Билер кеңесі екі жақты бітістіруді көздейді

Соңғы он жылдың төңірегінде елімізде 3 миллионға тарта қазақстандық сотқа талап-арыз жолдаған екен. Бұл – жауапкер жақты қосқанда 6 млн-ға жуық отандасымыз бір-бірімен соттасты деген сөз. Демек, халықтың үштен бірі өзінің алтын уақытын сот табалдырығын тоздырумен өткізіп жүр. Мұндайда ата-бабамыздың «Өспейтін елдің баласы өнбейтін дау қуады» деген дана сөзі еске түседі.

Сондықтан сот органдарында қазір азаматтарды татуластыру үрдісі қызу жүріп жатыр. Мақсат: айрандай ұйыған елдің бірлігіне сызат түсірмеу, дауласқан жұртты жарастырып, халықтың ынтымағын арттыру. Осы орайда қабылданған «Медиация туралы» заң, Жоғарғы соттың бастамасымен жүзеге асып жатқан жобалар сот төрелігіне жүгінген азаматты бітімгершілікке шақыруды көздейді. «Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігін құру да осы игі мақсаттан туындап отыр.

Жақында ауданда құрылған билер кеңесі тұрғындармен кездесті. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде өткен басқосуға кеңес мүшелері мен аудан жұртшылығы жиналды.

Кеңес төрайымы Жаңыл Кенжебаева, алдымен, кеңестің құрылымы мен оның мүшелерімен, ұйымның атқаратын қызметінің негізгі мақсатымен таныстырды. Тұрғындар көкейде жүрген көп сауалдарын ортаға салды. Соның бірі – қала тұрғыны, зейнеткер Е.Қарамұрзиев бірнеше жылдан бері сот үкімінің орындалмай жүргеніне шағымданды. Бұл жөнінде кеңес заңгерлері қарияға сот орындаушының көмегіне жүгінуге кеңес берді. Кездесуде өзге де мәселелер қозғалды.

Күні бүгін билер кеңесі мүшелерінің сот ғимаратында кезекшілігі де ұйымдастырылған. Өткен ақпан айының соңында алғашқы қабылдауын өткізді. Онда сотқа келген талапкер мен жауапкер арасындағы дау-дамай талқыланып, мәселені екіжаққа тиімді жолмен шешу жолдары қарастырылады.

Е.Бисекенұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT