Біз – біргеміз!

Асқақ арман, айқын мақсат ұстанған редакция ұжымы бүгінгідей газеттен гаджет озған заманда да ойлы оқырмандарынан ажырамай келеді. Иә, өткен Ұлу жылы елімізге, соның ішінде Жылыой жұртшылығына аз ауыртпалық әкелген жоқ. Тосыннан келген табиғи апаттың зардабынан қаншама отбасы баспанасыз, дүние-мүліксіз қалды. Бәрінен де бұрын бір-бір үйдің арқа сүйер арыстай азаматтарының көз жұмғаны жанымызға қатты батты. Ұ.Әбдірахманов көшесінде орналасқан бұрынғы редакция ғимаратын да, бірқатар қызметкерлердің баспанасын да тасқын су басып, журналистер үлкен қиындықпен газет шығарды. «Көппен көрген ұлы той» дегендей, біз де келер күннен үмітімізді үзбедік. Басылымның журналистері, веб-редакторы эвакуациялық аймақта жүрсе де жұмыс жасап, редакция тапсырмасын орындап, газеттің сайты мен әлеуметтік желілеріне аудандағы ахуалдан ақпарат таратып отырды. Соның арқасында «Кең Жылой»-дың сайттағы, инстаграм мен фейсбук парақшасына жазылушылар саны артты. Аудан айнасының оқырмандар қатары да сиреген жоқ.

Өткен 2024 жылдың басында 3 мыңның үстіне көтерілген «Кең Жылой», екінші жартыжылдықта 2121 данамен басылып шықты. Құлсары халқы тасқын судан зардап шегіп, адам айтса нанғысыз ауыртпалықты бастан кешіп жатқанда осыншама таралымды ұстап қалу редакция қызметкерлеріне де оңайға соққан жоқ. Бұл ретте басылымға сол кезде демеушілік танытқан «Мұнайсервис ЛТД» компаниясының құрылтайшысы Мағауия Мерғалиевке, «Kazglobalsolution» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Жазира Ермековаға, «Мұқансервис» ЖШС директоры, аудандық мәслихат депутаты Аманбек Мұқановқа және басқа да азаматтарға алғысымыз шексіз. Соның ішінде өткен жылғы мамыр-маусым айындағы баспасөзге жазылу науқаны кезінде белсенділік танытқан редакцияның жарнама менеджері Айнагүл Ерғалиева бастаған Зулпия Мырзағалиева, Бақытгүл Досмағамбетова, Дидар Тәженова сынды қызметкерлердің еңбегін ерекше ескерген жөн. Осындай төгілген маңдай тердің күшімен «Кең Жылой» газеті биыл да өткен жылғы таралымды ұстап қалды. Бұл, әрине, тек қана редакция қызметкерлерінің ғана емес, байырғы басылымға қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсеткен ойлы оқырмандар мен ауданның жанашыр азаматтарының да арқасы.

Біз сондай жандардың қатарында «Теңізмұнайқұрылыс» компаниясының құрылтайшысы Ибрагим Ақдрашевтің есімін ерекше құрметпен атағанды жөн көрдік. Ол пошта арқылы 300 мүмкіндігі шектеулі жанның «Кең Жылой» газетіне бір жылға тегін жаздырып алуына мүмкіндік жасады. Осындай демеушілік танытқан мекемелер - «Олжа» АҚ, «Орлан», «Мұқансервис», «Казкомсервис», «Жасұлан и компания», «Агропромтехника», «Новус Болашақ», «Гате иншаат» секілді компания басшылары Ілияс Шеденовке, Нұрлан Қондыбаев, Аманбек Мұқанов, Қайыржан және Бағытжан Құлтекеновтерге, Тілепберген Ұлықпановқа, Болат Садақбаевқа, Марат Тұрақбаевқа, «ASKAR» бизнес орталығының директоры Асқар Шәкіровке, жеке кәсіпкерлер Сайлауғали Кенжеғалиевке, Күләш Мәшеноваға және басқа да абзал азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Сонымен қатар, аудандық газетті өз ұжымында жаздыруға ұйтқы болған мекеме басшылары да аз емес. Солардың сапында Құлсары мұнай құбырлары басқармасының бастығы Бағылан Доспаев, соның ішінде өндірістік қызмет көрсету базасының басшысы Жәрдем Мұхан, Құлсары желілік-өндірістік басқармасының басшысы Сырым Қараманов, «Жылыойгаз» ЖШС бас директорв Берік Иманқұлов, Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің директоры Марат Ибраев, Тұрғызба ауылындағы М.Әуезов атындағы №4 жалпы орта білім беретін мектеп директоры, аудандық мәслихат депутаты Сымбат Қабдырахманова, аудандық орталық аурухананың директоры Асулан Абдрахманов, Құлсары қаласындағы  21 жалпы орта білім беретін мектеп, Ақкиізтоғай ауылындағы «Ақбөбек» балабақша ұжымы және басқалар бар. Осындай басшы азаматтарға жаңа жылда дендеріне саулық, еңбектеріне толағай табыс тілейміз.

Иә, көкірек көзі ояу, ойлы оқырманы барда газет жасай бермек. Соның ішінде 90 жылдан астам тарихы бар төл басылым әрқашан да Жылыой жұртшылығымен бірге! Барша жерлестерімізді жаңа Жылан жылымен шын жүректен құттықтап, жаңа бақыт, жаңа табыс, жақсылық қана тілейміз!

Ербол ҚОШАҚАНОВ, газеттің бас редакторы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT