабуылы туралы шағымдар жиілеген. Әзірге тұрғындар үшін ең ауыр жаңалық – өлген мал үшін өтемақы қарастырылмағаны. Қыруар еңбектің өтеусіз кетуі мал шаруашылығымен айналысатындар үшін ауыр соққы болып отыр.

 Тұрғындар ауыл тыныштығы бұзылып, қауіп еселенген қазіргі жағдайда нақты шешімдер қабылдануын қалайды. Бұралқы иттердің мәселесі тек мал шаруашылығының емес, бүкіл қауымның қауіпсіздігіне әсер ететінін ескерсек, ауданда бұл мәселені созбалаңға салмай, жүйелі түрде шешу қажеттігі айқын сезіледі.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT