Халық санының өсуіне, болашақ ұрпақтың көбеюіне өз үлесін қосқан көпбалалы аналар ауданда да аз емес. Оларды бұрын «Батыр ана» деп атап, зор құрметке бөлейтін. Қазір де мемлекеттің қолдауынан кенде емес. Отбасының ұйтқысына айналған осындай жылыойлық әйелдер жақында арнайы алқалармен наградталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 25 желтоқсандағы №421 Жарлығымен Құлсары қаласында тұратын 4 «батыр ана» арнайы «Алтын алқа» белгісін омырауына тақса, алты баланың анасы атанған 5 әйел «Күміс алқаның» иегері болды. Мемлекеттік наградаларды аналарға Құлсары қаласы әкімінің орынбасары Самал Сатышева салтанатты түрде табыстады. Ол көп баланы өмірге әкелген «батыр аналарды» арнайы қабылдап, құттықтады:
-Халқымызда «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» деген нақыл сөз бар. Бүгінгі барлық мадақ та, құрмет те сіздер үшін жасалады. Өйткені ортақ Отанымыздың азаматын қалыптастырып, балаларды өсіру және тәрбиелеу – бұл, ең алдымен, үлкен ерлік. Қазақ халқы әрқашан отбасылық құндылықтарды жоғары қойған. Әсіресе, алтын құрсақты аналарды ерекше қадірлейді. Отбасының алтын діңгегі болып, тағылымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын жалғап жүре беріңіздер,-деді С.Сатышева.
Омырауында алқалары жарқыраған аналар да Мемлекет басшысы мен жергілікті билік басындағы азаматтарға алғыс сезімін білдіріп, еңбектеріне жеміс, толағай табыс, елімізге аманшылық тілеп тарқасты.
П.ҚИЗАТОВА