Биыл Индер ауданында 14 нысанның құрылысы қарқынды жүруде

Индер ауданында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы жылы ауданда 14 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Оның ішінде 1 тұрғын үй, 6 спорт, 3 білім беру, 3 инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жобасы және 1 абаттандыру нысаны бар. Бұл туралы Индер ауданыныі әкімі Серік Нысанбаев баспасөз мәслихатында мәлімдеді, - деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі. 

Биыл Индербор кентінде 5 қабатты 80 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жалғасып жатыр. Сонымен қатар бұл үйге жылу, газ, электр, су және кәріз желілерін тарту жұмыстары қатар атқарылуда. Жер кезегін азайту мақсатында 1300-ден астам жер учаскесін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамту жобасы қолға алынды. Қазір 1200-дей учаскеге инфрақұрылым толық тартылып, құжаттары рәсімделу үстінде.

Спорт саласында Индербор кентінде шағын футбол алаңы мен ангар типтес күрес залының, Елтай және Бөдене ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің, сондай-ақ бірқатар мектеп ауласында спорт алаңдарының құрылысы қарқын алды.

Білім беру бағытында Есбол ауылында 320 орындық мектеп пен Индербор кентінде 300 орындық мектеп және 200 орындық интернаттың құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар келер жылға дейін 8 білім ордасын жаңғырту жоспарланған.

Аудан әкімі биыл құрылыс көлемі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқанын ерекше атап өтті. 

— Өткен жылы аудан бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 110 пайызға өсті. Бүгінде бір мезетте құрылысы жүріп жатқан 14 нысан аудан тұрғындарын баспанамен қамту, білім беру орындарындағы орын тапшылығын азайту және бұқаралық спортты дамыту мәселелерін кезең-кезеңімен шешуге мүмкіндік береді, — деді С.Нысанбаев.

Айта кетейік, өткен жылы ауданда 7 нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде Индербор кентіндегі 80 пәтерлік тұрғын үйдің сыртқы желілері, Өрлік және Аққала ауылдарындағы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, «Димаш төбе» ашық аспан астындағы мұражайы, Ынтымақ ауылындағы спорт алаңы, Көктоғай ауылындағы спорт кешені және Аққала ауылындағы 90 орындық балабақша бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT