Инспекторлар екі бағытта қызмет көрсетеді.
Ауданымыздағы шаруа қожалығы басшылары мен кәсіпкелерінен бау-бақша өнімдерінің пісіп жетілу кезеңі басталуына орай көкөніс пен жеміс-жидектерді басқа облыстарға және шетелдерге шығару үшін карантиндік және фитосанитарлық сертификатпен тасымалдаулары сұралады.
Осыған орай Жылыой аудандық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлары екі бағытта мемлекеттік қызмет көрсетеді:
1)«Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасының аумағында тасуға карантиндік сертификат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі.
2) «Карантинге жатқызылған өнімді Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге фитосанитариялық сертификат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызметі.
Қазақстан Республикасының аумағында тасуға карантиндік сертификат беру үшін заңды және жеке тұлғалардан өтініштер тек қана электронды нысанда қабылданатынын хабарлаймыз. «Карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасының аумағында тасуға карантиндік сертификат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына өзгерістер енгізілуіне байланысты 2019 жылғы 23 ақпаннан бастап мемлекеттік қызметті көрсету өтінімдерді қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру «электрондық үкіметтің» www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қызметті көрсету мерзімі – 3 (үш) жұмыс күн. Алдымен, мамандар қажетті құжаттарды алған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде құжаттардың толықтығын тексереді. Ұсынылған құжаттардың толық еместігі туралы факті анықталған жағдайда өтінімді әрі қарай қараудан уәжді бас тартады.
Фитосанитариялық сертификат алу үшін жеке және заңды тұлғалар аудандық аумақтық инспекцияға өтінім береді. Өтінімде карантинге жатқызылған өнімнің баратын мекен-жайы, экспортталатын карантинге жатқызылған өнімге арналған шартта көрсетілетін импорттаушы елдің өсімдіктер карантині жөніндегі ұлттық қызметінің өсімдіктер карантині саласындағы талабы, карантинге жатқызылған өнімді әкелу болжанатын импортқа шығарушы елдің шекаралық пунктінің атауы көрсетіледі.
Сонымен қатар өтініммен бірге жеке тұлғалар – жеке басын куәландыратын құжатын, ал заңды тұлғалар – тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлігін немесе анықтамасын тапсырады. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тегін көрсетіледі.
Жоғарыда көрсетілген құжаттарсыз карантинге жатқызылған өнімді тасымалдаған жағдайда Қазақстан Республикасының өсімдіктер карантині саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 400-бабы бойынша жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салынатынын хабардар етеміз.
Г. Мұханбедиярова,
аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы,
өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы
Сурет: ашық дереккөз