Белгілі кәсіпкер із-түссіз жоғалып кетті

Бейбіт шеру

Белгілі кәсіпкер із-түссіз жоғалып кетті

12 қыркүйек күні сағат 17.00 шамасында 50 шақты адам Жылыой аудандық әкімшіліктің алдына жиналып, із- түссіз жоғалып кеткен «Боздақ» шаруа қожалығы иесі Нұралы Нұртілеуовтің қылмыскердің қолынан жазым болуы мүмкіндігін, осыған орай құзырлы орындар жұмыс жасамай отырғандығына наразылықтарын білдіріп, бейбіт шеруге шықты.

Жиналғандардың басым бөлігі Н.Нұртілеуовтің туыстары болып шықты. Қанша күннен бері іздеуден күдер үзбеген олар әбден ашынып, аудандық әкімшіліктің алдына жиналды. Олардың қолдарында «Әділдік орнасын», «Құзырлы органдар жұмыс істесін», «Жылыойдағы бассыздық Елбасына жолдансын», «Қылмыскер табылсын» деп жазылған плакаттар және де Нұртілеуовтің фото суреті болды. Жиналған адамдар Нұралының кісі қолынан жазым болуы мүмкіндігін айтады. Тіпті бір туысы адамның ұрлықпен айналысса да құтылып кете беретінін айтты. Көпшілікті аудан әкімі Халел Жамалов сабырға шақырумен болды. Алайда ашынған халық құлақ аспады.

- Осы күнге дейін тірі болса өзі келер еді, ақыры ол кісі қолынан жазым болды. Біз бір адамнан күдіктенеміз, ол атақты ұры. Қанша ұрлық жасаса да сытылып кете береді, әбден даңдайсып кеткен. Бұл не масқара тал түсте адам жоғалу деген. Жанымыз бөлек болғасын шыдап жүрміз, күйіп барамыз Халел аға, айтыңызшы, әділдік қашан орнайды,- дейді туыстары.

Нұралының анасы Роза апа «Балам әлі жоқ. Тергеліп жатқан ешкім жоқ, жасым 80 де. Баламның денесін тауып берсін. Бізге полиция күдіктімен жолықтырамыз деген, бірақ көрсетпей отыр. Ол ұсталдыма, ұсталса қайда?» деп ана байғұс қан жылап отыр. Біз барлық айғақ затты тауып бердік, бірақ полиция бізге бір нарсені беріңдер дейді. Ол Нұралының сүйегі, ол табылмайынша іс ашылмайды дейді. Күдікті Ж.М. бұрын мал ұрлайтын, енді адамға көшті,- дейді Қойбағар Нұртілеуов. Жиналғандарға аудандық Полиция бөлімі бастығы Ерболат Досмагулов былай деп жауап берді. 

-Қазір мен бұл жерде ештеңе айта алмаймын. Ал күдікті туралы тек отбасына айта аламын. Сараптама тағайындалады, енді қорытындысын күтеміз, ол бір айда шығатын болар. Содан кейін айта аламыз. Бірақ бұл жауапқа туыстары қанағаттанбады. Кейін полиция бөлім бастығы жедел топ құрылып, Қазақстан Республикасықылмыстық кодексінің 99 бабы, («Қасақана кісі өлтіру») бойынша қылмыстық іс көтеріліп, тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді. Айта кету керек, Н.Нұртілеуов 6 қыркүйек күні қожалықтағы малдарын суаруға кетіп, содан бері хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Ал іздеу жұмыстары еш нәтиже бермей отыр.

Бақандай жеті күннен бері іздестіру шаралары жүріп жатса да ,кәсіпкердің өлі- тірісі анықталмады. Еріктіліер, полиция қызметкерлері, кинологиттер, тік ұшақтар іздестіру ісіне қатысуда. Десе де еш нәтиже жоқ. Далалық жерлер, сай-сала түгел араланғанда жоғалған азаматтың мініп кеткен мотоциклі, көрпешесі, қамшысы әр жерден табылған.

Айзада Жалғасбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521