Батыр бейнесі бой көтерді

Құлсарыдағы көпқабатты үйлердің қасбетін әрлеп, Құлсарының көркін кіргізу үшін көптеген жұмыстар жасалып жатқанына жылыойлықтар куә. Әсіресе, І және ІІІ ықшамаудандардағы үйлер сырты қапталып, өңі кіріп қалғандай. Дәл сол жұмыстардың жалғасы ретінде енді олардың қабырғасына арт стилінде қазақтың көрнекті тұлғаларының портреті салынуда.

   Ең алғашқы болып І ықшамауданы №26 үйдің қабырғасына Отан үшін отқа да, суға да түскен атақты батыр, жаужүрек жауынгер, қарымды қаламгер, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының портреті салыну үстінде. Аталған шара қалалық әкімдіктің бастамасымен қолға алынуда. Мердігер мекеме ретінде «Талант» ЖК жұмыс жасап жатыр. Алдағы уақытта басқа да көрнекті тұлғалардың суреттерінің салынатынын жеткізді.

    Қалалық әкімдік аппаратының бас маманы Гүлназ Зағипарова:

-Қаламыздың көркін келтіру үшін біршама істер атқарылуда. Бұл жоба арқылы қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың қанатты сөздерін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау көзделген. Сондықтан, портрет жанына оның ұрпаққа қалдырған нақылды сөзі де келтірілетін болады,-деді өз сөзінде.

     Иә, мұндай үрдісті үлкен қалаларда көптеп көріп жатамыз. Біздің шағын шаһарда да бұл жобаның бастау алғаны көңілге қуаныш ұялатып, бір серпілтіп тастады. Әр үйдің қабырғасында қазақтың бір-бір біртуар ұлы тұлғасының портреті тұрса, ұлттық құндылығымызды дәріптегеніміз емес пе?!

      Ал алғаш болып бой көтерген батыр бейнесі жастардың бойындағы батылдығын оятып, ерлікке үндейтіні сөзсіз. Сондықтан осындай жобалар жалғасын таба берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT