Берекелі аула

Қаламыздың бір ауласында күн әдеттегіден ертерек басталады. Бұл аулада таңды дабыл оятқыш емес, тіршілік оятады. Самал үшін бұл қалыпты жағдай.

Өз ауласынан табыс тауып отырған жас келіннің күн сайынғы тірлігі тауыққа жем беру, қорасын тазалау, суын ауыстыру, жұмыртқа жинаудан басталады. Бір қарағанда үй шаруасы секілді көрінгенімен, бұл нақты тәртіп пен жауапкершілікті талап ететін күнделікті үрдіске айналған. Бұл кәсіп Самал үшін бөтен ортадан басталған жоқ. Құс және мал шаруашылығын алғаш қолға алған - ата-енесі. Ал Самал келін болып түскен соң, осы істің берекесін байқап, қызығушылықпен өзі жалғастырып кеткен. Уақыт өте келе шаруашылықты жүйелеп, күтімін күшейтіп, өнім сапасына ерекше мән бере бастайды. Осылайша ата-енеден қалған тірлік жас келіннің қолында жаңа тыныс алады.

        «Мен келін болып түскенде қайын жұртымда тауық та, қой да, сиыр да бар еді. Қазір де солай. Басында жолдасыммен бірге тауықтарға жем беріп, шөп салып, тауықтардың жұмыртқасын жинайтынмын. Бара-бара бұл іс хоббиіме айналғанын байқамай қалдым», - дейді Самал. Жас келін үшін декреттік демалыс уақыты өзін іздеген, мүмкіндігін байқаған шақ болды. Ол өзінің бос уақытында тоқыма тоқу қолөнерімен айналысады. Бірақ уақыт өте келе ең жанына жақыны құс шаруашылығы екенін түсініп, қайын атасына құсқа кеңірек жер керек екенін, шаруашылықты көбейтуге болатынын айта бастайды. І​зденіс пен еңбектің нәтижесінде түрлі жобаларға ұсыныс тастап,шаруашылығын кеңейту үшін тынбай еңбек етіп жүр. «Қандай жобаға қатыссам да өз ойымды айтып, халқыма пайдалы болғым келеді . Ұту-ұтпау маңызды емес. Маңыздысы өз жобама сену. Байлық пен табыс оңайлықпен келмейді», дейді ол. Қазіргі таңда Самалдың ауласында алты тауық пен бір әтеш бар. Оның төртеуі инкубатордан шыққан, екеуі балапан басып шығарған тауықтар. Жас кәсіпкер құстың әр түрінің ерекшелігін жақсы біледі. «Инкубатор тауықтардың иммунитеті әлсіздеу, бірақ жұмыртқа беруге бейім. Бір уақытта бірнеше жұмыртқа береді. Ал өздері басып шығарған тауықтардың иммунитеті мықты, бірақ бір уақытта бір ғана жұмыртқа береді»,-деп түсіндіреді ол. Осылайша екі күнде бір кәрзеңке жұмыртқа жиналып, сатылымға шығады. Табыс көп болмаса да, өз шығынын ақтайды.

    «-Қазір кәсіп отбасылық бюджетке салмақ салмайды. Жұмыртқадан түскен ақшаны қайтадан жеміне, витаминіне, вакцинасына жұмсаймыз. Тауық асырау үздіксіз күтімді талап етеді. Құстарға бидай, арпа, жүгері береміз. Үйден шыққан жемді де пайдаланамыз, бірақ тұзсыз болуын қатаң қадағалаймын. Кальций үшін жұмыртқаның қабығын ұнтақтап береміз. Жазда көкке жайып қоямыз. Олар капустаны жақсы көреді бір күнде бір капустаны тауысады. Артық жем беруге де болмайды, әйтпесе жұмыртқа беруі бәсеңдейді. Витаминдерге де ерекше мән беремін. «Чиктоник», «Рекс Витал», «Витамикс», «Солнышко» сынды витаминдер иммунитетке, қауырсынның өсуіне жақсы әсер етеді. Қыстың салқын уақытында айрықша күтім жасаймыз. Суықта тауықтарды жылы жерде ұстап, жемі мен суын уақытылы берсе, жұмыртқалауын тоқтатпайды. Өз кәсібіме «Берекелі аула» деген мәні терең атау бердім, өйткені берекені ең алдымен адал еңбекпен байланыстырамын. «Қандай іспен айналыссақ та, берекесімен келсін деп тілеймін», - дейді жас кәсіпкер.

       Шынында да, оның бүгінгі тірлігі осы сөздің айқын дәлелі іспетті. Қарапайым ғана ауладан басталған еңбек күн өткен сайын кеңейіп, үлкен мақсаттарға ұласып келеді. Самал бүгінгі жеткен жетістігімен шектеліп қалуды ойламайды. Алдағы жоспары ауқымды, арманы асқақ. Ол шағын шаруашылықты үлкен фермаға айналдырып, сиыр, қой, ешкі, тауық сынды барлық мал түрімен айналысуды көздейді. Ең бастысы тек өз пайдасын емес, елдің қамын ойлайды. Жұмыссыз жүрген жандарды еңбекке тартып, ауыл тұрғындарын тұрақты табыспен қамтамасыз етуді мақсат етеді. Болашақта өз брендімен ешкінің сүті, йогурты, ет өнімдерін нарыққа шығарып, отандық өнімнің үлесін арттырсам дейді. Ол дайын дүниені күтпей, қолындағы барды қадірлеп, соны дамытуды таңдады. Бүгінгі қоғамда, әсіресе жастар арасында, бірден үлкен жетістікке жетуді, жеңіл жолмен табыс тапқысы келетіндер аз емес. Ал Самалдың өмірлік ұстанымы мүлде бөлек. Ол «Еңбекке бейім болсаң, қатарыңнан кейін болмайсың» деген қағиданы санасына сіңіріп, әр істің нәтижесі бір күнде келмейтінін жақсы түсінеді. Ата-ененің еңбегі мен келіннің іскерлігінің үйлесуі арқылы бір аула берекелі кәсіпке айналды. Мұндай мысалдар ауыл өмірінің әлі де әлеуеті зор екенін, еңбек еткен адамға мүмкіндік әрдайым бар екенін көрсетеді.Қорытындылай айтқанда, бүгінгі Самал сынды еңбекқор, ойы озық, мақсаты айқын жастар барда, елдің де ертеңі нық болады. Береке бір күнде келмейді, бірақ адал еңбекпен келген берекелі іс әрқашан баянды болары хақ. Осындай жастар қоғамға үнсіз үлгі, ал олардың жолы кейінгі буынға бағыт-бағдар.

 

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT