Базардағы денсаулық акциясы

Жақында Орталық базардағы «Беркад» сауда үйінде тұрғындардың қан қысымын, олардың бойындағы қант және холестерин мөлшерін анықтау үшін тегін медициналық акция болып өтті. Аталған акцияны «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен аудан әкімдігі ұйымдастырған болатын.

«Қазақстан отбасылық дәрігерлер» қауымдастығы мен аудандық орталық емхананың дәрігер мамандары жергілікті халықтың денсаулығын бақылап қана қоймай, оларға тегін медициналық кеңестер берді. Сауда үйіне келген әрбір тұрғын акция өтіп жатқан орыннан айналып өте алмай, тексерілгенді жөн көріп, кезек-кезек мамандардың көмегіне жүгініп жатты. Оларға қауымдастықтың дәрігері, терапевт, кардиолог, медицина ғылымдарының кандидаты Алма Нұртазина денсаулықты күтіп ұстау жөнінде түрлі ақыл-кеңесін ұсынды. Сонымен қатар, тұрғындарға ақпараттық жадынамалар мен парақшалар таратылды.

Медициналық акцияның өтуі тек қарапайым тұрғындар үшін ғана емес, сауда үйінің кәсіпкерлеріне де қолайлы жағдай тудырды.

-Біз – жеке кәсіпкерміз. Осы базарда жұмыс істейміз. Бүгінгідей халыққа пайдалы іс-шаралардың, акциялардың жиі өтіп тұрғанын қалаймыз. Өйткені, адам болған соң кей-кезде қан қысымымыз көтеріліп, басымыз ауыратын жағдайлар орын алып жатады. Ал ондай кезде біз қан қысымды өлшейтін, қаралатын арнайы орындарды таппай жатамыз. Сол үшін «Жедел жәрдем» қызметіне жүгініп, өлшену үшін ықшамаудандардағы дәріханаларды шарлап кететін күндеріміз көп болады, - дейді бір топ кәсіпкерлер.

Айта кетейік, мұндай медициналық тегін акциялар аудан көлемінде бұған дейін де ұйымдастырылып келеді және алдағы уақытта да қоғамдық орындарда өткізіліп тұрмақ.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521