Өткен аптаның сәрсенбісі жылыойлықтар үшін сәтті қадаммен басталды. Ауданымызда «Blue Water» атауымен үлкен аквапарк ашылып, тұсаукесер рәсімі салтанатты түрде өтті.
Бұрын- соңды облыс көлемінде болмаған мұндай демалыс кешені қаламыздағы «Береке-1» ықшамауданында, Қамыскөл көлінің арғы жағынан бой көтерді. Бұл күнді көптен күткен тұрғындар да жаңа нысанға қарай ағылды. Жалпы аумағы 2 га жерді алып жатқан аквапаркті жылыойлық азаматтар ашып отыр. «Abai-Solutions» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тапсырысы бойынша салынған нысанның келбеті ерекше көз тартады. Аквапарк ішінде 3 бассейн бар. Оның бірі ересек адамдарға, екіншісі кішкентай балаларға арналған. Ал үшіншісі – сырғанақты бассейн. Судан шыққан соң күнге қыздырынып жатуға қойылған орындықтар да көп. Әрмен қарай таза ауада тамақтану үшін дәмхана орындары қызмет көрсетеді.Солардың бірі – қаз-қатар орналастырылған киіз үйлер. Демалыс кешенін ерекше етіп тұрған да осы қазақи интерьер екені сөзсіз.
Бүлдіршіндерге арналған батуттар мен әткеншектер, «сухой бассейн» де бар. Әр жерде орындықтар мен түрлі-түсті шамдарға оранған жасыл желектер орналастырылған. Жастар мен жасөспірімдерге жазғы уақытын тиімді пайдалану үшін стадион салыныпты. Енді онда доп теуіп, футбол ойнауға да болады. Ал субұрқақтар 3 д стилінде жасалынған. Соның қасында суретке түсем дегендерге «Kulsary» деген сөз жазылыпты. Сонымен қатар мұнда концерт қоюға арналған сахна мен би алаңы бар. Кешеннің ашылу рәсіміне аудан жұртшылығы қатысты. Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген қала әкімі Ш.Кейкін жаңа нысан 50 адамды жұмыспен қамтып, бір мезетте мыңға жуық адамға сапалы қызмет көрсететінін атап өтті. Қала тұрғындары мен қонақтарына демалыс орнын күтіп ұстап, оның мәдени-көпшілік орынға айналуына атсалысуға шақырды. Бұдан соң кешеннің символикалық кілтін Айбек Қорқытбаев пен Абдрахман Махатовқа тапсырды. Әжелер шашу шашып, ақ тілектерін арнап жатты. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән шырқады. Ал келушілер нысан ішін аралап, алған әсерлерімен бөлісті. Рита Самендирова, қала тұрғыны: -Аквапарктің ашылуын барлығы ерекше күтті. Әсіресе балалар қуанып жүр. Бұған дейін көпшілік суға түсіп, қыздырыну үшін Ақтау қаласына кететін. Енді, міне, өзімізден де ашылып, мәз болып жатырмыз. Бұл күні кешке эстрада жұлдыздарының қатысуымен үлкен концерт өтті. Онда елімізге танымал өнер адамдары – Абай Бегей, Ақылбек Жеменей, Бейбіт Кушкалиев, Асхат Тарғын, Нұржан Тәжікенов, Бейбіт Қорған өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ал «Базар жоқ» әзіл-сықақ театрының әртісі Қайрат Әділгерей түрлі әзілдерімен көпшілікті күлкіге кенелтті.
П.ҚИЗАТОВА,
Сурттерді түсірген: Ж.ШАҢҚАНОВА.