Ауданда өткен жылы орын алған алапат су тасқынына жуырда бір жыл толды. Қорқынышты түстей өте шыққан бұл төтенше жағдай кезінде Жылыой жұрты жаппай эвакуацияланды. Тұрғындармен бірге аудандық аурухана да көршілес Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына уақытша көшірілгені белгілі. Біз осыған орай осы бір аласапыран уақытта ақ халатты абзал жандарды жұдырықтай жұмылдырып, барлық науқастарды қауіпсіз аймаққа жеткізу жұмыстарының басы-қасында жүрген аудандық орталық аурухана меңгерушісі Злиха Құлғазиевамен сұхбаттасқан едік.
- Злиха Қайырқызы, былтырғы төтенше жағдай уақытында ауыр науқастар мен жүкті әйелдерді, жаңа босанған аналарды Бейнеу ауруханасына көшіру жұмыстары қалай басталды? Қоныс аудару туралы бұйрық қашан келді?
- Жалпы көктем сайын су тасиды деп айтып жатады ғой. Ол судың келуі, әрине, қалыпты дүние. Бірақ өткен жылы араға 30 жыл салып қайталанған, тіпті біз ойлағаннан да көп көлемдегі тасқын келіп, қаланы басып қалды. Бәрі есімде. Сәуірдің 4-і күні сирена ойнап бастады. Жұмыста жүрдік. Жан-жақтан «су келіп жатыр», «су басып жатыр» деген хабар тарады. Ауруханадағы «Достық» ықшам ауданында тұратын әріптес медбикелеріміз басшыдан сұранып, үйдегі заттарын реттеуге кетті. Себебі сол күні сол ықшам аудан, 2, 3-учаске қауіпті аймақ болып тұрды. Содан кейін біз де қорқа бастадық. 5-і болды. «Су келіп қалса не істейміз» деп ертерек қамданғымыз келіп еді, онымен ел іші «тыныш, су бізге жетпейді» деген соң, сол күні кешке дейін алаңсыз жұмысымызда жүрдік. 5-і күні кешкі уақытта басшымызбен байланысқанда: «Үйлеріңе қайта беріңдер, бәрі тыныш» деген жауап алдық. Бірақ сонда да сезіктеніп, «күндіз аяқасты көшіп қалып жатсақ» деп ауруханадағы жағдайы жақсы балалар мен терапия бөліміндегі өз аяғымен жүріп жүрген науқастарды үйлеріне шығардық. Бұл біздің қауіпсіздік үшін жасаған алғашқы әрекетіміз еді. Сөйтіп кешкі 7-де жұмыс уақыты бітіп, үйімізге келгеніміз сол еді. Арада бір сағат уақыт өтер-өтпестен басшымыз Асулан Нұрбұланұлы хабарласып: «Бізде бар болғаны бір сағат уақыт бар, сол уақытта көшіп үлгеруіміз қажет»,-деді шұғыл түрде. «Қайда көшеміз?», «Бейнеуге!» деген жауап алдық. Содан қайтадан жұмыс орнымызға келіп, жедел түрде науқастарды дайындап, жолда қажет болады-ау деген медициналық құралдарды, ал басшымызбен науқастар таситын көліктерді реттей бастадық. Сол уақытта Құлсары-Атырау тас жолын да су шайып кеткен еді. Әйтпегенде, жүкті келіншектерді біз облысқа, яғни Атырауға жібереміз деп шешкенбіз. Бірақ, аудандағы төтенше жағдай одан әрі күшейіп, екі ортада байланыс болмай қалды. Міне, осылайша аудандағы барлық науқасы бар, жүктісі бар, босанған жас анасы бар, бәрін Бейнеу ауданына көшіруге бел будық.
- Осындай қысылтаяң сәтте басқа аймақтардан көмек келді ме? Көштің алдыңғы легінде кімдер аттанды?
- Біз көшпестен бұрын 5-і күні күндіз бізге облыс орталығынан алдын ала Асқар Тілекқабылұлы деген акушер-гинеколог келіп қызметіне кірісіп кеткен еді. Ол кісі жеткен бойда кезекшілікке қалғанымен, сол күні кеште осындай жағдай орын алды ғой. Аурухана тұрағында 4 Икарус автобусы мен 12 «Жедел жәрдем» көлігі дайын тұрды. Одан бөлек басшылардың, мамандардың көліктері де болды. Сонымен, кешкі сағат 21:00-22:00 аралығында науқастарды көліктерге орналастыра бастадық. Отыра алатын науқастарды автобусқа орналастырдық та бірінші аттандырдық. Оның ішінде балалар мен сәбиін қолына алған жас аналар да болды. Ал «Жедел жәрдем» көлігіне жағдайы ең нашар деген жансақтау бөліміндегі науқастарды жатқызып, қасына бір-бір реаниматор маманнан бөлдік. Сол кезде іште жағдайы өте ауыр екі науқас болды. Олар көшу легінде екінші кетті. Ең соңынан перзентхана бөліміндегі жүкті әйелдер мен дәл сол күні босанған келіншектер жиналды. Сағат кешкі 9-дар шамасында бір емес, екі келіншек босанып, оның біреуі егіз тапты. Одан бөлек толғағы келіп тұрған тағы қос келіншек күтіп отырды. Оларды «Осы жақтан босандырып алайық» деген ұсыныстар болды. Әні күттік, міне күттік. Бізге берілген бір сағатымыз бес сағатқа созылды. Содан «Жолда талай келіншек босанып жүр ғой, бірдеңе қылармыз» дедік те, ота бола қалса ең қажетті деген медициналық құралдарымызды түгендеп, барлық заттарын жинап жолға шықтық. Осылайша тақымды қысып тұрып босанған қос келіншек пен енді толғағы қысқан тағы екеуімен көліктерге тиеліп, орталық ауруханадан сәуірдің 5-інен 6-сына қараған түнгі сағат 02:45-те қозғалдық. Бұл аралықта Атыраудан келген білікті дәрігеріміз үйден толғатып жүрген бір әйелге де барып үлгерді. Оны Бейнеуге бірге ала кеткісі келген еді. Бірақ ол келіншек қарсылық танытып, дәрігеріміз қатарымызға қайта қосылып, екі ортада дүрлігіп кеттік. Перзентхананың жұрттың соңынан шыққан себебі де осы еді. Өмірге сәби әкелген аналардың босанғаннан кейінгі жағдайын жасап, нәрестелерді қадағалау біздің міндетіміз ғой. Бірақ мына жақтан бізді де «Шығайық, тездетейік!» деп асықтырып жатты. Әрине, олардың жағдайын жол үстінде қатаң бақылауға алдық. Кейіннен сұрастыра келгенде сағат түнгі үш жарымда біздің аурухана шарбағына су жақындағанын білдік. Сонда «Біз дәл уақытында шығып үлгерген екенбіз ғой» деп қойдық.
- Құлсарыдан Бейнеуге жетер жолда қиындықтар кездесті ме?
- Айтарлықтай қиындықтар болмады. Тек Құлсары-Боранқұл тас жолына енді шыға бергенде, түнгі уақыт қой, сұмдық көлік кептелісіне кезіктік. Десек те, «Жедел жәрдем» көліктерін тізгіндеген жігіттердің шеберлігінің арқасында ол қиындықты да оңай еңсере білдік. Себебі жүргізушілеріміз қысылтаяң сәтте өздерінің тәжірибелері мол екенін дәлеледі. Сөйтіп Боранқұлға да жеттік. Боранқұлдан қосымша 6-7 «Жедел жәрдем» көлігі күтіп алды. Оны Бейнеу аудандық орталық ауруханасының басшысы ұйымдастырып қойған екен. Ал біздің соңғы шыққан перзентхана бөлімшесі Бейнеуге дейін өз көлігімізбен жеттік. Жолда жаңағы айтқан толғағы қысқан келіншектер де босанбады. Көрші ауданға жетіп орналасқаннан кейін сәуірдің 6-сы күні күндіз жеңілденді.
- Бейнеу ауруханасының дәрігерлері жылыойлық науқастар мен мамандарды қалай қарсы алды?
- Бейнеулік әріптестерге, соның ішінде Бейнеу аудандық ауруханасы директорының емдеу ісі жөніндегі орынбасары Қайыржан Түйебаевқа алғысым шексіз. Бізден бөлек, бейнеуліктердің Құлсарыдан барған кез келген тұрғынға құшағын ашып, төрінен орын ұсынып жатқанын естіп жаттық. Бізді де мұндағы емдеу мекемесінің мамандары дәл сондай жылулықпен күтіп алды. Таңда жетсек те, ешкім көз ілмеген. Алдымыздан ыссы шайымызды қайнатып, дастархандарын жайып қойыпты. Науқастарымызға жылы орындарын ұсынып, бірігіп жұмыс жасады, ештеңеден аянып қалмады. Осы тұста Майкөмген мен Боранқұл ауылы тұрғындарының да жақсылығын айта кеткеніміз жөн болар. Аудан халқы үшін ауыр сынақ болған қиын күндерде баспанасынан айырылған әр тұрғынды айлап шаңырағында жатқызып, демеу болған игі істерін ешқашан ұмытуға хақымыз жоқ. Бейнеу тұрғындары тек жатын орын ұсынып қана қойған жоқ. Тасқын салдарынан баспанасыз қалғанын жете түсінген олар жаңа босанған жылыойлық келіншектердің перзентханадан өз үйіне шығып бара жатқандай көңілді шығуына да септігін тигізді. Алып аниматорлар жалдап, сәбилеріне киім, жөргектерін сыйлап, әндетіп, келіншектерге гүл жаудырып, көтеріңкі көңіл-күйде болуына көмектесті. Оны Бейнеудің ерікті жастары ұйымдастырды ма, иә әкімдігі ме, біле алмай кеттік. Бір білетініміз– жылойлық жаңа босанған әйелдердің басқа жерде жүрсе де, жүздеріне қуаныш үйіріліп, шат-шадыман болып шыққаны еді. Ал дәрігерлер келіншектердің үйге шыққаннан кейінгі жағдайына алаңдап, «мүмкін ағайын-тумасы жоқ шығар» деген оймен жағдайы жақсы қонақүй де дайындап қойған екен. Алайда, жас босанған аналардың бәрінің дерлік жақын тума-туыстары табылып, жайлы жерлерге орналасып жатты. Жанашырлық танытқан ақ халатты абзал жандарға алғысын жаудырды.
- Аурухана ұжымы Бейнеуде қанша күн болды? Сол уақыт аралығында қанша келіншек босанды?
- Бейнеуге сәуірдің 6-сы күні орналастық. «Көңіл сыйса, бәрі сияды» демекші, көрші ауданның ауруханасына еркін сыйдық. Содан 18-іне дейін сол жақта болдық. Ондағы 13 күн ішінде 48 әйел босанды. Жас босанған аналардың жағдайының жақсаруына байланысты екі күннен кейін үйлеріне шығарып отырдық. Бейнеуліктер өздерінің жүкті және босанған келіншектеріне қарады, біз өзіміздің ауданның әйелдерін қадағаладық. Бейнеуде болғанда бізге Ақтау қаласындағы Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығы басшысының орынбасары Бекзат Байқашев та көмекке келіп, науқастардың жағдайымен танысты. Өзімен бірге 5 «Жедел жәрдем» көлігін әкелді. Және жағдайы нашар, облыстық ауруханада қаралуы тиіс деген 5 келіншекті өзімен бірге Ақтауға алып кетті. Олардың арасында біздің Жылыой ауданының да әйелдері болды.
-Бәріңіз Бейнеуге көшіп кеткенде Құлсарыда қалған тұрғындардың денсаулығын кімдер күзетті, ауданда кімдер жауапты болды? Бұл жақтағы сырқаттанып қалған жандарды кім емдеді?
- Біздегі орталық емхананы да «су басады» деген әңгіме тарап, тасқын кезінде жауып тастады ғой. Оның үстіне біз сол кезде «Жүкті келіншектер болса, үй жағдайында емделіп жүрген науқастар болса, пойызбен өздеріне жақын маңда ауруханасы бар аймақтарға кетсін» деп ескерттік. Кейіннен судың деңгейі басылғасын ауданда қалған дәрігерлермен кезекшілік қойылып, 24/7 тұрғындарды қабылдау үшін емхана есігі қайта ашылды. Ол жерде хирургтер де, травматологтар да, терапевт, акушерлер де жұмыс жасап жатты. Олар, алдымен, науқастар мен жүктілерге алғашқы көмегін көрсетіп, стационарлық ем қабылдауды қажет ететін жандарды бірден «Жедел жәрдем» көлігімен Бейнеуге жіберіп жатты. Оларды мұнда біз күтіп алып, білікті дәрігерлерге тапсырдық.
- Науқастарды кері аудан орталығына жеткізгенде Құлсары қаласының сол кездегі көрінісі көңілге қандай әсер берді, одан бері не өзгерді?
- Сәуірдің 18-і күні біз, аурухана ұжымы, науқастармен бірге кері Құлсарыға шықтық. Майкөмгеннен асып, Құлсарыға жақындағанда тасжолдың екі жақ бөлігіндегі суды көріп, қорқып қалдық. Қала іші қаңырап қалған. Су сорып жатқан көліктер, суға кеткен үйлер, қаңырап тұрған нысандар. Сүйікті қаламызды мұндай жағдайда көреміз деп кім ойлаған? Бәрі қорқынышты түстей өте шықса да, ол күндерді әлі ұмыта алар емеспіз. Жылыой жұртшылығы енді мұндай ауыртпашылық көрмесе екен. Бұған дейінгі көктемгі тасқын осыдан 32 жыл бұрын 1993 жылы болды ғой. Мен ол кезде 24-25 жастағы студентпін. Ақтөбеде білім алып жаттым. Ауылға барып, демалыстан қайтып жатқан қыздар Құлсарының жағдайын көзбен көріп, айтып келгенде, жаным ауырған еді. Кім өзінің туған өлкесінің табиғи апатқа ұшырағынан қалайды? Енді бұл күндер қайталанбасын деп тілейміз! Әрине, тасқын зардабынан халық та, билік басындағы азаматтар да ащы сабақ алды деп есептеймін. Ең бастысы – жерлестеріміздің қиын сәтте сағы сынған жоқ, үйлері суға кетсе де, салы суға кетпеді. Мейірім, қайырымдылық, кеңпейілділік секілді адами қасиеттер сақталды. «Жабыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, бүкіл ел болып ауыртпалықты көтеріп алды. Соның арқасында біз табиғи апатты жеңдік.
- Биыл тағы да өткен жылғы жағдай қайталанады деген үрей болды ма? Дайындық жұмыстары қолға алынды ма?
- Әрине, күдік болды. Оның үстіне, «өткен жылға қарағанда тасқын су 3 есе көп келеді» деген қауесет те тарады. Бірақ біздің жұмысымызда үрейге бой алдыруға болмайды. Өйткені науқастың жағдайы біздегі көңіл-күйге байланысты. Десек те, өткеннің ащы сабағы бар, «Сақтықта қорлық жоқ» деген қағидалы сөз бар, тасқынның алдын алу жұмыстары да қарқынды жүрді. Оны әлеуметтік желі арқылы үнемі бақылап отырдық. Қанша дегенмен өткен жылдан сабақ алдық қой. Алапат тасқын оқиғасы кері қайталанғанын қаламаймыз. Бірақ өз басым биыл Жемнің қатты тасымайтынына сендім.
- Әңгімеңізге рахмет! Ел үшін сіңірген еңбектеріңізге алға қарай да толағай табыс тілеймін.
Сұхбаттасқан Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ