Биыл Жылыой ауданында 25 әлеуметтік нысан халық игілігіне берілді

Биыл Жылыой ауданында 25 әлеуметтік нысан халық игілігіне берілді
Фото: А.Әбілхасова

Жыл басынан бері Жылыой ауданында «Qoǵamdyq keńistikter» бағдарламасы аясында 28 жоба қолдау тауып, нәтижесінде 25 әлеуметтік нысан халық игілігіне берілсе, Боранқұл ауылында 4 жоба қаржыландырылып, нәтижесінде «Қарақұм» саябағы пайдалануға берілді. Айта кету керек аталған әлеуметтік нысандар «Орталық Азияның Еуразия қоры» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Теңізшевройл» компаниясының қаржылай қолдауымен салынды.

Биыл бағдарламаға Жылыой ауданына қарасты Құлсары қаласы және Жаңа Қаратон кенті, Шоқпартоғай, Тұрғызба, Қосшағыл мен Ақкиізтоғай ауылының тұрғындары да белсене қатысты. Ауыл тұрғындарының игі ісінің арқасында балаларға арналған ойын алаңы, воркаут, футбол алаңдары және саябақтар бой көтерді.

-«Qoǵamdyq keńistikter» жобасы аудан халқының әлеуетін көтеруге елеулі үлес қосып жүрген жобалардың бірі. Жоба аясында тек әлеуметтік нысандар бой көтеріп қана қоймай, тұрғындардың ауызбіршілігі де нығаюда. Сондай-ақ аудан халқы өз күштерімен салынған нысандардың қадірін біледі және оларды сындырып-бүлдіруге жол бермейді. Бұл да жобаның бір ерекшелігі десем де болады. Жоба ұйымдастырушыларына және жобаға қатысып жүрген ауданның белсенді тұрғындарына алғысымды білдіремін,-дейді Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов.

Биыл мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған Жаңа Қаратон кенті мектебінің түлектері жастарға үлгі боларлықтай іс тындырды. Олай дейтініміз, оларда «Qoǵamdyq keńistikter» жобасына қатысып, алғаш болып нысанның құрылысын аяқтап, пайдалануға берген болатын.

Ауданы 400 шаршы метрді құрайтын саябақтың ішінде білім ордасының шәкірттерін сипаттайтын архитектуралық мүсіндер, ауыл тұрғындарының таза ауада отырып демалуына арналған орындықтар, 30 дана алуан түрлі өсімдіктер мен көшеттер орналастырылып, жасыл желектерді суару мақсатында су құбыры тартылған.

-Жоба арқылы ауылдарда демалу орындары, жастарға арналған спорт және балаларға арналған ойын алаңдары көбейіп жатыр. Менің ойымша бұл жыл сайын қатысуға болатын жоба және өзімнен кейінгі бауырларыма да осы жобаға қатысуға кеңес беріп жүремін,- дейді жоба жетекшісі Сиық Ислямов.

Ал қараша айының аяғында ауданда қос бірдей саябақ ашылып, көпшілікті қуантты. Оның бірі Құлсары қаласының 7-ықшам ауданындағы «Ынтымақ» саябағы болса, екіншісі Тұрғызба ауылындағы «Жастар» саябағы болатын.

-Бұл жобаға биыл үшінші рет қатысып отырмын. 2021 жылы ауылдағы орталық көшелердің біріне аялдама және 2022 жылы ауылда әдемі кештер ұйымдастыруға арналған сахна салдық. Ал биыл ауыл тұрғындарының бос уақыттарын жақсы өткізуі үшін осындай «Жастар» саябағының құрылысын аяқтап, салтанатты түрде ашып отырмыз. Бұл саябақ ауыл жастарының сүйікті орнына айналатынына сенемін,- деді жоба қатысушысы Мұратбек Ағылов.

Саябақтардың іші жарықтандырылып, төсемтас төселген және орындықтар қойылған. Сонымен қатар «Жастар» саябағына түрлі жеміс талдары егіліп, абаттандырылған болса, «Ынтымақ» саябағына спортпен шұғылдануға арналған құрылғылар қойылған.

Сондай-ақ бұл күн Боранқұл ауылының да халқы қуанған күн болды. Өйткені жылдар бойы қараусыз қалған «Қарақұм» саябағын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, жұртшылыққа пайдалануға берілді. Саябақтың ішінде демалуға арналған орындықтардан бөлек, сахна және балаларға арналған жаздың күндері ролик, самокат және қыстың күндерінде коньки тебуге арналған мұз айдыны алаңы бар. Ауыл тұрғындары жобаға келесі жылы да қатысып, реконструкциялаудың екінші кезеңін жүргізуге де ниетті.

-Жоба алғаш бастау алғанда қызығушылық білдіргендер саны аз болды. Қазіргі таңда жобаға қатысуға ниеттілер саны артып отыр. Бұл халықтың жобаға деген үлкен сенімі және туған жеріне деген махаббаты деп білемін, - дейді «Qoǵamdyq keńistikter» жобасының Жылыой ауданы бойынша координаторы Үзілдік Молдағалиева.

«Qoǵamdyq keńistikter» жобасы аясында Атырау қаласы, Атырау облысының Жылыой ауданы және Маңғыстау облысының Бейнеу ауданы Боранқұл ауылында 5 жыл ішінде 223 шағын-жоба жүзеге асып, әлеуметтік нысандар халық игілігіне берілген.

Жылыой ауданында «Qoǵamdyq keńistikter» жобасы 2020 жылдан бері жүзеге асып келе жатыр. Аталған жоба аясында ауданда осы уақытқа дейін 80 нысан халық игілігіне берілген.

Автор: Ақмоншақ Әбілхасова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521