Аудан әкімінің орынбасары Е.Нұрлановтың қатысуымен аудандық мәслихаттың кезектен тыс XXXVI сессиясы болып өтті.
Оған қала, кент және ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары мен ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы З.Қалмұханова сессия басында аудандық мәслихаттың шығып қалған депутаттарының орнына өткізілген сайлау қорытындысы туралы хабарлама жасады. Одан соң, төраға аудандық мәслихаттың шығып қалған депутаттарының орнына №12 сайлау округі және №3 сайлау округі бойынша сайланған депутаттар – Асулан Әбдірахманов пен Нұрлан Нәдіровке депутаттық мандат пен төсбелгіні табыстады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ж.Дүсіпова «2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» аудандық мәслихаттың 2024 жылғы 20 желтоқсандағы №25-1 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» баяндама жасады.
- Қазақстан Республикасының Бюджеттік Кодексінің 96 бабына сәйкес 2025-2027 жылдарға арналған аудан бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты аудандық мәслихаттың шешім жобасы сіздердің назарларыңызға ұсынылып отыр. Қазіргі таңда аудан бюджетін 262 млрд. 143 млн. теңгеден 261 млрд. 167.6 млн теңгеге нақтылау көзделуде. Атап айтқанда, 900,8 млн теңгеге шегеру көзделіп отыр,-дейді баяндамашы Жанар Амангелдіқызы. Ол өз баяндамасында сан сала жұмыстарын жүзеге асыруға бөлінген бастапқы қаражаттан шегерілетін қаржы сомаларын анықтап атап өтті.
Сессиядағы екінші мәселе бойынша аудан әкімі аппаратының жалпы бөлімінің басшысы Б.Сапарбековтің «Жылыой аудандық мәслихатының 2024 жылғы 27 тамыздағы №22-2 «Жылыой ауданы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы» шешіміне толықтыру енгізу туралы баяндамасы тыңдалды.
Депутаттар сессия отырысында қалаішілік автомобиль жолдарының уақытылы аяқталуы, балалар ойын алаңдарының салынуы, құрылыс жұмыстарының сапасы және бөлінген қаражаттың тиімді игерілуі жөнінде сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды.
Күн тәртібіне қойылған мәселелер алдын ала аудандық мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында талқыланды.
Ш.Хамитова


