.
Алдағы шілде айының 13-і күні аудан орталығынан шалғай орналасқан Қара Арна ауылдық округінің орталығы Шоқпартоғай ауылында әкім сайлауы өтеді. Аудандық аумақтық сайлау комиссиясының берген мәліметіне қарағанда, ауыл басшылығына үміткер ретінде бүгінде 3 адам тіркеліп тұр. Жаңа әкімнің анықталар уақытына әлі 1 айға жетер-жетпес уақыт болса да, ұсыныс білдірген үміткерлердің құжаттары тексеріліп бастады. Бұл ретте кандидаттарды қабылдау 5 маусымда басталып, 17 маусым күні кешкі сағат 18:00-де аяқталғанын еске саламыз.
Бетбұрыстар белесі
Жалпы тарихқа сәл шегініс жасасақ, ауыл әкімдерін тікелей халықтың сайлауы осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2021 жылдың 25 шілдесінде басталған болатын. Бұл бастаманы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында ұсынған еді. Сол кезде Мемлекет басшысы атап өткендей, дауыс беру науқаны саяси жаңғырудың жаңа кезеңін білдіреді, сондай-ақ жүргізіліп жатқан реформалардың дәйектілігін және тиімділігін көрсетеді деп жазды. Бұған дейін, яғни 25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау туралы Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатқа қол қойған-ды.
Шын мәнінде, Қазақстандағы ауыл әкімдерін сайлау жүйесі осыдан тура он екі жыл бұрын, яғни, 2013 жылы енгізіле бастады. Бұл еліміздегі жергілікті басқаруды демократияландыру жолындағы алғашқы нақты қадамның бірі болды. Сол жылы, 24 сәуірде Қазақстан Республикасы Президентінің №555 Жарлығымен бекітілген қағидаға сәйкес, аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округтер, сонымен қатар округ құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлау тәртібі заңмен бекітілді.
Көп ұзамай тамыз айының 6-сы күні бұл үрдіс өзіміздің ауданда алғаш рет жүзеге асты. Құлсары қаласы, Жаңа Қаратон кенті және бірқатар ауылдық округтер өз әкімдерін алғаш рет таңдады. Бірақ турасын айтқанда, сол кезеңдегі сайлау бүгінгі тікелей дауыс беру жүйесінен өзгеше жүргізілді. Ол кезде әкімдерді қарапайым халық емес, жергілікті өкілдік орган, яғни жергілікті мәслихат депутаттары сайлайтын. Бұл тәсілдің ашықтығына күмәнмен қараған жұртшылық та аз болмады. Себебі сайлауға қатысқан 13 аудандық мәслихат депутатының 11-і ғана дауыс беруге қатысты. Олар өз сайлау округтеріндегі тұрғындардың атынан шешім қабылдап, таңдау жасады. Рас, алғашқы сайлау науқаны аясында округтерден 27 үміткер ұсынылды. Олардың арасында бұған дейін де әкім ретінде қызмет атқарған азаматтар да болды. Мәселен, Құлсары қаласы бойынша депутаттардың 10-ы сол кездегі Шәкір Кейкіннің кандидатурасын қолдап дауыс берсе, 1-еуі Серік Садуақасовты таңдады. Ал Қара Арна округінен түскен Ерлан Нұрған екі дауысқа ие болса, осыған дейін әкім қызметінде болған Ерболат Елеусіновті тоғыз депутат қолдады. Ал басқа округтер бойынша үміткерлер Н.Сауытов, А.Ідірісов, Р.Молдабаева, Б.Қариев және М.Бектембаевтарды халық қалаулылары бірауыздан дауыс беріп, жақтап шықты.
Кейінірек, 2017 жылдың 24 тамызында еліміздің 14 облысында аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдық округтерде әкімдер қайта сайланды. Республикалық сайлау комиссиясының деректеріне сүйенсек, бұл жолғы саяси науқанда 4059 үміткер ұсынылып, олардың 3951-і тіркеуден өтті. Сайлау нәтижесінде 1416 әкім жеңіске жетті. Осылайша, ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі жылдан жылға дамып, бүгінде халықтың тікелей таңдауына негізделген ашық әрі әділ саяси үдеріске айналды. Он екі жыл ішінде бұл институт жергілікті басқарудағы демократиялық мәдениеттің қалыптасуына ықпал етті десек те болады.
Ауыл әкімдерін тікелей халықтың сайлауы осыдан төрт жыл бұрын өткенін жоғарыда атап өттік. Сол сындарлы сәтте ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерін сайлау мәселелері жөніндегі өткізген кеңесінде былай деген еді: «Әкімдер – биліктің әрбір елді мекендегі тікелей өкілі. Жұрт олардың қызметіне қарап бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін бағалайды. Сондықтан тиімді мемлекет және әділетті қоғам талаптарына сай болу үшін сайлауды дұрыс ұйымдастыру өте маңызды. Қазақстан халқының 40%-дан астамы ауылда тұрады, бұл саяси шара, ең алдымен, сол ауыл тұрғындарының мүддесі үшін жасалып жатқанын білуіміз қажет. Сондықтан сайлау біз жүзеге асырып жатқан саяси реформаларға тың серпін береді деп сенемін. Сондай-ақ тұрғындарды ел басқару және шешім қабылдау үдерісіне тартуға жол ашады». Мемлекет басшысы өз сөзінде 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерінің тікелей сайланатынын жеткізген еді.
Иә, бұл оқиға елімізге жаңа серпіліс алып келді десек артық айтқандық емес. Себебі сайлаудың жаңа ережесінің стратегиялық мәні айрықша еді. Оны жасырмаған ел Президенті де сайлау жөнінде өз пікірін білдіріп, қазақстандықтардың алғаш рет атқарушы билік басшысын тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болғанын қуанышпен хабарлады. Әрине, бұл жүйеге еліміз біртіндеп, жоспарлы түрде жеткені рас. Оны Қасым-Жомарт Кемелұлы да өз сөзінде айрықша атап өтті:
-Жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігі жоғары болуға тиіс. Мемлекет жаңашыл бастама көтеріп, қандай да бір ауқымды жобаны қолға алады. Бірақ түпкі нәтиже жұмыстың жергілікті жерлерде орындалу сапасына байланысты болады. Ауыл әкімдерін сайлау «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру жолындағы маңызды қадам.
Сайланған әкім – халқына жақын
2021-2024 жылдар аралығында елімізде 2,5 мыңға жуық әкім сайланды. Бұл – барша ауыл әкімдерінің 90%-ға жуығы деген сөз. Қалғаны әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталған кезде өз ретімен сайлана береді. Жаңа әкімдердің 60%-ы бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс жасамаған екен. Олардың арасында әртүрлі кәсіп иелері, түрлі партия өкілдері де бар. Ал орташа жасы – 46 жас. Бір сөзбен айтқанда, осыдан 4 жыл бұрын халық өзі таңдаған әкімдердің құрамы едәуір жаңғырды. Бұл саяси жаңғырудан Жылыой жұртшылығы да шет қалмады. Алдағы шілденің 13-і күні өтетін Қара Арна ауылдық округі әкіміне үміткерлер қатарына жаңа есімдердің енгізілуі – соның айғағы.
Расында да өңір тұрғындары өз ауылдары мен қалаларының әкімдерін тікелей дауыс беру арқылы таңдап, ел басқару ісіне белсенді қатысып келеді. Соның нәтижесінде соңғы жылдары ауданда бірқатар ауылдық округ пен кенттердің әкімдері халықтың тікелей қатысуымен сайланды. Мәселен, Ақкиізтоғай мен Майкөмген ауылдық округтерінің қазіргі әкімдері Марат Қабиденов пен Нұржарық Сауытов бұған дейін де әкімдікте қызмет атқарып келген тәжірибелі мамандар ретінде өткен сайлауларда халық сеніміне ие болды. Олар ауыл тұрғындарының тікелей дауыс беруімен сайланып, өз міндеттеріне кірісті. Ал өткен жылы Жем ауылдық округінің әкімі болып сайланған Нұртас Қуатбаев - ауданның ауыл шаруашылығын басқарған, осы саланы жақсы білетін тәжірибелі мықты маман. Бұл әкімдердің барлығы да Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар негізінде, яғни ашықтық пен әділдік қағидаттары сақталған сайлау арқылы билікке келген азаматтар. Бүгінде олар шалғайдағы ауылдардың дамуына бағытталған нақты жоспармен жұмыс жүргізіп, жергілікті халықпен тығыз байланыс орнатқан. Халықтың тікелей таңдауы арқылы келген әкімдердің жұмысы – ел сенімінің салмағы мен жауапкершілігін терең сезінуге негіз болмақ. Бір сөзбен айтқанда, сайланған әкімнің өз халқына жақын болатынын өмір тәжірибесінің өзі көрсетті. Шоқпартоғай ауылында өтетін ауыл әкімінің сайлауы да сондай оңды нәтиже берер деген сенімдеміз.
Бұл ретте Қара Арна ауылдық округінің жаңа әкімін сайлау негізінде үгіт-насихат жұмыстары маусымның 22-сінен бастап 12 шілдеге дейін өтетінін еске саламыз. Бұл жөнінде аудандық аумақтық сайлау комиссия төрағасы Зәуреш Қалмұханова хабарлады:
-Кандидаттарды қабылдау аяқталды. Бізге 3 адамнан өтініш келіп түсті. Ал №107 сайлау учаскесі Қара Арна ауылдық округі, Шоқпартоғай ауылы, Т.Дешенов көшесі, №378 ғимарат, яғни №3 орта мектепте орналасқан. Ауыл әкімін сайлау осы жерде өтеді. Тұрғындар осы мектеп үйіне барып, өз әкімдеріне дауыс бере алады,-деді.
Иә, Қара Арна ауылдық округіндегі алдағы сайлау да жоғарыда айтқан саяси жаңғырудың заңды жалғасы іспеттес. Әрбір дауыс — ауылдың ертеңгі тағдырын шешетін, елдің ертеңіне оң әсер ететін шешуші күш деп сенеміз. Сондықтан да сайлау күні, яғни, шілденің 13-і ауыл тұрғындары белсенділік танытып, өз таңдауын жасауы қажет. Бұл тек әкімді сайлау ғана емес, ауыл дамуына жаңаша серпін беретін, жастарға бағыт-бағдар сілтейтін тарихта қалар сындарлы сәт деп үміттенеміз.
Жаңғыру жаңаша сипат алды
Дегенмен, елдегі саяси жаңғыртулар тек қана ауыл әкімдерін сайлаумен шектеліп қалмайды. Биылғы 2025 жылдан бастап елімізде аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін тікелей сайлау жүйесі іске қосылады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл өзгерісті елдің саяси жүйесін трансформациялаудағы маңызды қадам деп атады. Жаңа механизм басқару процесінің ашықтығын, сайланған шенеуніктердің халық алдындағы жауапкершілігін және азаматтардың мемлекеттік басқару ісіне белсенді түрде қатысуын арттыруға бағытталған.
Бұл ретте «Сайлау жүйесіндегі оң өзгеріс қандай болмақ?» деген заңды сауал туындайды. Өзгерістерге сәйкес, әкімдер тек тікелей халықтың таңдауы арқылы сайланады. Яғни, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына сәйкес, әкім төрт жылдық мерзімге сайланады. Оған тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте тұратын, 18 жасқа толған Қазақстан азаматтары сайлауда дауыс бере алады. 25 жасқа толған кез келген Қазақстан азаматы үміткер ретінде тіркелуге құқылы.
Әрине, мұнда әкімдердің өкілеттігі тоқтатылатын жағдайлар да қарастырылған. Сайланған әкімнің өкілеттігі төмендегідей жағдайда тоқтайтыны көрсетілген. Мәселен, мерзімінен бұрын әкім қайтыс болса немесе сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе хабар-ошарсыз кеткен деп танылса, саяси партияға мүшелігін тоқтатып, жоғары тұрған әкім немесе мәслихат депутаттары тарапынан сенімсіздік вотумы жарияланса, әкім жұмысын доғарады. Ал зейнет жасына толу әкімнің өкілеттігін тоқтатуға негіз бола алмайды.
Мемлекет басшысы бұл сайлаудың маңыздылығы мен реформаның негізгі мақсаттарына да тоқталып өтті. Президент Қ.Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елді саяси жаңғыртудың маңыздылығын атап өткен еді. Онда әкімдерді тікелей халықтың сайлауы демократияландыру бағытын жалғастыруға арналған маңызды қадам екенін айтты. Бұл орайда сайлау жүйесіндегі реформаның негізгі мақсаттарына да тоқталды:
Алғашқысы - ашықтық пен есептілік. Тікелей сайлау арқылы әкім болған азаматтар өзінен жоғары тұрған басшыларға жалтақтауды қояды, халыққа есеп беретін әкімдер институты қалыптасады. Екіншіден - халық сенімін арттыру. Азаматтар жергілікті басшылықты таңдауға тікелей қатысуға мүмкіндік алады. Сол арқылы жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі шын мәнінде жұмыс істейді. Үшіншісі - бәсекелестікті ынталандыру. Сайлау процесі кәсіби мамандар мен жас саясаткерлерді көбірек тартады.
Президент жаңа жүйенің келешек үшін маңызды екенін атап өтті. Тікелей сайлау жүйесін енгізу жергілікті басқару тәсілін түбегейлі өзгертіп, оны халықтың қажеттілігіне бейімделген тетік ретінде тиімдірек етуі мүмкін. Бұл реформа Қазақстандағы демократияны нығайту жолындағы маңызды кезеңнің бірі болып қалады. Әкімдерді тікелей сайлау – бұл тек осы саладағы ережелердің өзгеруі ғана емес, әрбір қазақстандықтың өз өңірінің болашағына әсер ету мүмкіндігі. Сондықтан әрбір отандасымыз бұл мүмкіндікті құр жібермей алдағы саяси науқандарға белсене араласқаны абзал.
Ербол БИСЕКЕНҰЛЫ,
Диана ІЗБАСАРҚЫЗЫ