Ол - Жылыойдың гимніне айналған «Кең Жылойым» әнінің авторы.
Сонау 70-жылдардың басында «Жалын» вокалды-аспапты ансамблін, 80-жылдарда ағайынды Бекеновтердің отбасылық ансамблін, одан соң «Жайдарман» қыздар ансамблін құрған өнер иесі. Жары Балзия Мусиева екеуі - өмірде де, өнерде де жарасым тапқан жұп. Оның аудан өнерін өрлетуге қосқан үлесі өлшеусіз. Еңбегі елеусіз де емес. Әнші, сазгер Қуаныш Бекенов – Жылыой ауданының Құрметті азаматы. Біз Жылыой ауданының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында өзі де мерейлі жасқа келіп отырған өнерпазбен сұхбаттасқанбыз.
-Қуаныш аға, өнердегі өрлеуіңіз қайдан бастау алды?
-Есімім көпке танылған болса, ол бойымдағы Алла нәсіп еткен өнердің арқасы ғой. Өскен ортамның өнерге бір табан жақын жүруі де әлбетте әсер етеді. Бала күнімнен әнге ғашық, күйге құмар боп өсуім нағашыларымнан дарыды-ау деп ойлаймын. Біз нағашы ата-әжеміздің көзін көрмедік, бірақ нағашы апамыз Ақжібектің әндерін тыңдап өстік. Ол кісі ауылдың алты ауызы еді, халық әндерін әуелетіп орындайтын. Отырған жерін думандатып отыратын әзілқой, суырыпсалма ақындық қасиеті де бартұғын. Содан да шығар, өз әке-шешеміз мұнайшылар болғанмен, әулетіміздегі ұл-қыз өнерге бейім болды. Мен де 6 жасымнан бастап домбыра тартып, ән айттым.
Туған жерім Қосшағылдағы М.Ю.Лермонтов атындағы орта мектепті мектепті тамамдағасын ертерек еңбекке араласып кеттім. Бірақ еңбек ете жүріп, ауыл клубындағы көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, ауылдың мәдени өмірінің бел ортасында жүретінмін. Соны байқаған болу керек, сол кездегі Мұнайшылар кәсіподақ комитетінің төрағасы Дәуіт Артығалиев 1971 жылы аудан орталығы – Құлсарыға «Мұнайшылар» клубына қызметке шақырды. Бұл әйгілі «Досмұхасан» ансамблінің халыққа кең танылып, аты гүрілдеп тұрған кезі. Жаңа қызметке келе сап, «Досмұхасанға» еліктеп «Жалын» атты вокалды-аспапты ансамбль құрдым. (Кейін Ақтөбе мәдени-ағартушылық училищесін тамамдап, бірнеше жылдардан соң өзім қызмет еткен клубтың меңгерушісі болдым.) Өнердегі сүрлеуім содан басталып кетті.
-Иә, сол «Жалын» ансамблінің құрылғанына да жарты ғасырға жуықтапты. Ансамбльдің тарихын тыңдап, тағдырын біліңкірейікші.
-1971 жылдың 20 қыркүйегі мен үшін естен кетпес күн болды. Себебі сол күні мұнайшы өнерпаз жастардан құрылған «Жалын» жастар ансамблі алғаш рет халық алдында өнер көрсетіп, көрерменнің ықыласына бөленді. Вокалды-аспапты ансамбль құрамында гитаралар (соло, бас, ритм), дауылпаз және баян болды. Баян кейін ионикамен алмастырылды. Бас гитарада Өмір Жиенбаев, соло гитарада Қуаныш Әрібаев, ритм гитарада Сатыпалды (Сантан) Өтенов, дауылпазда Капон Сүндетбаев, баянда өзім ойнадым, кейін інім Аманжан ойнады. Міне, ансамбльдің алғашқы құрамында осы өнерпаздар болды. Барлығымыздың да музыкалық біліміміз жоқ еді, бірақ табиғат берген талант пен таудай талаптың арқасында аспаптардың құлағында ойнап, ән шырқайтынбыз. Аспапта ойнай тұрып, бесеуміз де әнге қосыламыз. Түнімен «Досмұхасан» әндерін күйтабақта тыңдап, дайындық жасаймыз. Алғашында жай гитараларды пайдаландық қой. Келесі жылы Мұнайшылар кәсіподақ комитетінің төрағасы Дәуіт Ыбырайұлы қаражат бөліп, Мәскеу қаласына музыкалық аспаптар әкелуге жіберді. Біз жаңа шығып жатқан электронды аспаптардың ішінен іріктеп, гитара, дауылпаз, ионикалар алдық. Бізбен сахнаға шыққан әншілер де көп еді. Өнерімізді халық жақсы қабылдады. Ауыл-аймақты түгел аралап, концерт қоятынбыз. Одан кейін облыстық байқауларға қатысып жүрдік. Бізді көрген аудандағы мекемелер де ансамбль құра бастады. Өнерге халық та ынтызар, жастар да құмар, басшылар да қамқор болды. Бір сөзбен, бұл өнердің салтанат құрған кезі еді. «Жалын» ансамблі 1980-1982 жылға дейін сахнадан түспеген еді. Одан бері қаншама жыл өтті, өмір өзгерді, ұрпақ алмасты... Биыл, міне, ансамбльдің құрылғанына 47 жыл толып отыр. Ансамбльдің алғашқы құрамындағы жігіттерден Өмір Жиенбаев қана қалды. Дегенмен ансамбль құрамы үнемі жаңа құраммен жаңартылып отырылды.
-Ал жылыойлықтардың гимніне айналған «Кең Жылойым» әні қалай туып еді?
-Бұл 1973 жыл болатын. Бұған дейін әнге саз жазып көрмеген едім, бірақ көкірегімде «Бір ән жазсам» деген тілек жүретін. Содан ойымда әлдебір әннің сазы бүршік жара бастады. Сөйтіп жүргенде «Ембі» газетіндегі (қазіргі «Кең Жылой») ақын Лұқпан Сисекеновтың «Кең Жылойым» деген өлеңіне көзім түсті. Өлең туған жерге деген іштей тулап жатқан сезімімен астасып, ән жазбақ боп шештім. Ән сәтті шығып, нотасын сазгер Қосан Үбіғалиевке түсіртіп алдым. Алғашқы рет әнді сахнаға алып шыққан ансамбліміздің әншісі Роза Жанәбілова еді. Көпшілік жақсы қабылдады. Көп ұзамай жұрт сол әнді айтып кетті.Той-томалақтарға барсам, «Кең Жылойымды" айтшы, "Кең Жылойымды" айтшы» деп қолқа салатын. Баянның сүйемелдеуімен бастап айтсам, жұрт қосылып шырқай кетеді. Ән сондай дәрежеге көтеріледі деп ойламап едім, бірақ «Кең Жылойым» ел арасында кең тарап кетті. Тіпті «Жылыойдың гимні» деген бағаны берген сол көпшілік. Биыл туындыға 45 жыл толып отыр, әлі күнге дейін айтылып жүр.
-«Жаса, жаса, Кең Жылойым, Мекені жастар менен жыр мен тойдың...» Шалқып барып, шарықтайтын бұл әннің сазы шынымен бүкіл халық үніндей естіледі. Әттеген-айы - үлкен сахналарда насихатталуының аздығында ғана ғой...
-Ән бір-екі рет қана республика деңгейінде шырқалды. 1985 жылы Манап Ғалимов деген кісі аудандық мәдениет бөлімін басқарды. Сол кісінің бастауымен Алматыға «Алатау» телевидениесіне түсуге бардық. Сонда «Кең Жылойымды» інім Аманжан екеуміз екі дауыста орындадық. Бірақ бұл телеарнаны біздің жақта көрсетпейтін. Одан басқа жылыойлық Құлбалиевтердің «Мерей» ансамблі «Тамашаға» түсті. Сонда осы әнді сахнаға алып шықты.
-Сіздің бұдан басқа тағы бір әніңіз бар екенін білеміз. Соған қарағанда, кейбіреулердей «жазу керек, шығару керек» деп өз-өзіңізді қамшыламай, тек жанның қалауымен, шынайы шабыт келгенде ғана ән жазатын сияқтысыз...
-Құлсарының қала атағын алғанына 1 жыл толуына байланысты конкурс жарияланды. 7-8 әуесқой сазгер қатысты. Ол кезде мен «Құлсарымұнайгаз» мекемесінде жұмыста едім. Ондағы өнерде бірге жүрген достарым «Сен де бір ән жазсайшы» деген соң, байқауға мен де қатыстым. Ақын Сәулеш Шәтенованың «Жайнаған Құлсарым» деген өлеңін ұнатып, сазын жаздым. Әнді ең алғашқы рет Қази Үмбет орындады. Өте талантты әнші еді, өмірден ерте кетті. Соңғы кезде Қабиболла Сыдиықовтың «Ақберен» деген жинағындағы Маңғыстау жырауларының термелерін өзімнің мақамыма салып, шығарып жүрмін. Қазір жастарға үйретіп жатырмын.
-Енді өмірлік жарыңыз Балзия апа жайлы сөз қозғасақ, тақырыптан ауытқығанымыз емес, керісінше, толықтыра түскендей болмаймыз ба? Өйткені сіздердің өмірлеріңіз де, өнерлеріңіз де бір-бірінен ажырағысыз ортақ арнада тоғысқан ғой... Отанасымен 100 әнге татитын «Кең Жылойым» әнін жазған жылы отасқаныңыз да көп нәрсені аңғартқандай. Музаңызбен қалай танысып едіңіз?
-Иә, «Кең Жылойым» әніне биыл 45 жыл толса, өмірлік жарым Балзия Мусиевамен отау құрғанымызға да 45 жыл болды. Үйленген жылдан төрт жыл бұрынырақ Қосшағылдағы құрдасым Демеген Сәденов құрдастарымыздың ішінен алғашқы боп үйленді. Мені күйеу жолдас қып ертіп алды. Ембі совхозындағы (қазіргі Тұрғызба ауылы) Бошан деген кісінің қызы Нақияның тойы жайлауда болды. Қонақтарға киізүйлерге дастархан жайылды. Сол тойда домбыраны қолға алып жіберіп, әнді салып жатырмыз. Ол жақта да әншілер бар екен. Ертесіне Нақияға құдаша боп Балзия Қосшағылдағы тойға еріп барды. Көрікті әрі өнерлі құдашамен әңгімеміз жарасып-ақ кетті. 4 жыл қол ұстасып бірге жүріп, үйлендік. Балзияның мамандығы математика пәнінің мұғалімі болса да, аудандағы мәдени шараларда болсын, той-томалақтарда болсын, бірге өнер көрсетеміз. Отбасылық «Аққайың» ансамблінің құрамында мен және жұбайым Балзия, інім Аманжан мен жолдасы Сәния, қарындасым Оңайша бар, қызым Жайнагүл, Аманжанның үлкен ұлы Абзал бар – бәріміз 80-жылдары концерттерде ән айттық. Балзиямен әлі күнге дейін жұбымызды жазбай ән шырқаймыз. Шәмшінің «Ақсудан ұшқан аққулар» деген әнін көптен бері орындап келеміз, соңғы кезде Серікзат Дүйсенғазиннің сөзіне жазылған Медет Салықтың әні «Қос жүрек» деген әнін айтып жүрміз.
-Балаларыңыздың қайсысы өнер жолын таңдады?
-Жасында балаларымның бәрі де өнерге жақын болды. Домбыра, примада ойнады. Бірақ өсе келе өзге мамандықтарды таңдады. Тұңғышымыз Жайнагүл тұрмыста, 3 жиенім бар. Жиенімнің алды Назарбаев мектебінің 10-сыныбында оқиды. Ұлдарым Азамат пен Қанағат та отбасылы. Олардан 8 немере сүйіп отырмын. Інім Аманжан да өнермен етене өмір сүрді. Ол да ән жазды. Оқушыларға арнап жазған, айтуға жеңіл біраз әндері бар. Қызы Жанаргүл біраз әндерін орындап жүрді. Республикалық «Әнші балапан» байқауына қатысқан Жанаргүл де өнер жолынан ұзамағанымен, дегенмен әншілікті жалғастырмады.
-Өнердегі жетістіктеріңіз көп. Ең бастысы, ел еріне жоғары бағасын берді. Өзіңіз ризасыз ба?
-Ризамын. Жылыойлықтар мені, алдымен, «Кең Жылойым» әнінің авторы ретінде таниды. Бірнеше облыстық, республикалық, екі дүркін халықаралық фестивальдардың лауреаты боп танылдым. Бірнеше жыл бұрын Жылыой ауданының Құрметті азаматы атағына ие болдым. Атырау телеарнасының журналисі Балауса Халелова «Біздің елдің жігіттері» деп аталатын бағдарламаға шақырып, сол сұхбатты көпшілік тамашалады. Енді, міне, жақында аудандық «Кең Жылыой» мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Жаса, жаса, Кең Жылойым» атты шығармашылық кешім өтпек!
-Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан: Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ.