Бөлім ашылмай, табиғаттың да бағы ашылмайды

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының экс-депутаты Сәрсенбай Еңсегенов бұрын іссапармен ауданға жиі келетін еді. Сондай сәттің бірінде сенатор өндірісі өркендеген өңірде қоршаған ортаны қорғау бөлімінің әлдеқашан жабылып қалғанын естіп, таң-тамаша қалғаны бар. Аймақтағы ең ірі мұнайлы мекеннің эколог мамансыз қалғанына қайран қалған халық қалаулысы мәселені министрлік алдында көтерді. Кейін өзі де сол экология министрлігінде қызмет атқарды. Бөлімді қайта ашу үшін жұмыстар жасалды, бірақ кейін департаменттен өкіл ғана бөлінетін болды. Бір сөзбен айтқанда арты аяқсыз қалды.

Жақында Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Есенов ауданға іссапармен келді. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, облыстағы бас эколог өңірге Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің тапсырмасымен табан тіреген. Ол, алдымен, Құлсары қаласы маңындағы белгіленбеген жерлерге төгілген қоқыс қалдықтарының тазалану жұмыстарын бақылады. Тек онымен шектеліп қана қойған жоқ, аудан аумағындағы ең негізгі өткір экологиялық мәселелерге де назар аударды. Соның бірі – көп жылдан бері қара алтын қалдықтарымен бүлініп жатқан жер учаскесінде де болды.

Бұл жерді «СатТрансСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мұнай шламымен ластаған болып шықты. Аталған өнеркәсіптік қалдықтар осы мекеме меншігіндегі жер телімінде өз қызметін жүзеге асыру барысында түзілген екен. Бірақ ресми емес мәліметке қарағанда, аталған мекеме банкроттың батпағына батып, бұл учаскені тазалауға қауқарсыз болып шыққан. Сондықтан ластанған жерді көзбен көрген департамент басшысының міндетін атқарушы Ерлан Есенов Құлсары қаласының әкімі Қадыржан Адиновтың, “Жылыой тазалық” ЖШС басшысы Бауыржан Абдрахмановтың және өзге де әкімдіктің жауапты мамандарының қатысуымен жиын өткізді. Онда «СатТрансСервис» ЖШС-іне тиесілі мұнай қалдықтарымен бүлінген жерді тазалау және «Қазақстан Ғарыш сапары ҰҚ» АҚ арқылы анықталған рұқсат етілмеген жабайы қоқыс орындарын тазалау мәселелері көтерілді. Соңында мәселе қызу талқыланып, нақты ұсыныстар берілді. Әрине, аймақтың бас экологінің облыс орталығынан ат терлетіп келіп, аудандағы қоршаған ортаға жанашырлық танытуы – құптарлық іс.

Әлдекімдер оны жоғарғы басшылықтың тапсырмасын орындау үшін жетті дер. Бірақ қалай болғанда да, облыстық деңгейдегі басшының үлкен басын кішірейтіп келуі біраз мәселенің шешімін табуға қозғау салды. Сөз басында көтерген өндірісті ауданның өз алдына эколог мамандарының жоқтығы да Ерлан Есеновтың ауданға арнайы ат басын бұруына мәжбүр етті. Егер бұрынғыдай Жылыойда аудандық қоршаған ортаны қорғау бөлімі жұмыс жасап тұрса, онда шынымен де департамент басшысы мәселенің түйінін тарқатуды сол бөлім басшысына жүктеп қойып, өзі Атырау қаласында отырып-ақ, оны қатаң қадағалауға алар ма еді, кім білген?!

Оның үстіне, «СатТрансСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді мекемелердің Жылыой топырағын мұнай мен басқа да өндірістік қалдықтарымен ластап, кейін бой тасалап, жауапкершіліктен құтылып кетуі, Құлсары қаласының аумағында жабайы қоқыс «полигондарының» пайда болуы бақылауды жүзеге асыратын өңірдің өз бөлімінің жоқтығынан болса керек. Расында да, бұл салада арнайы жергілікті құзырлы орган жүйелі түрде жұмыс жасамай, бұл күрмеуі қиын мәселенің шешілмейтіні анық. Өйткені бөлімнің ауданда біраз салмағы болған.

Айталық, осы салада 2010 – 2013 жылдар аралығында басшылық қызметте жүрген Сайлаубай Таласовтың айтуынша, сол кезде бөлімде Асыл Мұхтарова есімді бір инспектор жұмыс жасады. Соның өзінде жоғарғы жақтың тапсырмасына сәйкес, аудан экологтары жылына 100 шақты мекеме-кәсіпорынды тексерістен өткізеді екен. Сайлаубай Қаржаубайұлы басқа қызметке ауысып кеткеннен кейін бұрынғы бөлімнің орнындағы инспектор Атырау қаласынан қатынап келіп, бір жылға тарта жұмыс жасаған да, ақыры оңтайландырудың құрығына іліккен.

Демек, аудандық қоршаған ортаны қорғау бөлімінің жабылып қалғанына он жылға тарта уақыт өткен. Осы он жыл ішінде өңірдің табиғат пайдаланушы мекеме-кәсіпорындары «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ» болып жүргені жасырын емес. Әйтпесе, жоғарыдағы былықтар орын алмай, жұрттың бүлдіргенін артынан жергілікті билік тазалап жүрмес те еді. Ендеше, ауданның атқарушы органдары қоршаған ортаны қорғау саласынан да құзырлы органның қайта ашылуына күш салса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT