Береке басы - бірлік екенін әрдайым есте сақтайық!

Құрметті Жылыой ауданының тұрғындары!

Ең алдымен, арулар мен аналарды көктемнің шуақты мерекесі- 8 наурыз- Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймын!

Бұл – мейірбандықты, өзара тілектестікті, жанашырлықты, қамқорлықты дәріптейтін мереке. Біз ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық. Сын сағатта бірлігін сақтай білген барша Жылыой ауданының тұрғындарына зор ризашылық білдіремін.

1 наурыз күні партиямыздың ХХІІ съезі кезектен тыс онлайн форматта өтті. Бұл съезге мен де делегат ретінде сайланып, қатысқан болатынмын.

Ұйымды жаңғырту туралы алқалы жиынның дәл сол күнге өтуінің символдық мәні бар. 1 наурыз – партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең басты саяси ұйымның негізі қаланды. Партия халықты ортақ мақсатқа жұмылдырды. Қоғамға пайдалы көптеген бастамалар көтеріп, сайлаушылардың қолдауына ие болды.
Қазір бүкіл әлемдегі ахуал өзгеріп жатыр. Жаңа құндылықтармен қатар күрделі сын-қатерлер пайда болуда. Осындай аумалы-төкпелі уақытта еліміз дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Біз Жаңа Қазақстанды құруға кірістік. Бұл – өте ауқымды міндет. Тіпті, болашақтағы тағдырымызды шешетін аса маңызды жұмыс деуге болады. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет.
Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс. Ол үшін өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – партияны жаңғырту.

Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай,саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатысты. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтады. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым.

Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады.
Сондықтан, Қасым-Жомарт Кемелұлы да партиямызды ресми түрде «Аманат» деп атауды толық қолдады.

Құрметті партия мүшелері!

Бүгін партиямыздың бағыт-бағдарын айқындадық. Енді білек сыбана жұмыс істеуіміз керек. Халық нақты өзгерістерді күтіп отыр.

Партия атына заты сай болуға тиіс. Ел бірлігін нығайтып, Жаңа Қазақстанды құру – бәрімізге ортақ міндет. Осы міндетті абыроймен атқарсақ, болашағымыз да баянды болмақ. Партияның әрбір мүшесі бұл жауапкершілікті терең сезініп, аянбай еңбек етеді деп сенемін.

«Береке басы – бірлік» екенін әрдайым есте сақтайық! Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Партиямыздың жаңа атауы құтты болсын!

Құрметпен,
Шынаргүл
ЖАҢАЙҚЫЗЫ,
«Amanat» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT