Құрылысшылардың кәсіби мерекесінде Құлсары қаласындағы «Болашақ» ықшамауданында ерекше сайыс түрі өтті. Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған тұрғын үйлердің құрылысын жүргізіп жатқан мердігер мекемелерде еңбек ететін сылақшылар мен тас қалаушылар өзара бәсекеге түсті. Олар тапсырма бойынша өздері салып жатқан нысанның өндірістік кестеден қалыс қалған бөлігінің құрылыс жұмыстарын сайыс кезінде аяқтауы керек болды. Әрине, мұндағы мақсат – құрылысшы мамандарды еңбекке ынталандырып қана қоймай, құрылыс жұмыстарының қарқынын күшейту.
Шараның ашылу салтанатында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Нұрберген Құсайынов сөз сөйлеп, сайыскерлерге сәттілік тіледі. Иә, қазір су тасқынынан зардап шеккен аймақтарда құрылысшының еңбегі ерекше сұранысқа ие. Кейде олар баспанасынан айырылған азаматтардың тезірек жаңа үйлеріне көшуі үшін тәулік бойы, бірнеше ауысыммен жұмыс істейді. Сондықтан бұған дейін де құрылыс басында бар күш-жігерін жұмысқа салып жүрген сылақшылар сайыс кезеңінде жоғары деңгейден көріне білді. Олар өздерінің төл мерекесі күні жеңуді емес, өндірістік кестеден қалып қойған объектіні тезірек қатарға қосу үшін тырысып бақты.
Нәтижесінде жалпы командалық есепте І орынды “Казкомсервис” ЖШС-нің құрылысшылары жеңіп алды. Ал ІІ орын “Орлан” ЖШС-нің жұмысшыларына бұйырса, “Армандастар” ЖШС мамандары ІІІ орынды місе тұтты. Ал тас қалаушылар арасында І орынды – “Құрылыс Әділет” ЖШС, ІІ орынды – “Армандастар” ЖШС, ал ІІІ орынды – “Бақтығали С” ЖШС жеңіп алды. Жеңімпаз мекемелерді басқарма басшысы Н.Құсайынов жеңістерімен құттықтап, марапаттады. Бұдан бөлек құрылысшылар гір тасын көтеру және арқантартыстан сынға түсті. Барлық қатысушы мен жеңімпазға Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ