Ия, осылай дейді біздің кейіпкеріміз – Аманғали Төлегенов. Қазіргі таңда жұбайымен жаңа баспанасына көшіп жатқан ол бұл шешіміне еш өкінбейді, керісінше, өте дұрыс таңдау жасадым деп қуанып жүр.
-Тасқын кезінде 4 учаскедегі үйіміз суға кеткенде біз де күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылдық. Балаларым да басқа қалада тұратын еді. Сөйтіп әйелім екеумізді «Теңіз» қалашығындағы жатақханаға орналастырды. «Енді не болар екен» деген уайыммен Үкіметтен хабар күтіп отырдық. Суға белшеден батқан ескі баспанамызды келіп тексерді, бағалады. Оған 17 млн теңгедей қаржы шығарып берді. Сөйтіп менің алдымда екі түрлі ұсыныс болды. Бірі сол бағалаушылар шығарған ақшаны алу, екіншісі – «Болашақ» ықшамауданында салынатын үйлердің бірін таңдау. Осылайша «Не істесем екен?» деп ойланып отырғанымда балаларым бар, ағайын-тума, достарым бар, барлығы қаржыны алуға кеңес берді. Тіпті бауырларым ұрсып: «Жаңадан тұрғызылатын үйлердің қашан бітетінін, қалай салынатынын білмейсің ғой. Одан да ақшасын алып, пәтер сатып ал» деді. Ал мен қолымдағы 17 млн-ға қандай баспана сатып алмақшымын? Құлсарыдағы үйлердің бағасы болса күрт өсіп, сатушылар айды аспанға бір-ақ шығарды. Әйтеуір, жүрегімнің қалауы «Болашақтан» жаңа үй алу болды. Ешкімді тыңдамай, өз шешіміме сеніп, шыдамдылықпен күттім. Міне, қазір үйімнің кілті қолымда,-дейді мәз болып.
Аманғали ағаның суға кеткен үйіне 22 жыл болған. Өзі саман тастан тұрғызылған шағын баспана ескіріп те қалған еді. Енді, міне, сапалы салынған су жаңа пәтерінің іші самаладай жарқырайды. Өзі осы үйлердің құрылысы басталып, аяқталғанға дейін «Болашаққа» күнделікті барып, қарап жүрген-ді.
–Өз көзіммен көріп жүрдім барлық құрылысын жұмыстарының қарқынын. Бастап құйылған іргетасының өзі ұнады. Биік, сапалы көрінді. Әйтеуір, сол жерде жүргендер ештеңе деместен, болашақ үйіміздің қалай салынғанын бақылауға мүмкіндік берді. Қанша дегенмен, іштей уайымдайсың. Айналаңда айтылып жатқан қауесеттің өзі көңілге күдік ұялататыны рас. Сондай кезде жылдам әрі сапалы салынып жатқан құрылысты бір қарап кетемін де, өзімді тыныштандырамын. «Болашақтан» баспаналы болғаным – дұрыс шешім болды ғой. Өйткені, мен үй саламын, үй іздеймін деп уайымға салынған жоқпын. Үкіметке сендім. Сенімім ақталды,-дейді.
Аманғали ағаның жұбайы отағасынан бетер риза. Денсаулығы сыр беріп тұратын апамыз «Болашақтың» тың жердегі таза ауасымен тыныстап, демалып, әрі ем алып, өз жеке шаңырағына келгеніне балаша қуанып жүр. Ол тыныш әрі жап-жаңа көшелердің көңілге қуат беретінін айтады.
–Жеріміз де кең ғой. Тасжол түгел жүргізілген. Үйімізге дейін сол жолмен келеміз. 1 қазаннан бастап маршруттар қатынайды деп қуантып қойды. Жалпы, үйдің шатыры мен шарбағы да соңғы үлгідегі материалдан салынған. Үйдің ішіне де газ плитасы мен ас үй жиһазы қойылған. Су жүріп тұр, жарық бар. Енді, мына газымызды жүргізіп берсе, еш алаңсыз өмір сүре береміз. Басында маған ұрысқан айналамдағы жандардың бәрі қазір «Аманғали, өте дұрыс жасаған екенсің» деп мақтап жатыр,-дейді күліп.
Үйді табыстау рәсімінде облыс әкімінің қолынан кілт алған Аманғали Төлегеновтың өзі де сондай қарапайым, жарқын жүзді жақсы жан. Жақсылыққа ғана сенетін жүрегінің түкпіріндегі сенім осылайша ақталды. Қиын сәтте халықты демеп, қолдау көрсеткен ел басшыларына алғысын айтып, ризашылығын білдіруде.
П.Қизатова