«Бейбіт өмір үшін алғыс айтамын»

1984 жылы ата-анасының жұмыс бабымен Жылыойға көшіп келген Зебо Саидмахмадова да Алғыс айту күнін пайдаланып, отандастарға алғыс сезімін білдірді. 1983 жылы дүниеге келген ол Қазақстанға алғаш табан тірегенде небары 1 жаста еді. Бүгінде лезгин халқының тумасы Құлсарыда өсіп, осы жақта мектеп табалдырығын аттап, тұрмыс құрып, аудан өміріне әбден сіңісіп кеткен. 17 жыл педагог-психолог болып қызмет еткен оның қазір 4 ұлы мен 1 қызы бар. Редакциямыз арқылы отандастарға рақметін жаудырған ол өз сөзінде:

- Мен осында өткізіп жатқан жылдарым үшін отандастарыма шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Қазақстан мен үшін нағыз берекелі де мерекелі ортақ үйге айналды, мен мұнда мейірімді және ашық, жарқын адамдармен кездестім. Көз ашқалы қазақ жұртының ерекше халық екенін, яғни көпшілдігін байқап келемін. Және Қазақстандағы әртүрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің бір-бірімен біте қайнасып, әр ұлттың өз пікірін айтуға мүмкіндігі бар екендігіне дән ризамын. Бұл халық арасындағы ынтымақтастықты арттырып, билікке деген сенімімізді нығайтатыны сөзсіз. Сондай-ақ мен этносаралық келісім мен бейбітшілікті нығайтуға бағытталған күш-жігерді құрметтеймін. Бұл тұста бәріміз тамыры тереңге жайылған отбасылық құндылықтың бір бөлігі екенімізді және әрқайсымыз осы жердің гүлденуіне өз үлесімізді қосатынымызды ұмытпасақ деймін. Қазақстан жеріне жылулық, қолдау үшін және бейбіт те тыныш өмір сүруге мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын. Мен Қазақстандай өз Отаныммен мақтанамын!-деді қуанышын жасыра алмай.

Бүгінде қазақтың қызу тіршілігіне еті үйренген аяулы ана жеке кәсіппен айналысатынын жеткізді. Ол өткен жылы мемлекет қолдауымен грант иегері атанып, балаларды дамыту орталығын ашты. Қазір 30-дан астам баланың қосымша білім алуына себепші болып, жаны сүйетін ісін өрге дөңгелетуде.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT