«Біздегі мақсат – жұмыссыздықты жою»

Жаһандану дәуірінде, технология қарқынды дамып жатқан заманда электрондық базалар үнемі жаңартылып, жетілдіріліп отырады. Осындай кезеңде ауданның «Мансап» орталығы студенттер мен түлектерге, сондай-ақ жұмыссыз жүрген азаматтарға табысты мансапқа жол табуға көмектесетін маңызды ресурсқа айналды. Бұл жолы біз аудандағы орталық қызметтері, тұрғындар арасында сұранысқа ие мамандықтар, онлайн қызметтердің артықшылықтары және әлеуметтік осал топтарды қолдау бағытындағы жобалар мен атқарылған жұмыстар бойынша «Мансап» орталығының басшысы Ақылбек Едігеевпен сұхбат жүргіздік. 

– Алдымен, “Мансап” орталығының биылғы атқарған жұмыстарына жалпы тоқталып өтсеңіз. Қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер?

– “Мансап” орталығы бүгінгі заман талаптарына сай жұмыс істеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосып келе жатқан ұйымдардың бірі. Биыл орталық бірнеше маңызды жобаларды табысты жүзеге асырды. Әсіресе, халықты уақытша жұмыспен қамту, жас түлектерді қолдау, әлеуметтік осал топтарды кәсіпкерлікке бейімдеу бағытында атқарылған жұмыстар ерекше. “Ұлттық жоба” аясында 926 тұрғын уақытша жұмыс орындарымен қамтамасыз етілді. Бұл – халықтың еңбек нарығына бейімделуіне, уақытша болса да табыс табуына айтарлықтай мүмкіндік берді. 

– Жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы қалай? Биыл қанша адам нақты қолдау алды? 

– Биыл әр бағдарлама аясында айтарлықтай нәтижелер болды. Соның ішінде “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы бойынша жоғары және арнаулы оқу орындарын тәмамдаған 170 жас түлек алғашқы еңбек жолын бастауға мүмкіндік алды. Бұл – жастардың тәжірибе жинақтап, болашақ маман ретінде қалыптасуына жасалған үлкен қолдау.

Қоғамдық жұмысқа 569 адам тартылды. Бұл азаматтардың әлеуметтік жағдайын тұрақтандырып, еңбекке деген ынтасын арттырды. Ал, “Күміс жас” бағдарламасы аясында 110 зейнет жасына жақындаған азаматтың қоғам өміріне белсене араласуына жол ашылды. Олар өз тәжірибесін бөлісіп, әлі де қоғамға пайдасын тигізіп келеді. 

Сонымен қатар, “Алғашқы жұмыс орны” жобасымен еңбек өтілі жоқ 29 жас тұрақты жұмысқа жолданды. Бұл жастардың тұрақты табысқа ие болып, жаңа өмірге қадам басуына мүмкіндік берді. Одан бөлек, “Әлеуметтік жұмыс орны” бағдарламасы арқылы 44 азамат еңбекпен қамтылса, “Ұрпақтар келісімшарты” бойынша 4 тұрғын өз саласының білікті мамандарымен бірге жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауда. Жалпы алғанда, бұл бағдарламалардың барлығы халықтың әр санатын қамтып, олардың еңбекке араласуына, әлеуметтік жағдайын жақсартуға нақты ықпал етіп отыр. 

– Соңғы жылдары кәсіпкерлікке қолдау күшейгені байқалады. Осы бағытта орталық қандай жұмыстар атқарды? 

– Иә, кәсіпкерлік – экономиканың негізгі тірегі. Сондықтан әлеуметтік осал топтағы азаматтардың бизнес бастауына жағдай жасау – біздің негізгі басымдықтарымыздың бірі. Биыл жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыру үшін 400 АЕК (1 572 800 теңге) көлеміндегі мемлекеттік гранттар бөлу жоспарланған болатын.Маусым айында өткен бірінші лекке 62 үміткер, қыркүйек айында өткен екінші лекке 75 адам қатысты. Олардың ішінен комиссия шешімімен 50 азамат грант иегері атанды. Бұл жеңімпаздар өздерінің кішігірім, бірақ болашағы бар кәсібін бастауға мүмкіндік алды. Бұл – талапты, талпынысы зор азаматтардың жаңа деңгейге көтерілуіне жасалып отырған үлкен қолдау.

 – Кәсіптік оқыту бағыты да маңызды. Осы тұрғыдан қандай нәтижелерді атап өте аласыз?

 – Кәсіптік оқыту – жұмыспен қамтудың ең тиімді құралдарының бірі. Биыл маусым айында жасалған №3 келісімшарт негізінде “АЛМАЗ ЖК” ұйымы арқылы 20 жұмыссыз азамат тігінші мамандығы бойынша 2 айлық оқу курсына жіберілді. Олар тамыз айында оқуын сәтті аяқтап, арнайы сертификатқа ие болды. Ең қуаныштысы – курсқа қатысқан 20 азаматтың барлығы бірдей тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл – тек жаңа маман даярлау ғана емес, олардың жаңа өмірлік белеске аяқ басуына жасалған жарқын мүмкіндік. Өз ісін жақсы меңгерген азаматтар ертеңгі күні өз кәсіпорнын ашуға да қабілетті болады деп сенеміз.

 – Жалпы алғанда, осы атқарылған жұмыстардың негізгі маңызы неде деп ойлайсыз?

 – Атқарылған әрбір жұмыс – тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған. Жұмыссыз әр адамға лайықты қызмет табу – біздің басты мақсатымыз. Ал жұмыс берушілерге – қажетті маманды дер кезінде ұсыну маңызды. Сондықтан біздің қолға алған барлық бағдарлама, жоба, оқыту – әр азаматтың өз орнын табуы үшін жасалып жатқан еңбек.

– Қазіргі таңда жұмыссыз ретінде тіркеуде қанша адам тұр? Сол азаматтардың қаншасы жұмыспен қамтылды? 

– Ағымдағы жылдың он айындағы көрсеткіштерге жүгінсек, «Мансап» орталығына жүгінген азаматтардың санының артқаны байқалады. Бұл – тұрғындардың орталыққа деген сенімінің жоғары екенінің айқын дәлелі. Осы кезең ішінде 9304 азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелді. Біз үшін әрбір азаматтың орталықтан көмек сұрап келуі – үлкен жауапкершілік. Тіркелгендердің ішінен 2745 адам жұмыспен қамтылды. Оның 1819-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды. Ал 926 азамат уақытша жұмысқа жолданды. Бұл – олардың әлеуметтік жағдайын тұрақтандырып қана қоймай, еңбек нарығына қайта бейімделуіне көмектесетін маңызды қадам. Бұл көрсеткіштер – "Мансап" орталығының қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезініп, аймақ тұрғындарының жұмысқа орналасуына жан-жақты қолдау көрсетіп отырғанының айқын дәлелі. Орталықтың атқарған әрбір ісі – адам тағдырына оң ықпал етіп, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталған игілікті қадам. 

– Орталыққа қандай маман иелері көп жұмыс іздеп келеді?

– Қазіргі таңда орталыққа мамандығы немесе кәсіби біліктілігі жоқ азаматтар жиі жүгінеді. Бұл – еңбек нарығындағы өзекті мәселелердің бірі. Себебі белгілі бір салада нақты дағдысы жоқ тұрғындардың тұрақты жұмыс табуы қиындық туғызады. Сонымен бірге, ауданда құбыр монтаждаушы, жүк ілуші, қауіпсіздік инженері, электрик сияқты техникалық бағыттағы мамандықтарға сұраныс жоғары. Бұл мамандықтар бойынша жұмыс көп, алайда білікті кадрлар жеткіліксіз. Біз жұмыс іздеушілерді тек тіркеп қоюмен шектелмейміз. Әр азаматтың жағдайын зерттеп, мүмкіндігінше дұрыс бағыт-бағдар көрсетеміз. Қажет болған жағдайда кәсіби дайындық, қайта оқыту курстарына жолдаймыз. Осы арқылы олардың жаңа мамандық иеленуіне немесе қолындағы кәсібін жетілдіруіне мүмкіндік береміз. Негізгі мақсатымыз – жұмыссыз жүрген әрбір тұрғынның еңбек нарығына бейімделуіне, болашақта тұрақты жұмыс табуына жағдай жасау. Бұл – орталық жұмысының басты бағыты.

 – Еңбек нарығында сұранысқа ие негізгі мамандықтар туралы айтып берсеңіз?

– Соңғы уақытта орталыққа жүгінушілердің ішінде әйелдердің санының көбейгені анық байқалады. Бұл – бүгінгі заман талабына сай өзін дамытуға, жеке кәсібін жолға қоюға, ең бастысы, қаржылық тәуелсіздікке ұмтылған нәзік жандардың белсенділігінің артқанын көрсетеді. Әсіресе әйелдер қауымы қолөнер мен қызмет көрсету салаларына арналған қысқа мерзімді оқыту курстарына ерекше қызығушылық танытып жүр. Мұндай курстар жаңа дағдыны қысқа уақыт ішінде меңгеруге, сол арқылы тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді. Қазір еңбек нарығында массажист, визажист, тігінші, аспаз, маникюр және педикюр шебері, шаштараз сынды мамандықтарға сұраныс айтарлықтай артқан. Бұл бағыттар тек тұрақты жұмыс табуға мүмкіндік беріп қана қоймай, азаматтардың шағын бизнес ашуына да жол ашады. Сол себепті көптеген тұрғындар дәл осы салаларға оқуға ниет білдіруде. Ең қуаныштысы – оқуды аяқтаған көптеген азаматтар қолда бар білімдерін іске асырып, өз кәсібін ашып жатқаны. Олар «Бастау Бизнес» бағдарламасына қатысып, мемлекеттік қайтарымсыз гранттарға қол жеткізуде. Яғни, алған білім нақты нәтижеге айналып, тұрақты табыс көзіне айналуда. Бұл – бір жағынан «Мансап» орталығы көрсетіп отырған қолдаудың, екінші жағынан азаматтардың өз табандылығы мен талпынысының жемісі. 

– Өтінімді онлайн форматта беру қалай жүзеге асып жатыр? Бұл тұрғындар үшін қаншалықты қолайлы?

– Бүгінде субсидияланатын жұмыс орындарына өтінім беру процесі толықтай онлайн форматқа көшірілді. Бұл – «Мансап» орталығы мен enbek.kz электронды еңбек биржасының біріккен цифрлық платформасы арқылы іске асырылып отырған жаңашылдық. Азаматтар өтінімді ешқандай қағазбастылықсыз, кезек күтусіз, бар болғаны бірнеше минут ішінде онлайн режимде бере алады. Барлық процесс ЭЦҚ арқылы расталады, сондықтан оның ашықтығы мен заңдылығы толық қамтамасыз етіледі. Бұл жаңартылған жүйе тұрғындар үшін уақытты үнемдеп қана қоймай, бұрынғыдай құжат жинау, мекемеге барып-келу секілді бюрократиялық кедергілерді айтарлықтай азайтты. Яғни, қызмет көрсету әлдеқайда жеңілдеп, қолжетімді бола түсті. Осылайша цифрлық форматқа көшу – еңбек нарығына қатысушылар үшін де, орталық қызметкерлері үшін де тиімді шешім болып отыр. 

– Келушілерге тұрақты жұмыс тауып бере алмаған жағдайда не істейсіздер?

– Егер азаматқа тұрақты жұмыс табылмаса, біз оны жұмыспен қамтудың басқа да белсенді шараларына тартамыз. Бірінші кезекте әр азамат жұмыссыз ретінде тіркеліп, оның кәсіби біліктілігі мен еңбек өтіліне сәйкес жеке мансаптық даму жоспары жасалады. Содан кейін келушілерге 6 айға дейін қоғамдық жұмыстарға уақытша орналастыру, "Жастар тәжірибесі", "Алғашқы жұмыс орны", "Күміс жас" "Ұрпақтар келісімі" сияқты субсидияланатын бағдарламалар арқылы жұмысқа орналастыру, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту немесе қайта даярлау курстарына жіберіледі. Одан бөлек кәсіпкерлікке бейім азаматтарға мемлекеттік гранттар мен шағын несие алу жолдары түсіндіріліп, өтінім беруге көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, орталық мамандары әрбір келушіге жеке кеңес беріп, жұмыс берушілермен байланыс орнатады және түйіндемелерін базада тіркейді. Бұл шаралар азаматтардың еңбек нарығында белсенді болуына және болашақта тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. 

– Арнайы оқытылатын курстар туралы айтып берсеңіз. Оқу мерзімі қанша уақытты қамтиды және бүгінге қанша адам сертификат алды?

 – Қазіргі уақытта Skills онлайн оқыту платформасы арқылы қысқа мерзімді курстар қарқынды жүргізілуде. Биыл платформа арқылы 360 адам оқып, сертификат алды. Курстар 1-ден 72 сағатқа дейін жүргізіліп, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді. Оқуды аяқтағаннан кейін тестілеуден өту қажет (яғни 70%-дан жоғары балл), сертификат enbek.kz жүйесінде түйіндемеде көрсетіледі. Бұл жұмыс берушілерге азаматтың кәсіби дағдыларын бағалауға мүмкіндік береді.

– Ауданда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қаншалықты жиі өткізіледі? 

– Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі – жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығымен тікелей байланыстыратын ең тиімді құралдардың бірі. Бұл шаралар Еңбек мобильділігі орталығы бекіткен жоспарға сәйкес тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Сол себепті аудан көлемінде аталған жәрмеңкелер жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.

– Биылғы көрсеткіштер қандай болды?

– 2025 жылы Теңіз қалашығында және Құлсары қаласында барлығы 6 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған 94 мекеме қатысып, жұмыс іздеуші 858 азаматпен тікелей байланыс орнатты. Соның нәтижесінде 114 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бұл – біз үшін айтарлықтай оң көрсеткіш. 

– Алдағы уақытта қандай іс-шаралар жоспарланып отыр? 

– Ағымдағы жылдың соңына дейін тағы екі жәрмеңке өткізу жоспарлануда. Атап айтсақ, “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы аясында 18 қарашада жас мамандарға арналған жәрмеңке өтеді. Бұл шараның мақсаты – оқуын жаңа бітірген түлектерді жұмыс берушілермен таныстырып, алғашқы еңбек тәжірибесін алуға мүмкіндік жасау. Сонымен қатар, 21 қарашада “Пробация есебінде тұрған азаматтар” үшін арнайы бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Мұндағы көздегеніміз – әлеуметтік осал топтағы азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне жағдай жасап, олардың еңбекке араласуына қолдау көрсету. Жалпы, өткізілетін әрбір жәрмеңкенің маңызы орасан. Өйткені ол – тұрғындар үшін өзіне лайықты жұмыс табудың, ал жұмыс берушілер үшін кәсіби әрі ынталы кадрларды іріктеудің қолайлы алаңы. Еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты тиімді үйлестіру арқылы біз жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын нығайта түсуді көздейміз. 

– Әңгімеңізге рахмет, қызметіңізге табыс тілейміз! 

А.Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT