Боздақтар рухына тағзым

Мәңгілік алау сөнбейді. Ол – ерлік рухының символы. Ол – ел үшін жанын қиған боздақтардың отты жүрегінен тұтанған жалын... Ауданымызда 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесі ерекше салтанатпен аталып өтті. Жеңістің 80 жылдығы аясында «Жеңіс» саябағындағы «Мәңгілік алау» мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қою рәсімі өтіп, қан майданда қаза тапқан батырлар рухына тағзым етілді.

Таңертеңгі салқын самалмен бірге аудан тұрғындары мен қала қонақтары Құлсары қаласындағы «Жеңіс» саябағына қарай бет түзеді. Әрбір жүзде ерекше тебіреніс, толғаныс пен мақтаныш сезімі де бар. Бұл күн – соғыстан оралмаған боздақтарды еске алып, тылда жан аямай еңбек еткен ардагерлердің маңдай терін бағалайтын күн. Алаңға жиналған жұртшылықтың сап түзеген көрінісі ерекше сәттің көрінісі болды.

Рәсімге аудан әкімі Жұмабек Қаражанов пен орынбасарлары, аудандық мәслихат төрағасы Қанат Мыңбаев пен мәслихат депутаттары, Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Адинов, аудандық, қалалық, ауыл әкімдігі, ардагерлер кеңесі, дербес бөлімдер мен мемлекеттік мекеме басшылары мен қызметкерлері, өңірдегі түрлі кәсіпорын, білім беру ұйымдарының ұжымдары, тыл ардагерлері мен қала тұрғындары қатысты.

Гүл қою рәсіміне қатысушылар колонналарға бөлініп, біртіндеп Жеңіс саябағындағы "Мәңгілік алауға" жақындап, гүл шоқтарын қойды. Алау басына қойылған алқызыл раушанды гүлдер жауынгер рухына мәңгілік алғыс пен ризашылықтың белгісіндей болды. Салтанатты жиын басталып, онда аудан жұртшылығы, алдымен, "Мәңгілік алау" басында Отан үшін опат болған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұл – жүрекпен сезілетін үнсіздік. Бұл – майдан даласында ерлікпен қаза тапқандарға, Жеңіс үшін жанын қиған боздақтарға арналған құрмет.

Салтанатты сәтте сөз алған аудан әкімі Жұмабек Қаражанов барша халықты Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтап, тарих алдында тағзым ету бүгінгі ұрпақтың парызы екенін атап өтті:

– Ұлы Жеңіс – біз үшін ең қастерлі мереке. Баршамыз үшін бүгінгі күннің орны бөлек. Ата-бабамыз ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, бүгінгі ұрпаққа бейбіт күн үшін жасаған өлшеусіз еңбектерін мәңгі жадымызда сақтаймыз. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік өшпес ұмытылмас парағы болып қалмақ. Сіздерге зор денсаулық, елімізге бейбіт өмір тілеймін. Ел іргесі аман, жұртымыз тыныш болсын! – деді аудан басшысы.

Келесі сөз кезегін алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Гайдар Арыстанов жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, ел ішіне ынтымақ пен бірлік тіледі. Салтанатты сәтте қала тұрғыны Нәсіп Сүгірованы сөзге тартқан едік:

– Барша тұрғындарды Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын. Отан үшін опат болған боздақтар мен елге Жеңіспен оралған ардагерлердің арқасында бүгінгі ұрпағымыз бейбіт, көптеген ұлттармен бірге ынтымақта өмір сүру үстінде. Барлық батырлар рухына тағзым етеміз. Ардагерлерге, отбасына, жақын-туыстарына қазіргі буын атынан алғысымызды айтамыз. Енді соғыс болмасын, бүкіл әлемде бейбітшілік салтанат құрсын! Балалар соғыстың не екенін білмей өссін дегім келеді, - деді ақжарма ақ тілегін ақтарып.

Иә, ауданнан соғысқа 5 мыңның үстінде азамат аттанып, көбі майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Ал тылда еңбек еткен ата-әжелеріміз олардың орнын басып, күн демей, түн демей майданға азық-түлік, киім-кешек, оқ-дәрі дайындап, аянбай еңбек етті. Олардың барлығы да – Жеңістің батырлары.

Осындай тағылымы мол іс-шара – өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің жарқын көрінісі. Соғыс ардагерлерінің жанқиярлық ерлігі – тарих бетінде емес, жүрек төрінде өмір сүреді. Елі үшін жанын қиғандарды еске алу – өткенге тағзым ғана емес, болашақ ұрпаққа көрсететін үлгі-өнеге.

Көпшілік жұрт Жеңіс мерекесі думанды күн емес деген пікірде. Бұл – ең әуелі қыршын кеткен боздақтарды еске алу күні. Содан да болар, тағылымды шарадан кейін ешқандай мерекелік көңіл көтеру ұйымдастырылған жоқ. Себебі бұл күні ардагерлер рухына тағзым етіліп, ортамызда бар тыл ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Ал Жеңіс мерекесі қарсаңында Құлсары қаласындағы Жылыой мұсылмандары орталық мешітінің бас имамы Думан Балықшиев бастаған аудан имамдары мен мешіт жамағаты «Жеңіс» саябағына келіп, Отан үшін опат болған боздақтар мен өмірден өткен ардагерлер рухына құран бағыштап, дұға оқыды. Осының өзіне олардың рухын разы етіп, келешек ұрпақтың болашағын жарқын ете түскені сөзсіз. Өйткені «Өлі разы болмай, тірі байымайтыны» анық!

А.ЖҰМАБАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT