Құлсары қаласында көптен күткен маңызды оқиға - инклюзияны қолдау кабинеттерінің салтанатты ашылуы өтті. «Теңізшевройл» ЖШС мен «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қорының бірлескен жобасы 158 балаға өз мектептерінде, отбасы мен достарының жанында білім алып, дамуға және өз әлеуетін ашуға жаңа мүмкіндік беріп отыр.
Жобаның алғашқы «қарлығашы» — Д. Жазықбаев атындағы №16 мектеп. Аумағы 56 шаршы метрді құрайтын жарық әрі ыңғайлы кабинетте бір мезгілде 10 педагогқа дейін жұмыс істей алады, ал күн сайын 40-қа жуық бала сабаққа қатыса алады. Бұл — баланы тыңдайтын, қолдайтын және оны қандай болса, сол қалпында қабылдайтын орта. Ауыл мектептері үшін мұндай жағдай — сирек мүмкіндік әрі ата-аналар үшін үлкен қуаныш.
Аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова өз сөзінде:
«Бүгінгі ашылу — жай ғана қадам емес, бұл біздің балаларымыздың өзіне және мүмкіндіктеріне сенуіне жол ашатын нақты мүмкіндік. Осындай игі әрі қажетті жобалар көбейе берсін!» — деп атап өтті.
Инклюзияны қолдау кабинеттері мамандардың қатысуымен әзірленген жаңа авторлық модель бойынша құрылып, еліміздің басқа қалаларында өз тиімділігін дәлелдеген. Мұнда балалар логопед, психолог және дефектолог мамандармен кешенді көмек алады, сенсорлық және дамытуға бағытталған қолдаумен, сондай-ақ бейімделген емдік дене шынықтырумен қамтылады. Ең бастысы — бұл қолдау оқу процесінен қол үзбей көрсетіледі, яғни инклюзия мектеп өмірінің ажырамас бөлігіне айналады.
«Теңізшевройл» ЖШС-нің бас менеджері Нұрмұхамед Қартабаев: «Әрбір баланың, қандай жағдай болмасын, сапалы білім алуға тең мүмкіндігі болуы біз үшін өте маңызды. Бүгінгі ашылу — ауыл балаларының оқып, дамып, өз жетістіктеріне қуануына берілген үлкен мүмкіндік», — деп атап өтті.
Жоба аясында Құлсары қаласының №16, №8, №7, №18 және №21 мектептерінде инклюзияны қолдау және емдік дене шынықтыру кабинеттері ашылады. Бастама 158 баланы қамтып, оларды заманауи құрал-жабдықтармен, жеке оқыту бағдарламаларымен, педагогтарды даярлаумен және мамандардың тұрақты қолдауымен қамтамасыз етеді.
Жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі әр тараптан 75 миллион теңгеден асты. Бұл — бизнес пен қоғам серіктестігінің өмір сапасын арттырып, әділетті болашақ қалыптастыра алатынының айқын дәлелі.
«Теңізшевройл» үшін мұндай жобалар ұзақмерзімді стратегияның бір бөлігі болып табылады. Себебі бүгін балаларға көрсетілген қолдау мен білімге тең қолжетімділік — Қазақстанның тұрақты дамуы мен ертеңгі болашағының берік негізі.



