ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында республикалық және жергілікті маңызы бар жолдар құрылысы қалай жүріп жатыр? Алдағы жылы қандай жолдар салынбақшы? Осы орайда Kazinform тілшісі тиісті мекемелерге жолығып, істің мән-жайымен танысқан еді.
Республикалық жолдар реттеле ме?
«ҚазАвтоЖол»» ҰК» АҚ БҚО филиалының директоры Асылбек Марданның мәлім еткеніндей, Президент тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары республикалық маңызы бар Казталов-Жәнібек-РФ шекарасы және Өнеге-Бисен-Сайқын автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге баса назар аударылғаны белгілі.
Асылбек Амантайұлының сөзіне қарағанда, облыс орталығынан ең қашықтықта орналасқан Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарымен байланыстыратын аталмыш жолдарды жөндеу жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталып, пайдалануға тапсырылатын болады.
— Сонымен қатар Подстепный-Теректі-РФ шекарасы жолының 0-36 және 108-144 шақырым учаскелерін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Бұл жоба алдағы жылы мәресіне жететін болады. Одан бөлек, биыл Самара бағытында РФ шекарасы-Шымкент жолының 0-16 (көпір өткелі), 330-369 км нысаны бойынша орташа жөндеу жұмыстары бітті. Оған қоса Бөкей ордасы ауданында тарихи Хан ордасына апаратын кіреберіс жолды (21 шақырым) орташа жөндеу жұмысы жалғасуда. Бұл жолды 2025 жылы пайдалануға береміз, — дейді А.Мардан.
Филиал басшысының айтуынша, 2025 жылы Чапаев-Жалпақтал-Казталов жолының 0-17 шақырымын және Орал-Атырау жолыны 189-492 шақырым бөлігін орташа жөндеу жоспарланған.
— Жол құрылысының сапасы ерекше бақылауда. Оған қоса жол жиектерін нығайту, абаттандыру, жол белгілерін орнату сияқты жұмыс жүргізіледі. Сондай-ақ қысқы мезгілде жолды күтіп ұстауға айрықша мән беріледі, — деді А.Мардан.
Жергілікті жолдардың жағдайы қашан жақсарады?
БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының нақтылауынша, 2024 жылы «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы мен «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 527,6 км жолды жөндеуге 50,6 млрд теңге бөлінді.
Соның ішінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдар бойынша 36,2 млрд теңгеге 50 жобаны жүзеге асыру барысында 328,5 км жол жөнделмекші.
Осы жобаларды жүзеге асыру арқылы облыс тұрғындары сапалы жол инфрақұрылымымен барынша қамтамасыз етіледі. Көлік қозғалысының қауіпсіздігі артып, ауылдық аумақтардың экономикалық әлеуеті жақсарады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 52-ден 58 пайызға жетпекші. Мұның әлі аз екендігі түсінікті.
Республикалық жолдар бойынша 2019 жылдан бері жалпы ұзындығы 317 км болатын 8 жоба (күрделі жөндеу және реконструкциялау) іске асырылуда.
Мұның алтауы Казталов, Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарының орталықтарын Орал қаласымен байланыстарын автомобиль жолдарын (245 км) күрделі жөндеуге қатысты болатын. Осының 222 шақырымына 2019-2023 жылдары асфальтбетон жабыны төселсе, биыл қалған 22,6 шақырымына 19,6 млрд теңге қарастырылды.
Сол секілді Подстепный-Теректі-РФ шекарасы автомобиль жолын қайта жаңғырту (72 км) бағытында екі жоба қолға алынып, мұның жалпы құны 38,5 млрд теңге болды. 2023 жылы 39,6 км жол асфальтбетонмен жабылса, биыл 16,78 шақырымға 15,99 млрд теңге қаралды. Қазіргі таңда 16,9 км жолдың төменгі қабаты төселді.
— 2025 жылы облыстық және аудандық маңызы бар 231 км жолды жөндеу көзделуде. Оған қоса ұзындығы 38 км ауылішілік жол ретке келтірілмекші. Соның ішінде облыстық маңызы бар Чапаев-Жаңақала-Сайқын автожолының (0-104 км) 40 шақырымын орташа жөндеу, 130-191 км бөлігін қайта жаңғырту жұмыстары жалғасады. Сондай-ақ Бөрлі-Ақсай-Жымпиты (68-139 км) жолын қайта жаңғырту, Барбастау-Ақжайық-Индер (93-145 км) күрделі жөндеу де жалғасын таппақ, — деп хабарлады ведомстводан.
Салынған жолдың сапасы қандай?
Өңірдегі жол сапасын «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Батыс Қазақстан филиалының мамандары тексеретіні белгілі.
Филиалдан алынған мәліметке қарағанда, жыл басынан бері 717 нысан тексерілген. 2 525 сынама алынса, соның 771-і немесе 31-і талапқа сәйкес келмеген.
Барлығы 372 ақаулық анықталып, соның 228-і немесе 61 пайызы жойылмаған. Атап айтқанда, асфальт жабыны қалыңдығының сәйкес келмеуі, тексеру кезінде техникалық қадағалаудың жоқтығы, айналма жолдардың сапасыз ұсталуы, топырақтың түсіп кетуі, жарықшақтардың пайда болуы сияқты кемшіліктер кездеседі.
Сондай-ақ темірбетон бұйымдарының сақталуы мен жиналуына қатысты технологиялық талаптар сақталмайды, жаңбыр жауғанда асфальт төселеді.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасына 5 қатынас хаты жіберіліп, соның төртеуі оң шешімін тапқан. Солардың қорытындысы бойынша 7 млн 402,460 мың теңге айыппұл салынған.
Жол азабын тұрғындар тартады
Қазақстанда жолы ең нашар өңірлерден алдымен Батыс Қазақстан облысы аталатыны белгілі.
Жаңақала ауданының тұрғыны, еңбек ардагері Тыныштық Өтешқалиев Жаңақала-Жаңақазан бағытында жол салынып жатқанымен, жергілікті халықтың әлі қиындық көріп жүргенін жеткізді.
— Қазан айының ортасында облыс әкімі Нариман Төреғалиев ауданға келіп, есеп берген кезде де жол мәселесі айтылды. Әкім мердігер мекеме «Uniserv» ЖШС басшысы Дінмұхамед Сәтбаевқа жұмысты жеделдету керектігін айтып, тапсырды. Қазір талаптар да күшейіп жатыр, қашанғы жемқорлық бола береді. Жаңақаладан 19 шақырым қашықтықта Мұқыр өзеніне салынған Әжібай көпірі, сосын Сулыкөл деген жерлер бар. Міне, сол тұстарда өткен жылы Жаңақала, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандарының техникалары батып, топырақты әбден езіп жіберді. Мәстексай ауылы тұсындағы Қараөзеннен өтетін көпірге, сосын келесі жылдары Жаңақазанға дейін жол жетсе, халық біраз мехнаттан құтылар еді. Жаңақазан тұсында Сарыөзеннен өтетін көпірге дейін де бірнеше күрделі жер бар. Содан кейін Жаңақазаннан Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылына қарай жүргенде, лайсаң уақытта Сарыбай көлінің тұсынан өту қиын, — дейді Т.Өтешқалиев.
Ол Чапаев пен Жаңақала арасындағы асфальт жолдың шұрқ-тесік екенін жасырған жоқ.
— Жолдың бір жағы жасалса, екінші тұсы бұзылып жатады ғой. Салмағы «КамАЗ»-дан әлдеқайда ауыр қытайлық Shacman жүк көліктері Чапаев жағындағы жолды қиратып кетті. Жол ондай ауыр салмаққа есептелмеген, қазір жағдай мәз емес. Бұл жолды да жөндеу қажет деп санаймыз. Жол — ауылмен байланыстың күретамыры. Егер тақтайдай тегіс жол болмаса, басқа жағдайлар жасалмаса, адамдардың ауылға тұрақтауы да қиын, — деді еңбек ардагері.
Облыс орталығынан шалғай орналасқан Бөкей ордасы ауданында биыл Бисен ауылынан Жаңақалаға қарай жол құрылысы басталды. Сондай-ақ Мұратсай ауылына қарай жол салу да қолға алынды. Әйтсе де аудан орталығынан қашықтағы Ұялы, Саралжын, Бөрлі ауылдарына асфальт жолдың қашан жететіні белгісіз.
Ұялы ауылдық округінің әкімі Ерлан Ермекқалиев Жаңақала ауданында жолдың барынша қарқынды жүріп жатқанын айтады.
— Жаңақазан мен Бисен ауылдарының арасы — 150 шақырым. Бисен ауылы жағынан 30 км жол салу басталғанымен, тендерді ұтып алған мердігер әлсіздеу, жұмысы мардымсыз болып отыр. Мердігерге облыс және аудан әкімдігі тарапынан ескерту жасалды. Егер Жаңақазан мен Бисен аралығында жол салынса, онда Ұялы, Саралжын, Бөрлі ауылдары да қамтылар еді. Ауыл тұрғындарының сұрайтыны да — жол. Жол келсе, қарым-қатынас, инфрақұрылым жақсарып, мәдениет өркендер еді. Аудан басшылығы, «AMANAT» партиясының филиалы жол құрылысы барысын барынша бақылауда. Бірақ қол қысқа. Сондықтан Көлік министрлігі тарапынан да өкілдер келіп, қадағалап отырса, артық болмас еді, — деді Е.Ермекқалиев.
Екі ғасырға жуық тарихы бар Хан ордасы ауылында биыл ғана Жәңгір хан, А.Оразбаева көшелеріне асфальт төселді. Мұндай жұмыстар алдағы жылы да жалғаспақ.
Көршілес Жәнібек ауданында Ресеймен шекаралас жатқан ауылдардың бәріне бірдей қатқыл табанды жол жеткен жоқ.
Жалпы, ауыл тұрмақ, қала ішіндегі жолдарға байланысты шағымдар түсіп жатады. Мысалы, Орал қаласы 2-Жұмысшы кенті ауданындағы Кеңес Одағының Батыры Иван Зрелов көшесі ұзындығы 1 мың метрдей болғанымен, ол әлі күнге дейін талапқа сай емес. Көктем мен күзде тұрғындар балшық кешіп жүреді.
Осы көше бойында № 15 «Ақбота» бөбекжайы орын тепкен. Балабақшаға бүлдіршіндермен келу тіпті қиын. Бөбекжай тарапынан Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне арнайы хат та жазылған.
Жауап хатта көше жолын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама жасақталмағаны, қаржы бөлінген жағдайда ғана әзірленетіні хабарланған. Амалы құрыған ата-аналар көшеге тым болмаса асфальт қалдықтары төселсе дейді.
Сол секілді қалаға қарасты Зачаган кентінде қатар жатқан Гүлзар, Қазығұрт, О.Бүркітов, Ер Тарғын, С.Ғұмаров көшелерінде қатқыл табанды жол жоқ. Кейбір тұстарына асфальт қалдығы төселген, тұрғындар шама-шарқынша жамап-жасқаған. Бірақ толық жасалмаған.
Әсіресе, Гүлзар көшесінің (152-атқыштар дивизиясы мен Е.Әзербаев көшелерінің арасы) кеңейтілген жері жазда шаңы бұрқырап, көктем мен күзде езіліп жатады.
Міне, жолға қатысты мекеме басшы-мамандарымен қатар ауыл әкімі, тұрғындардың да пікірін келтірдік. Бұдан жол құрылысы жүріп жатқанымен, жасалуға тиісті жұмыстың әлі баршылық екендігі айқын аңғарылады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тарихи Хан ордасы ауылына апаратын жол салынатынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ БҚО-да алыс ауданды Оралмен жалғайтын жол пайдалануға берілді.
Қазір БҚО-да жергілікті жолдарды жөндеу бағытында 50 жоба жүзеге асып жатыр.