«Бір ауылдың түлеп ұшқан жастары едік ...»

«БІР АУЫЛДЫҢ ТҮЛЕП ҰШҚАН ЖАСТАРЫ ЕДІК,
БӘРІМІЗ ДЕ ӨМІР ЖОЛЫН БАСТАП ЕДІК,
БӘРІМІЗ ДЕ ЖАЗЫЛМАҒАН ДАСТАН ЕДІК...». ИӘ, ОСЫ БІР ӘН ШУМАҚТАРЫ БІЗ ӨМІР СҮРГЕН ДӘУІРДІҢ ТУЫНДЫСЫ БОЛҒАНДЫҚТАН БОЛАР, ЖАНЫМЫЗҒА ЕТЕНЕ ЖАҚЫН. КҮНІ БҮГІНГЕ ДЕЙІН ДОСТАРДЫҢ БАСЫ ҚОСЫЛҒАНДА ШЫРҚАЙТЫН, ЖАСТЫҒЫМЫЗДЫҢ КУӘСІНДЕЙ БОЙТҰМАРЫМЫЗДЫҢ БІРІ, ӘРІ БІРЕГЕЙІ.

Туған жер еске түскенде алдымен ойымызға оралатыны - тай құлындай тебісіп бірге өскен құрбы-құрдастар. Өйткені олар жеке тұлға, азамат болып қалыптасуымызда ерекше орын алатын әлеуметтік орта болып табылатын. Біріміздің білмегенімізді біріміз толықтыру, бір бірімізге көмектесу, бірігіп жұмыс атқару сияқты әрекеттер арқылы қалыптастық. Өз тұлғамызды достармен салыстыра отырып, өмірден өз орнымызды таптық. Ал ересек адамдар болса - еліктеудің үлгісі болатын. Халқымыздың «Ұлың өссе ұлықтымен, қызың өссе қылықтымен» дегеніндей, «болмасақ та, ұқсап бағуға», бір-бірімізді бағалайтын достар табуға ұмтылдық. Біздер достық қарым-қатынаста жақсы қасиеттерді ала білдік, жаманнан жирендік. Жеткіншек шақта «тең-теңімен, тезек қабымен» дегендей, әркім өзіне сай достарды іздейді. Бұл шақта біреулер білегіне сенсе, енді біреулер біліміне сенетіні анық. Бірақ «білекті бірді, білімді мыңды шығады» демекші, түптеп келгенде білімдінің аты озып, кешегі білектіні шаң қаптырып кететіні тағы бар. Біздің өмірлік тәжірибемізде де дәл солай болды.

Ауылда басталған достықты одан әрі нығайтуға зор себепші болған студенттік жылдар еді. Алматы қаласындағы маңдайалды жоғары оқу орындарына оқуға түсіп, студент деген сол кездегі ең жоғары статусқа ие болуымыз - біздер үшін ең бір бақытты сәттеріміз еді. Студенттік жылдардың қызықты шақтарын бірге өткізіп, ауылды бірге сағынатын едік. Демалыс күндері бір-бірімізді іздеп, бас штаб болып табылатын досымыз Өтегеннің бөлмесінде бас қосып, Алматының әсем орындарына саяхат жасап, көңілді сауықтарда бір жасап қалушы едік. Басқа қалаларда оқитын достарымыз Бақтыбаев Қайырғали, Алтыбаев Алшын Алматыға қыдырып келетін. Ондайда ортамыз толып, ауылды, мектептегі сағынышқа толы жылдарды еске түсіріп, мәз-майрам болушы едік. Студенттердің қысқы, жазғы демалыстарында туған ауылға оралып, ауылда еңбек етіп жүрген достармен қосылып сауық-сайран салатынбыз. Иә, уақыттың көз ілеспес шапшаң екендігін, әрбір күніміздің өміріміздің өтіп бара жатқан беттері екендігін аңғармай да қалыппыз. Білікті маман болып, біріміз туған елге оралсақ, енді біріміз тағдырдың жазуымен басқа қалаларға бет түзедік. Отбасылы болғанда әрқайсымыздың тойымызда достарымыз жүрді. Мектептен басталған достығымызға қылау түскен жоқ десек жалған айтқандық болар, өмірдің бұралаң соқпақтары өз дегенін жасап бақты. Кешегі қыл өтпестей кей достардың арасына сына түсіп, мүлде араласпай кеткен жағдайлар да орын алды. Осындай сәттерде, Қайрош досым «Өмір ғой» деп қысқа қайырушы еді. Менің толғауым да сонау бір бала кезден қалыптасқан достыққа ешқандай қылау түсірмей кеткен адал достарым туралы болмақ.

Олар үш дос болатын. Бақтыбаев Қайырғали, Бөртебаев Қосымбай, Ермеков Қайырғали. Міне, айрылмас достар деп соларды айт! Үшеуі де мектепті, институтты үздік бітірді. Математикаға бейім болғандықтан, ойлары да ұшқыр болып, дүниеге диалектикалық тұрғыдан қарап, үдерістерді шебер талдап, ұтқыр шешімдер қабылдаушы еді. Жоғары оқу орындарын ойдағыдай тәмамдаған соң, білікті маман болып, туған жерге оралып, жауапты қызметтердің құлағын ұстады.
Қ.Ермеков аудандық партия, кеңесінде жауапты қызметтер атқарып, кейін аудан әкімінің орынбасары, Мәслихат төрағасы, аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі бастығының орынбасары жұмыстарын абыройлы атқарды.
Бөртебаев Қосымбай аудандық ауруханада хирург болып, талай жандарды өлімнен арашалап. алғыстарын алды. Кейінгі жылдарда аудандағы тері-венерологиялық диспансерде жұбайы Роза екеуі дәрігер болып, жемісті еңбек етті.

Бақтыбаев Қайырғали Жамбыл гидро-мелиоративтік құрылыс институтыңың инженер-құрылысшы мамандығын ойдағыдай аяқтап, аудан, облыс өңіріндгі құрылыс салаларын басқарды. Аудан көлемінде ол салған тұрғын үйлер, мектептер, өндіріс нысандары күні бүгінге дейін елді мекендердің сәулеті мен сәнін келтіріп тұр.

Бұл үшеуін біріктірген нендей күш?! Алдымен олардың мінез-құлқындағы ортақ қасиеттерді атап өтуге болады. Үшеуі де өтірікті жаны сүймейтін турашыл, әділ, адал, еңбекқор, талапшыл, табанды, мейірімділік сияқты асыл қасиеттерге ие болды. Осы асыл құндылықтар оларға достықтың туын желбіретіп, биік ұстатты.

Тағдыр Қайырғалиға қиыр шығыстағы Семейдің қызы Салтанатты, Қосымбайға Ақтөбелік Розаны, Қайырғалиға Құлсарылық Розаны бұйыртыпты. Үш ару да үлкен-кішіні, қонақты сыйлай білетін, жарға адал, ұлттық салт-дәстүрге берік, жоғары мәдениетті жандар болып шықты. Өздерінің таңдаған жарларын шексіз сүйе білген үш ару, үш жігіттің достықтарына сына қақпай, қайта ұлы достық сезімнің алауын одан әрі маздатты. Отбасылық өмірдің қызықтарын бірге тойлап, бірге өткізді. «Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға» қондырған кезде де, осындай бір базарлы шақтарда тонның ішкі бауындай достықтары жарасып бірге жүрді. Достарының құдаларын өз құдаларындай сыйлады. Қиналған сәттерде бір-бірінің қастарынан табылып, қолдан келген көмектерін аяған жоқ. Үшеудің достығын бүгінде ұрпақтары жыр етіп айтып отырады.

Қайырғалидың келіні Жүзімгүл: «Тамыз айының аяғында Алматыдан шықтық...Мақат стансасынан түскен біздерді қайынағамның достары Қосымбай аға, Амантұрлы аға, Қайырғали аға, Сұлтанбек ағалар күтіп алған болатын...Алыс жолдан шаршап келе жатқан бізді Қосымбай аға мен Роза апа үйлерінде дастархан жайып, қарсы алып, ауылға аттандырды. Қазір ойлап қарасам, ағайын болмаса да бір-бірін айналып- толғанған достықтарының көрінісі екен ғой»,-деп, сағынышпен еске алады.

Үшеуі де басшылық лауазымда жұмыс жасағандықтан әрқашанда бауыр мен туыстарына ғана емес, мұқтаж адамдардан көмегін аямады.

Бақтыбаев Қайырғали екі інісінің заманға сай жеке қожалық құруларына көмектесті. Сонау 90-жылдардың жұмыссыздық жайлаған қиын шақтарында, достарға, туыстарға қол ұшын беріп, жұмысқа орналастырып, алғысын арқалады. Халқымызда «екі жасты қосқан сауап» деген сөз бар. Кластасымыз Қайролланың анасы Зейнезай шешеміз үйіне барғанда ылғи біздерге «менің Қайролламды үйлендірсеңдерші» деп мазалаушы еді. Бойдақ құрдасымызды үйлендіру мәселесіне батылдау кіріскен Қайырғали досымыз болды. Оның бастамасымен бір жазда Қансұлу атты бойжеткенді түйе жайып жүрген жерінен, түйенің бұйдасын түріп жіберіп, алып қашып, Зейнезай шешеміздің үйіне кіргізді. Ананың ақ батасын алып, екі жастың отау құруын солайша жеделдеткен еді. Бүгінде үш достың балалары да сан түрлі мамандық иесі атанып, әкелері сияқты беделді қызметтердің құлағын ұстаған.

Жастық шақтың куәсіндей болған үш досымның ұлы достығы уақыттың талай сындарына төтеп беріп, нағыз айнымас достықтың символына айналған еді. Айрылмастай достар ешқашан бір-біріне қайырылмастай сөз айтқан жоқ. Өкініштісі, үшеуінің де «қай жерде үзіледі қайран сапар» дегендей, өмір деген ұлы көштегі сапарлары да бір мезгілде тәмамдалған. Араларына жыл салып, бір-бірін қимағандай, бірінен соң бірі, пәниден бақиға қол ұстасқандай кете барды...

Абат ҮРЖАНОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521