- Ауданның басынан оңай кезеңдер өтіп жатқан жоқ. Күрделі мәселелер өте көп. Ауылдағы шаруадан бөлек, қаламыздағы қайта қалпына келтіру жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Жергілікті жердегі проблемалардың дені– өзімнің назарымда. Ауылдағы балабақшаға мемлекеттік сараптама болды. Ендігі кезекте ТШО мекемесі арқылы құрылыс жұмыстары жүргізілуі тиіс. Электр жүйесі осы жылы толық аяқталып, барлық көше жарықпен қамтылады. Ауылішілік асфальттың бірінші кезеңінде 3.4 шақырым жол осы жылы жаса- лады, келер жылға 17 шақырым жоспарлап отырмыз. Қабас учаскесіндегі балалар ойын алаңы да биыл бой көтеруі керек. Өзге де мәселелер рет-ретімен шешіліп, кезең-кезеңімен жасала береді, - деді аудан әкімі Жұмабек Қаражанов Қара Арна ауылдық округі тұрғындарымен кездесу кезінде.
Шоқпартоғай ауылдық мәдениет үйінде өткен кездесуге ауыл тұрғындары, аудан әкімінің орынбасары Әнуар Шәкіров, аудандық әкімдіктің бөлім басшылары мен тиісті мекеме басшылары қатысты.
Тұрғындарға сөз кезегі беріліп, тікелей аудан әкіміне сауалдарын жолдады. Онда ауылдағы қаңғыбас иттердің көп екені айтылды. Дегенмен, сол жерде анықталғандай, мердігер мекеме арқылы жылына 70 иттен аулау жоспарда тұр екен. Биылғы 4 айдың ішінде 35 «бөрібасар» қамалған. Бірақ, тиісті мекеменің айтуы бойынша, мемлекеттік тапсырыстағы ит санына қарап қалмай, керек болса, одан да көптеп аулай беретінін айтты. Ал Ақтөбе пойызын Шоқпартоғай мекеніндегі бекетке тоқтату жөніндегі тұрғындар ұсынысын аудан басшысы тиісті мекемеге жолдағанын жеткізді. Бірақ, «Қазақстан Теміржолы» компаниясы одан бас тартып, ұсыныс қанағаттандырылмаған. Одан бөлек аудан көлемінде 32.8 шақырым теміржол бойын қоршау жоспарлануда. Теміржол мекемесінің жоспары бойынша бұл жоба пойыздың астына түсетін малдың алдын алып, төрт түліктің теміржолдағы өлімін азайтпақ.
Мұндағы көпшілік қауым тоқ жүйесінің нашарлығына қапалы. Ауылда бір күн дауыл соқса, екі күн жарық болмайды. Қазіргі кезде, көбі электрлі жылыту жүйесіне көшкеннен кейін, қыстың қытымыр салқынында өте қиын екені белгілі. Жұмабек Байрақбайұлы бұл мәселені жіті назарына алып, биылдан қалдырмай шешетінін жеткізіп, тұрғындардың үрейін басты.
Қала тұрғындарынан бөлек ауыл үлкендері де мопед айдаған жас балаларға алаңдаулы екенін жеткізді. Себебі, жергілікті жерде де бұл мәселе белең алып келе жатқан көрінеді. Аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Арман Нәсіпқалиұлы бұл сауалға:
-Қазір жасыратыны жоқ, бұл мәселе күрделеніп бара жатыр. Әсіресе, мопедпен кәмелеттік жасқа толмаған балалар өріп жүр. Барынша жұмыс жасап жатырмыз. Оның ішінде, Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 127-бабы 3-бөлімі бойынша 70 ата-ана жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салынды. Бірақ, қазір заң қабылданды, артына түсіп, қууға рұқсат жоқ. Себебі, өзге аудандарда құзырлы органдардың осындай әрекеті салдарынан қайғылы жағдай орын алды. Бұл - тек полиция өкілдері емес, ата-аналармен бірлесіп шешетін мәселе. Ата-аналардан кәмелетке толмаған балаларына аталған көлік құралдарын сатып алып бермеуін сұраймыз-, деп жауап берді.
Шоқпартоғай ауылындағы №3 орта мектептің директоры Шолпан Оңғарбаева:
-Біздің мектепке талай жылдар болды. Өзі саман тастан салынған. Тозығы жетіп тұр. Тіпті күрделі жөндеу жасаудың да қажеттілігі шамалы. Себебі, ішін жасағанмен бір күні күтпеген жерден қабырғасы сөгіліп кетсе, қайғылы оқиға орын алуы да мүмкін. Мектептің ескілігінің дәлелі - алдыңызда отырған үлкен кісілердің өзі осы білім ордасында оқыған-, деп мектептің жай-күйін бүкпесіз айтты.
Жұмабек Байрақбайұлы да өзге ауылдарға барғанда жауап бергеніндей, мектептің мерзімі жетпесе немесе апаттық деп танылмаса бұзылмайтынын айтып, мектеп директорына арнайы мамандар шақырып, бағалау жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Егер де, бағалаушылар апаттық деп таныса, мектеп бұзылып, жаңа білім ошағы салынатынын айтты.
Интернет желісі кабелінің жерге қарай салбырап тұратынына, әрі сол себепті дұрыс жасамайтынына шағымданған тұрғынның арызын қабыл алған Ж.Қаражанов тиісті мекемеге тапсырма беретінін, әрі көп ұзамай проблеманы шешетінін жеткізді. Кездесу соңында Жұмабек Байрақбайұлы:
-Бүгінгі күндері жасалар жұмыстар көп. Барлық тұрғынның ұсынысын, арызын ескеретін боламыз. Тағы бір жаңалық: Атырау- Құлсары тасжолының арасына, оның ішінде Жылыой ауданы аумағына әр 2 шақырым сайын ауданымыздың тарихымен, мәдениетімен таныстыратын билбордтар қою жоспарда бар. Одан бөлек те қордаланған мәселелер өз кезегімен шешіле бермек. Айналып келгенде барлығы да қаражатқа тірелетіні сөзсіз. Және қазіргі кезде аудандағы бюджеттің көп бөлігі қаламызды қайта қалпына келтіруге кетіп жатқаны жасырын емес. Дегенмен, жоспардағы жұмыстар да жасала береді,-деп жиынды аяқтады.
Тұрғындардан бөлек, әлеуметтік желі арқылы сұрақ қойғандар болды. Бар сауалға жауап беріліп, келтірілген келеңсіздіктерді шешу жолы қаралды. Келелі кездесуден ауыл тұрғындары көкейдегі көп сауалға жауап алып, көңілді тарқасты.
Е.АХМЕТКӘРІМОВ