Бір пара – екі қылмыскер

Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақованың төрағалығымен аудан бойынша құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі жергілікті ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Алдымен отырыста мал ұрлығының алдын алу және оның жолын кесу туралы аудандық полиция бөлімінің криминалды полиция бөлімшесі бастығының орынбасары, полиция капитаны Ақарыс Серікқали хабарлама жасады.

Бүгінде аудан көлемінде өтіп жатқан іс-шаралар нәтижесінде мал ұрлығы фактілері азайған. Мәселен, 2024 жылы 14 қылмыс тіркелсе, 2025 жылы тек 1 қылмыс орын алған. Сонымен қатар мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу мақсатында аудан және ауылдық әкімдіктеріне бақташымен қамтамасыз ету мен малды жайылымға шығару мәселелеріне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөнінде хаттар жолданған. Бұдан бөлек, ҚР Ішкі істер министрлігінің 2024-2026 жылдарға арналған ұрлықтарға қарсы іс қимыл жөніндегі жоспары аясында жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілуде. Оның басты мақсаты – мал ұрлығын жасауға қатысы бар адамдарды анықтау, оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту.

Осы бағытта аудан аумағында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бекітілген жоспар негізінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, ауылдық округ әкімдіктері мен жергілікті атқарушы органдарға малды бақташыға бақтыру, малдарға қазіргі заман талаптарына сай чип (GPS) орнату, малды таңбалау, жайылым аумақтарын бекіту бойынша түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда. Сондай-ақ мал жоғалған жағдайда далалық іздестіру шараларын жүргізу үшін дрон аппараттарын сатып алу мәселесі жөнінде тұрғындарға ақпарат беру жұмысы жалғасуда.

Полиция бөлімінің мамандары Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығы аясында ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидалары бекітілгенін ескере отырып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Яғни, малды қараусыз жіберуге немесе өз бетімен жаюға тыйым салынғаны түсіндірілген. Жайылымда қараусыз жүрген мал иелеріне әкімшілік жауапкершілік көзделген. Жыл басынан бері АПБ қызметкерлері 100-ге жуық хаттама жасақтап, айыппұл салған. Бұдан бөлек, ауданнан, қалалардан немесе өзге облыстардан құжатсыз мал тасымалдаған тасымалдаушылар заң аясында жауапкершілікке тартылуда. Осы бағытта ветеринария қызметкерлері жыл басынан бері 20-ға жуық хаттама рәсімдеп, айыппұл салған.

Аудандық полиция бөлімі, патрульдік полиция және учаскелік полиция қызметкерлері мал және заңсыз ет өнімдерін тасымалдауды анықтау мақсатында тексеру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Мамандар тіркелген мал ұрлығы фактілерінің назардан тыс қалмайтынын, оларды ашуға бағытталған нақты шаралар қабылданып, осы бағыттағы жұмыстардың жандандырылып жатқанын атап өтті.

Одан соң сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу шеңберінде Қосшағыл ауылдық округі әкімі аппаратының 2023–2024 жылдары атқарған жұмыстары туралы округ әкімі Жанғазы Еркіновтің баяндамасы тыңдалды.

"Қосшағыл ауылдық округі әкімі аппараты" мемлекеттік мекемесінде бүгінде 6 штаттық және 6 қызметкер тұрақты жұмыс істейді. Округ әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілері біліктілікті арттыру курстарынан уақытылы және белгіленген мерзімде өтіп келеді.

Округ әкімінің айтуынша, көрсетілетін мемлекеттік қызметтің стандарттары мен регламенттері әкімшілік ғимараттың қолжетімді жеріне орналастырылған. "Жер қатынастар саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидаларды бекіту туралы" ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығына сәйкес жер қатынастарына қатысты 6 мемлекеттік қызмет көрсетіледі.

2023-2024 жылдары жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгерту үшін шешімді Е лицензия порталына 2 өтініш түсіп, олардың барлығы қанағаттандырылды. Сонымен қатар «Сауда-саттықты өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу» бағыты бойынша 2024 жылы 2 өтініш қабылданып, қанағаттандырылған.

Бұдан бөлек, әлеуметтік желілер арқылы «Өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы» жөнінде хабарламалар мен бейнероликтер жүктелді. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер бойынша жәрмеңкелер өткізу жөніндегі бірлескен іс-шара жоспарына сәйкес, 2023-2024 жылдары округте 2 жәрмеңке ұйымдастырылды. Сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштер уақытында қабылданып, белгіленген мерзімде жауап берілді.

2023 жылы 2 түсіндіру жұмысы жүргізіліп, оқушылар арасында байқау өткізілді. Ал 2024 жылы 1 «дөңгелек үстел», 1 тәрбие сағаты және 1 пікірталас ұйымдастырылды. Әкім аппаратының әлеуметтік желідегі парақшасына 2023 жылы 3 бейнеролик, 2024 жылы 2 бейнеролик жарияланған. Округ әкімі Жанғазы Еркіновтің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таба береді.

Комиссия отырысында қаралған үшінші мәселе сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу шеңберінде Құлсары қаласы әкімі аппаратының 2023–2024 жылдары атқарған жұмыстарына арналды. Аталған бағытта қалалық әкімшілік заңгері Санат Аязбайдың баяндамасы тыңдалды. «Құлсары қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде бүгінде 12 штаттық және 10 қызметкер тұрақты жұмыс істейді. Бос орын саны – 2. Теріс себептермен жұмыстан босатылғандар жоқ.

Қала әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілері біліктілікті арттыру курстарынан белгіленген мерзімде және уақытылы өтіп келеді.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы №301 бұйрығына сәйкес Құлсары қаласы әкімі аппараты төрт түрлі мемлекеттік қызмет көрсетеді. Атап айтсақ, жер учаскесінің жалдау мерзімін ұзарту, жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру, республикалық, облыстық және маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқықтар беру және жер учаскесін алу үшін кезекке қою. 2024–2025 жылдары жер учаскесінің жалдау мерзімін ұзарту бойынша – 458, нысаналы мақсатын өзгерту бойынша – 179, республикалық және өңірлік маңызы бар қалалар шегінде жер учаскесіне құқықтар беру бойынша 65 өтініш қаралып, жеке және заңды тұлғаларға тиісті оң шешімдер қабылданған.

Қала әкімі аппараты ғимаратында жер мәселелеріне қатысты мемлекеттік қызметтер туралы ақпараттық стенд, көрнекіліктер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсіндірме парақтары ілінген. Әлеуметтік желілерде «Мемлекеттік қызметтер» тақырыбында 27 хабарлама мен бейнеролик жарияланған. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында Құлсары қаласы әкімі аппаратының ресми Instagram парақшасында 7 тікелей эфир өткізіліп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берілген. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтерді түсіндіру бойынша аппарат мамандары мен дербес бөлім қызметкерлерінің қатысуымен 2024–2025 жылдары 4 жәрмеңке ұйымдастырылған. Сонымен қатар «Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу» және «Бір пара – екі қылмыскер» атты фотосуреттер Лед экранда жарияланған.

2024 және 2025 жылдары «Кең Жылыой» газетінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет: қоғамның өркендеуі мен тұрақтылығы үшін күрес» және «Сыбайлас жемқорлық – қоғамның ортақ мәселесі» атты мақалалар жарық көрді. Аппарат қызметкерлерімен құқық бұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілген.

Құлсары қаласы әкімінің 2024 жылғы 27 қарашадағы №107 өкімімен бекітілген жұмыс тобы «Жылыойсу» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызметіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізді. Сонымен қатар 2024 жылы 5 маусымда Сафи Өтебаев атындағы Жылыой мұнай және газ технологиялық колледжінің студенттерімен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру» атты тәрбие сағаты өткізілді.

Қалалық әкімдік заңгері Санат Аязбай бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.

Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары күн тәртібінде кеңінен талқыланған мәселелер бойынша кемшіліктерге жол бермеу үшін тиісті сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.

А.МЕЙРАМБАЙҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT