Ұлтымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов : « Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе - білім. Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек» деп бағдарлы бағыт көрсеткен еді.
Расында да адамды өзгелерден артық ететін баға жетпес құндылық - білім.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылдың екінші қыркүйегінде "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" тақырыбымен Жолдау жасағаны баршаға мәлім. Президент Жолдауында ұлт сапасын жақсарту мақсатында білім саласына мейлінше көңіл бөлуді тапсырды. Бұл біздер, еліміздің болашағы үшін зор үміт ұялатады.
Президент қарапайым мектеп формасына мән беруге шақырды. Шынымен де, бұрынғы ата-әжелеріміз кигендей бірдей форманы табу оңай емес. Замана көшіне ілескен кейінгі ұрпақтың өзіндік талғамын да ескерусіз қалдыруға болмайды.
Сондықтан, форманы тігу кезінде де конкурс жариялап, заманауи жағына да мән бергенін қалаймын. Сондай-ақ, «баланың білім алуына, оның ішінде сыныптан тыс оқуына мемлекет бөлетін қаражат бірыңғай білім беру есепшоттарында жинақталады. Бір сөзбен айтқанда, мұны балалардың білім алуына инвестиция ретінде жұмсалатын алғашқы мақсатты капитал деуге болады» деп атап көрсеткен еді.
Білімге құйылған инвестиция - болашаққа қаланған іргетас есептеймін. Сондықтан да біздерге, оқушыларға алаңсыз білім алуға мүмкіндік бар екендігі қуантады. Олай болса, білім деген алып күшпен мықтап қарулануды мақсат тұтамын.
Жанерке ЕСЕНҚОС, 10-сынып оқушысы, «Сөз маржан» Collaboration Fest