Болашаққа бағыт-бағдар берген басты бағдарлама

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арналған Жолдауы Жылыой жұртшылығы арасында да кеңінен қолдау табуда. Онда айтылған міндеттерді кеңінен насихаттау мақсатында облыстық Қазақстан халық ассамблеясының ақсақалдар кеңесі мен аудан әкімдігі жанындағы ақсақалдар кеңесінің ұйымдастыруымен біріккен отырыс болып өтті.

Кардиология орталығы ашылады

Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында болған басқосуға аудан ақсақалдарымен кездесу үшін облыстық Қазақстан халық ассамблеясы ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қалалық қоғамдық кеңесі мен облыстық соттың билер кеңесінің мүшесі Кеңес Қосыбаев Құлсарыға арнайы келді. Кездесуді жүргізген аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нұрдәулет Ақназаров Президент Жолдауында айтылған негізгі бағыттарға жеке-жеке тоқталып, мемлекетті нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, ел экономикасын дамыту, отандық бизнесті қолдау, халықты әлеуметтік қорғау мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.

Алғашқы сөз кезегін алған аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова Жолдауға байланысты аудандағы білім, денсаулық және мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.

-Мемлекет басшысы халыққа арнаған әр Жолдауында елдегі білім сапасына ерекше назар аударып келеді. Бұл саланың ұлт сапасын жақсарту ісінде аса маңызды рөл атқаратынын айтқан Қ.Тоқаев алдағы атқарылар жұмыстарды жіпке тізгендей етіп түсіндіріп берген болатын. Бұл бағыт бойынша ауданда көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Қазіргі таңда ауданда 24 мектеп бар, онда 18 мыңнан астам оқушы білім алуда. Жаңадан бой көтерген “Болашақ” ықшамауданынан 2000 орындық “BINOM” мектебінің құрылысы салынғалы отыр. Сондай-ақ қаладағы “Береке” ықшамауданынан жаңа білім ордасы бой көтеріп, жақын арада пайдалануға беріледі. Дарынды балаларға арналған лицей ғимаратының құрылысын салу күн тәртібіндегі мәселенің бірі. Жалпы былтыр білім деңгейі айтарлықтай өсті. ҰБТ тапсырған түлектердің де ұпай нәтижесі жақсарды. Біраз бала мемлекеттік грантты ұтып, жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Педагогтардың мәртебесін көтеру, олардың біліктілігін арттыру бағытында да жұмыстар жоспарлы түрде жүйелі жүргізілуде,-деді ол.

Ақсақалдар алдында сөз сөйлеген аудандық орталық аурухананың директоры Асулан Абдрахманов Жолдаудан туындаған аудан медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен оңды өзгерістерге тоқталды. Жаңадан салынып, пайдалануға берілген аудандық орталық аурухана ақ халатты жандар үшін біраз мүмкіндіктерге жол ашты. Ондағы заманауи соңғы үлгідегі жасақталған құрылғыларды пайдалану арқылы аудан дәрігерлері бұрын-соңды болмаған оталар жасап, емдеу орнына түскен науқастарға барлық жағдайды жасап келеді. Кесір тілігінсіз-ақ іске асқан алғашқы лазерлік және күйік шалған адамға жасалынған тері ауыстыру операциялары - соның айғағы. -Алдағы уақытта кардиология орталығын ашқымыз келіп отыр. Өйткені ауданда жүрегі ауыратын жандар көбейген. Олар Атырау қаласындағы бір ғана жүрек орталығына барып, ота жасатуы үшін ұзақ уақыт кезекке тұруына тура келеді. Бұл, әрине, бейжай қарауға болмайтын кезек күттірмейтін мәселе. Сондықтан біз аудан тұрғындарына өзіміз-ақ медициналық қызмет көрсетіп, жүрекке ота жасау процесін өз қолымызбен атқара беруді қолға алмақшымыз,-деді ол.
Бас дәрігер ауданда дәрігер маманның жетіспеушілігі – бүгінгі күн тәртібінен түспейтін мәселе болып отырғанын жасырмады. Десек те, былтырғы жылмен салыстырғанда кадр мәселесі біраз шешімін тапқан. Үлкен қалалардан білікті мамандар тартылып, барлығы қызметтік пәтермен қамтылған.

2025 – жұмысшы мамандықтар жылы

Аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Т.Байсырымов атындағы гуманитарлық-техникалық колледждің директоры Мадина Әбдіғалиева да Жолдаудың өзектілігіне тоқталып, өз ой-пікірімен бөлісті.
-2025 жыл - жұмысшы мамандықтары жылы болады деді Президент. - Бұл техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет деген сөз. Сол арқылы қоғамдағы еңбекқор мамандардың мәртебесін көтеріп, олардың санын арттыруды көздеп отыр. Әрине, Президентіміздің бұл сөзі студенттерге кәсіби білім беретін біздегі колледж ұстаздары үшін де рухани бағыт-бағдар болды.
Жолдауда: «Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам» деп атап көрсетті.

Расында да жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмысшы мамандығына даярлау, қайта оқыту және біліктілігін көтеру – мемлекетіміздің білім беру саясатының негізгі бағытының бірі. Ел экономикасының қуаты - кәсіптік білім беру жүйесінің өндіріс орындарын білікті жұмысшылармен жеткілікті қамтамасыз етуіне тікелей тәуелді. Маман даярлау жалпы білім беру базасы негізінде кәсіптік колледждерде жүзеге асырылады. Адал еңбекпен адал табысқа жететін жұмысшы мамандар қашан да қоғамда көпке үлгі болмақ,-деді.

Кездесу соңында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Қосыбаев өз сөзін еліміз үшін аса маңызды саяси оқиға – «2024 жылғы 6 қазанда республикалық референдум өткізу туралы» Президент Жарлығына сәйкес атқарылатын жұмыстар жайына кеңірек тоқталды.

–Атом электр станциясын салу – еліміздің болашағына аса қажет нәрсе. АЭС салмайынша ел гүлденбейді. Қазір республикамызда халықтың саны өсіп келе жатыр. Сәйкесінше, ел экономикасы да өсіп-өркендеуі керек. Елімізде үлкен-үлкен зауыттар, фабрикалар салынуы тиіс. Ал оған біздің электр қуатымыз жете ме?! Біз электр энергиясын Ресей секілді көрші елден сатып алып отырмыз. Егер ол бір күні тоқтаса, біздің ірі өндіріс орындары да өз жұмысын тоқтатады деген сөз. Ал әлемдегі дамыған өркениетті елдердің әрқайсысында бірнеше АЭС-тен бар. Біз солардың қатарына қосылғымыз келсе, өзімізді өзіміз қуатты электр энергиясымен қамтамасыз ете алатын тәуелсіз мемлекет болуымыз керек. Сондықтан бұған бейжай қарамай, оны келешектің жемісі деп білгеніміз жөн.
Әрине, АЭС құрылысын жүргізуді біздің елімізде бірнеше шетелдік мемлекет ниет артып отыр. Бірақ нақты қай инвестор іске асыратыны әзір белгісіз. Қазір бәріміз де үп етсе үйімізде жарықтың өшіп қалатынын жақсы білеміз. Мен Жамбыл, Қызылорда секілді облыстарда болдым. Ол жерлерде де жарық мәселесікүн тәртібінен түспей келеді. Сіздердің де трансформатор, стабилизатор арқылы жарық алып отырғаныңыз белгілі. Мұның барлығы неден туындап отыр? Әрине, энергия тапшылығынан, технологияның жетілмегенінен. Егер өзіміздің АЭС-іміз болса, міне, осындай мәселеден бастап, ауқымды проблемалар да өздігінен толық шешімін табар еді. Ғылыми жетістікке жол ашылып, озық технология да өздігінен келеді.

Бүгінде облыс әкімінің бастамасымен осы АЭС-ке байланысты арнайы штаб құрылды. Онда 16 топ үгіт-насихат, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сол штабқа Астанадан Ядролық физика мамандарын арнайы шақыртып, кәсіби тұрғыдағы пікірлерін тыңдадық. Жалпы бұл салаға байланысты кадрлар да дайындалып жатыр. Қазірдің өзінде 1642 маман бар. АЭС-ты салуға 10 жылдай уақыт кетеді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бұл шешімді халықтың еншісіне беріп отырғаны да бекер емес. Сондықтан 6 қазанда өтетін референдумға аудан тұрғындары түгел қатысып, өз таңдауын жасайды деп сенемін,-деді кеңес төрағасы.

Кездесуді қорытындылаған Н.Ақназаров жиналғандарды Жолдаудың қазіргі таңдағы көптеген маңызды мәселелерді шешуде бағыт-бағдар беретін басты бағдарлама екенін тағы бір мәрте еске салып, оны іске асыру жолында белсенділік танытуға шақырды.

П.ҚИЗАТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521