Бірінші кезекте ауыл мен экология тұруы керек

Елімізде болып жатқан саяси реформалар тек елдің қоғамдық-саяси өміріне ғана емес, әлеуметтік-экономикалық, тіпті экологиялық мәселелердің оң шешім табуына да ықпал етуі тиіс. Өйткені Жаңа Қазақстан құру үшін біз барлық жағынан да мықты мемлекет болуымыз керек. Саяси бағытымыз айқындалып, экономикамыз дамығанмен, экологиямыз ақсап жатса, онда қалай озық өркениетті елдер қатарына қосыламыз. Айталық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий саммитінде көршілес мемлекет басшыларын Жайық өзенінің жағдайын жақсарту мақсатында ортақ әрі нақты шаралар қабылдауға шақырды. Каспий теңізінің ортақ экологиялық мәселелерін қозғап, жаһандық жылыну мен климаттық өзгерістердің Жайық-Каспий су бассейніне қалай әсер етіп жатқанына тоқталды. Әрине, Мемлекет басшысы тек Саммитте ғана емес, өзге де халықаралық басқосуларда Каспий маңы мемлекеттерінің басшыларының назарын осы мәселеге аударып келеді. Мұның астарында елдің ішкі ахуалы да жатқаны анық. Айталық, Каспий мен Жайықтың суы тартылса, онда ауыл шаруашылығы құрдымға кетеді. Өйткені төрт түлік мал мен қарайған егініміз осы су көздеріне қарап отыр. Бұл сала дамымаса аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді. Ал мұның арғы жағында атыраулықтардың өмірі мен денсаулығы жатыр. Сондықтан қазіргі елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік қызметтегі реформалар, ең алдымен, ауылшаруашылығы мен экология саласына ауадай қажет деп есептеймін. Өйткені біз мұнай-газ секторын экономиканың күре тамыры санап, ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғау қызметін екінші орынға қойып алдық. Бұлай болмайды. Еліміздің өзге өңіріне қарағанда, Атырау аймағында тап осы салада түйіні тарқатылмаған мәселелердің көп болуы да сондықтан.

Бақтыбек Таубаев, профессор

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521