ТАЯУДА АУДАНДЫҚ ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІ БӨЛІМІ СОТҚА ҰСЫНЫС БЕРІП, ОНДА ШАРТТЫ ТҮРДЕ СОТТАЛҒАН М.-НЫҢ ЖАЗАСЫН БАС БОСТАНДЫҒЫНАН АЙЫРУ ЖАЗАСЫНА АУЫСТЫРУДЫ СҰРАДЫ.
Бүгінде елуді еңсеріп қалса да әлі «ақыл тісі» шықпаған ол 2017 жылдың 8 маусымында аудандық соттың үкімімен Қылмыстық кодекстің 188-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты, яғни ұрлық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын айрылған-ды. Бірақ осы кодекстің 63-бабына сай жазасы шартты деп есептеліп, пробациялық бақылау белгіленді. Бірақ бостандықтың қадірін білмей, 2019 жылғы 14 қазандағы аудандық соттың қаулысымен шартты соттылықтың күші жойылып, негізгі жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. Дегенмен, 2020 жылғы 2 желтоқсандағы Атырау қалалық №2 сотының қаулысымен Қылмыстық кодекстің 73 - бабына сай жазасының өтелмеген бөлігі неғұрлым жеңіл түріне өзгертіліп, 1 жыл 10 ай 11 күнге бас бостандығы шектеліп, «аяқтай» сотталған-ды. Сөйтіп жергілікті жердегі пробация қызметінің бақылауына алынды.
Өкінішке орай, ауылға келген М. одан да қорытынды шығармады. Түзелудің жолына түсудің орнына, керісінше, биылғы 25 мамырда арақ ішкен мас күйінде қоғамдық орында жүргені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабының 1-бөлігіне сәйкес үстінен әкімшілік хаттама толтырылып, заңды түрде шара қолданылды. Ол аздай, Қылмыстық кодекстің 44-бабы бойынша сот жүктеген пробация қызметі бөлімінің рұқсатынсыз өзінің тұрақты жерінен ешқайда кетпеу туралы міндеттемені де бұзды. Биылғы 23 шілдеде сағат 23:05 шамасында пробация бөлімінің қызметкері тұрғылықты жеріне барып тексерген кезде үйінде болмай шықты. Сол үшін түсініктеме алынды. Оны пробация қызметкерлері жұмыспен қамту орталығы жұмысқа да орналастырып көрді. Дәлірек айтқанда, 26 маусымда Теңіз кенішіндегі «Сичим» компаниясына жұмысқа бару үшін әкiмшiлiк-аумақтық бірліктен тысқары жерге шығу туралы «бағыттық парақ» берді. Бірақ ол 19 шілдеде өз арызы бойынша жұмыстан шығып, Құлсары қаласына кетіп қалған. Бұл жөнінде пробация қызметіне хабарламаған. Ол аздай бағыттық парақ, яғни, Теңіз қалашығына барып-келгендігін растайтын құжатқа қол мен мөр қойдырмай, оны жоғалтып тастаған. Осы және басқа құқыққа қарсы әрекеттері үшін оған қатаң ескерту беріліп, жазасының өтелмеген бөлігін темір тордың арғы жағында өткізетіндігі баса айтылады. Десе де, М-ның одан еш нәтиже шығарар түрі жоқ. Сондықтан пробация бөлімі сотталушыға тағайындалған бас бостандығын шектеу жазасын бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыруды сұрады.
Сот отырысында аудандық пробация қызметі бөлімінің басшысы Г.Карабалин аталған ұсынысты қолдап, М-ның сотпен тағайындалған жазаны бірнеше рет қаскөйлікпен өтеуден жалтарғанын айтып айғақ берді. Атап айтқанда, қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкен мас күйде жүргені үшін жауапқа тартылып, түнгі уақытта тұрғылықты мекен-жайын тексергенде үйінде болмағанын, тіркелуге келмегенін, орналастырған жұмысынан шығып кетіп, пробация бөліміне хабарламағанын, бағыттық парақты жоғалтып тастағанын көрсетті. Сот арқылы жағдайына қарай мүмкіншілік берілгенімен, одан тиісті қорытынды шығармай отырғанын, оның қылмыс жасауға бейім адамдар қатарына енгізілгенін, бірнеше рет қатаң ескерту берілсе де, түзелу жолына мүлдем түспегендігін, сол себепті ұсынымды қанағаттандыруды сұрады.
Сотталушы, әрине, өзінің жасаған кемшіліктерін мойындайтынын, алдағы уақытта түзелетінін көрсетіп, ұсынысты қанағаттандырусыз қалдыруды өтінді. Бірақ бәрі де кеш еді. Аудандық пробация қызметі бөлімінің басшысының түсінігін, сотталғанның қорғаушысының, прокурордың өтінішті қанағаттандыру туралы пікірлерін тыңдап, жинақталған құжаттарды зерттеп, сот ұсыным толық негіздер бойынша қанағаттандырылуға жатады деген тоқтамға келді.
Қылмыстық кодекстің 44-бабы 3-бөлігінің талабында бас бостандығын шектеуге сотталған адам жазаны өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, бас бостандығын шектеудiң өтелмеген жылы дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрiндегi жазаға ауыстырылатыны көзделген. Ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 67-бабы 2-бөлігінің 1), 3), 6) тармақтарында бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бұзу бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеуді қаскөйлікпен бұзушылықтар болып табылатыны белгіленген.
Жаза өтеу барысында сотталған М.-ға пробация қызметі тарапынан жаза өткеру тәртібі және міндеттері түсіндіріліп, алғашқы әңгіме жүргізілген. Оның тұрғылықты жері бойынша жүріп-тұру кестесі жасалған. Соттың үкімімен және пробация қызметімен оған пробациялық қызметті хабардар етпей, тұрақты жерін, жұмысын, оқуын ауыстырмауға, бос уақытында тұрғылықты мекен-жайында болуға және рұқсатсыз кетпеуге, тұрғылықты жері, жұмыс немесе оқу орны ауысса, уақыты өзгерсе, жиырма төрт сағат ішінде пробациялық қызметке хабарлауға, көңіл көтеретін, ойын-сауық орындарына бармауға, пробация қызметіне белгіленген күндері тіркелуге және өзімен тәрбие жұмысын жүргізу үшін барып тұруға міндеттелген-ді. Бірақ, сотталушы өзіне берілген мүмкіндіктен нәтиже шығармады. Жаза өтеу барысында оның тәртібін қаскөйлікпен қайталап бұзды.
М-ның бас бостандығынан шектеу жазасы 2022 жылғы 1 қарашада аяқталуы тиіс-ті. Сондықтан аудандық соттың қаулысымен 2020 жылғы 2 желтоқсандағы Атырау қалалық №2 сотының қаулысымен белгіленген бас бостандығынан шектеу жазасының өтелмеген бөлігі, яғни 1 жыл 2 ай 9 күні нақ сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Осылайша, шектеу арқылы мүмкіндік берілсе де, бостандықтың қадірін білмеген сабаз темір торға тоғытылып, қамалып кете барды.
А.ОСПАНОВА,
аудандық соттың бас маманы