"Боташымдағы” ертегідей ертеңгілік

Балабақшадағы әр мереке қоғаммен енді танысып жатқан кішкентай балалар үшін ғажайып тәрізді. Әсіресе жастары небәрі 2-3-тегі балаларға ұмтылмастай ерекше әсер қалдыратын ертеңгіліктердің пайдасы зор. Солардың бірі қаламыздағы “Өркен" бөбекжай-бақшасының “Боташым” кіші тобында ұйымдастырылды.

«Берекелі, мерекелі алтын күз» деп аталған ертеңгілік балаларға күз мезгілінің ерекшеліктерін жан-жақты түсіндіруді көздеді. Бөбекжай-бақшаның залы арнайы сары түспен безендірілген. Үстеріне сары киім киген топтағы кішкентай арулар мен саңырауқұлақ кейпіндегі ұлдар мерекенің көркін аша түсті.


Алдымен бүлдіршіндер күз мезгілінің жомарттығы, әсемдігі, жалпы табиғаттың ерекшеліктері жайында тақпақ оқыды.
Топ тәрбиешілері Бақыт Есенова, Айман Егізбай дайындаған “Жемістердің орнын тап” атты ойында балалар белсенділік танытып, жемістердің атауын мүдірмей айтып берді. Қолдарына жапырақ ұстаған қыздар “Жапырақтар” биін жайқала билесе, ұлдар “Саңырауқұлақ” биін керемет орындады.
Бір кезде ортаға қолына жеміс-жидектер салынған себеті бар күз ханшайымы келді. Ол күздің молшылық әкелетін әдемі мезгіл екенін әңгімелеп, балаларға жемістерді үлестіріп берді.


Ертеңгілікке қатысқан “Өркен” бөбекжай-бақшасының директоры Айсұлу Қариева шараның жақсы өткенін айтып, тәрбиешілердің балаларды тәрбиелеу жолындағы қызметіне сәттілік тіледі. Осындай тәрбиелік мәні зор ертеңгіліктер “Өркен” бөбекжай-бақшаларындағы барлық топта өтіп жатқанын айтты.

-Мұндай шаралар арқылы тәрбиеленушілерімізді табиғатты қорғауға, аялауға шақырамыз. Сондай-ақ әр бала бойындағы өнерін көпшілік алдында көрсетіп, жеке тұлға ретінде ашыла түседі және сөздік қорларын дамытатыны сөзсіз,-дейді А.Қариева.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT