Өткен жылы сәуірдегі тасқыннан кейін бой көтеріп, шағын қалашыққа айналған Құлсарыдағы «Болашақ» ықшам ауданы әлі де ел талқысынан түспей келеді. Қыркүйек айынан бастап табысталған 100 үйдің кілті басыбайлы баспанасынан айырылған қала жұртына межелі уақытында берілсе де, ондағы мәселе азаймай тұр. Атап айтсақ, жаңа қоныс иелерін үй ішіндегі қабырғалардың көгеруі, аялдаманың жеткіліксіздігі, бұралқы иттердің көптігі сынды өзге де мәселелер жиі алаңдатады.
Типтік үлгіде салынған үйлердің құрылысын жергілікті 8 түрлі мердігер мекеме жүргізген еді. Жалпы ауданы 100 шаршы метрді құрайтын баспаналардың сыртқы көрінісі ауыз толтырып айтарлықтай қаз қалпында тұрғанымен, тұрғындар айтуынша, кейбір үйлердің ішкі жары жарылып, терезеден жел азынап, сылақтары да түсе бастаған. Одан бөлек, шұбырған бұралқы иттерден балаларын мектепке жібере алмай отырған ата-аналар да бұл мәселені қалай шешерін білмей әлек. Ал мұндағы халықтың қоғамдық көлікте қатынауы үшін арнайылап қойылған екі түйір ғана аялдамаға тұрғындар тіптен ренжулі. Әсіресе жасы келген жандардың қашықта орналасқан аялдамаға жете алмайтындығын айтып ашынған олар, ең болмаса, үлкен кісілер үшін аялдаманы көбейтіп берсе деген өтінішін жеткізді. Бұл жөнінде «Болашақ» ықшамауданы тұрғыны Ғизат Бейсенұлы:
- Бар-жоғы 100 шақты үйге 4 аялдама салған. Оның екеуі бар да, қалғаны жоқ. Бұл жерден Ақкиізтоғай ауылына қарай өтетін немесе кері Құлсарыға қатынайтын көліктер өте қатты жылдамдықпен жүреді. Ал сол жерде автобустан түскен бала болсын, қария болсын, бір күні жол-көлік оқиғасына ұшырауы мүмкін деп ойлаймын. Сондықтан кейбір жерлерге жасанды бұдырлық (лежачий полицейский) болсын, сергегі болсын, жылдамдықты азайтуды көрсететін белгілер қондыру керек. Бірінші орында осы, адам өмірінің қауіпсіздігі қаралуы керек қой. Мына көшелерге тасжол төселеді, жарықпен қамтамасыз етіледі деген. Бірақ әлі жоқ, бағаналары ғана тұр. Одан бөлек тұрғындардан келеңсіз жайттарды жиі естиміз. Олар көбіне үйдің көгеруі, терезенің ылғалдануы жөнінде айтады. Міне, осындай мәселелер оң шешімін тауып, тұрып жатқан жерімізде шағын полиция бөлімшесі ашылса дейміз. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дегендей бұл жаққа да тәртіп керек қой,-дейді өз сөзінде.
Ал Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілдері тұрғындар үйді қайта жөндеу туралы өтінішті жергілікті әкімдікке жаза алады дейді. Әзірше кейбір баспананың төбесін мердігер мекеме - «Орлан» ЖШС қайта жөндеп берсе, «Армандастар Атырау» ЖШС терезелерді ретке келтіріп, жөндеп берген. Сондай-ақ олар «Болашақтағы» үйлерді салған мердігер 8 компанияның 1 жыл кепілдік мерзімі бар екенін де ескертіп отыр. Алайда тұрғындар тиісті мамандарға қанша хабарласса да, мәселенің өзгеріссіз қалып келе жатқанын айтып шағымдануда. Амалы құрыған олар терезеден кірген салқын желді өздері бітеп алуға мәжбүр. Және көгерген жерлерді арнайы химиялық тазартқыш өнімдерді пайдалану арқылы кетіріп, үй ішіндегі балалар үшін мүмкіндігінше өздері тазалап жүр екен. Өйткені ылғалды үйдің ауасын жұту денсаулыққа зиян. Ал көшеде шұбыруы былай тұрсын, әр үйдің ауласын аңдып, қоқыс жәшіктерін шашып кететін бұралқы иттердің мәселесіне жауап берген қала әкімі аппаратының бас маманы Әзизхан Демесінов:
- Қазіргі таңда ит аулау жұмыстарына қаражат қарастырылып, оны жүргізуге мердігер анықтау үшін мемлекеттік порталға жарияланды. Мердігер анықталған соң иттер ауланып, тиісті шарасы жүргізілетін болады,-деп жылы қайырды. Десе де халық өтініші аяқсыз қалмай, өткен жексенбіде облыстан құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бір топ мамандары келіп, «Болашақтағы» үйлерді өз көздерімен көріп, аралап шыққан. Олардың «жақын арада көмектесеміз» деген бір ауыз сөзі тұрғындардың көңіліне қуаныш сыйлап, істің аяқсыз қалмағанына ризашылығын білдірді. Ендеше, құрылысы аяқталғанына бір жыл да болмаған үйлердің қайта жөндеуден өтіп, атына заты сай күйде жарқырап тұрарына сенім білдіреміз.
Д. ІЗБАСАРҚЫЗЫ