Бата бере білесіз бе, ақсақал?

Жалғасы

Жас жұбайларға бата

Сезімнің пәктігін берсін,

Көңілдің ақтығын берсін,

Жылулы отбастарыңа

Сәбидің шатты үнін берсін!

Пейілдерің тарылмасын,

Есіктерің жабылмасын,

Шаршап-шалдыққандар,

Төрлеріңе дамылдасын!

Көлденең кеселден сақтасын,

Күңкіл өсектен сақтасын,

Шайтанның азғыруынан,

Елдің жазғыруынан сақтасын,

Асып-тасқаннан сақтасын,

Алшаң басқаннан сақтасын!

Отауларың елге сән болсын!

Өмірлерің бал болсын,

Бибі Фатима анамыздың аруағы

Өздеріңе жар болсын!

Әумин!

 

Дәмге бата

Әуелі, Құдай есен ет,

Жиреншедей шешен ет.

Атымтайдай көсем ет,

Лұқпандай береген ет.

Ибраһимнің бақытын берсін,

Сүлейменнің тақытын берсін,

Қыдыр құсы қонсын қасыңа,

Бұлбұл құсы қонсын басыңа.

Жортқанда жолың болсын,

Жолдасың Қызыр болсын.

Жоғары болсын жұлдызың, Б

ақытты болсын ұл-қызың.

Ас иесі байысын,

Бар ойлаған арманың,

Жақсылыққа сыйынсын!

Аллаһу ақпар!

 

Той батасы

Әуелі, Құдай оңдасын,

Хақ Расул жәрдем қып,

Әулиелер қолдасын.

Сапар шықсаң, басшы боп,

Қызыр болсын жолдасың.

Шүкірлік қыл Аллаға,

Пейіліңді Құдай алмасын.

Тәубе қылып жүріңіз,

Іриядан болмасын.

Тауфиқ берсін бір Алла,

Арамға ауырың салмасын.

Бақытты болсын ұл-қызың!

Жоғары болсын жұлдызың!

Риза болсын мейманың,

Ықыласқа тойдық біз,

Шақырған соң келдік біз,

Келмек – сүннәт,

Қайту – парыз,

Тойыңыз тойға ұлассын,

Келген ізбен қайтамыз.

Аллаһу ақбар!

 

Той жасаған үй иесіне берілетін бата

Ісіңді тағдыр оңдасын,

Қайда жүрсең қолтықтап,

Қыдыр бабаң қолдасын!

Жамбылға ұқсап көп жаса,

Денеңде дерт болмасын,

Тойың тойға ұласып,

Жан жүрегің толғансын,

Күннен-күнге көбейсін,

Дос-жараның, жолдасың.

Бақытың тассын әманда,

Бергенін тәңірі алмасын!

Өміріңді ұзартып,

Балаң менен немерең,

Шөберең мен шөпшегің,

Туажаттар жалғассын!

 

Шілдехана тойында берілетін бата

Торсық шеке, ақмаңдай,

Өсе берсін бөбегің.

Өмірі ұзақ болсын деп,

Көңілі нұрға толсын деп,

Ақ батамды беремін.

Азамат боп ержетсін,

Қиын кезде жолдастан

Аямайтын көмегін.

Тойың тойға ұласын,

Бола берсін дегенің,

Аллаһу ақбар!

 

Сүндет тойында берілетін бата

Атың, атың, ату бол,

Ағайынмен тату бол,

Бағаналы таудай бол,

Шағалалы көлдей бол…

 

***

Ала биең құлындап,

Алатауға сыймасын,

Қара биең құлындап,

Қаратауға сыймасын!

Үйіңнің алды ой болсын,

Қораң толы қой болсын,

Ішкенің қатық болсын,

Несібең артық болсын…

 

***

Сүндет атың пыраққа айналсын,

Мінген ашамайың таққа айналсын,

Қоржының толы болсын,

Ылайым жолың болсын!

 

***

Пішпең, пішпең, пішпеңде,

Тілек айтам кішкене.

Бақыт қонсын басыңа,

Жас қосылсын жасыңа,

Байлық берсін үстеме!

 

***

Уа, дәулетті, күйлі болыңыздар,

Ел-жұрттарыңызға сыйлы болыңыздар!

Немере, шөбере, шөпшек көріп,

Тоқсан отау үйлі болыңыздар!

Түндеріңіз тыныш болсын,

Үйлеріңе ырыс толсын!

Орындарыңыз төр болсын,

Мәртебелеріңіз зор болсын,

Дастарханыңыз тоқ болсын,

Қатарларыңыз көп болсын,

Уайымдарыңыз жоқ болсын!

Аллаһу акбар!.

 

Той батасы

Той тойға ұлассын,

Тойдан кенде қылмасын!

Өлең-жыр боп күндіз-түн,

Ауыл-аймақ жырғасын!

Құтты болып қуаныш,

Еш жамандық болмасын!

Қызыр дарып, бақ қонып,

Құдай өзі қолдасын!

 

Болсын тойың торқалы,

Қуандырсын баршаны.

Көрген досың сүйінсін,

Көре алмаған күйінсін!

Берекелі тойыңа,

Игі жақсы жиылсын!

Аллаһу акбар!

 

***

Малың семіз болсын!

Төлің егіз болсын!

Далақтатар даудан сақтасын,

Жалақтаған жаудан сақтасын,

Ашыққан бөріден сақтасын,

Ашынған ұрыдан сақтасын!

Артқаның түйе болсын!

Сауғаның бие болсын!

Мәртебең асып тұрсын,

Бақ-дәулетің тасып тұрсын,

Біз секілді сыйлы қонақтар,

Күнде үйіңде басып тұрсын!

Аллаһу акбар!

 

***

Дастарханың бай болсын.

Қазан-ошағың май болсын.

Төрт түлігің сай болсын.

Көңілің толып, жай болсын.

Ұлың қонып ұяға,

Қызың қонып қияға,

Бергенінен Алла танбасын,

Көбейе берсін мал басың,

Өсе берсін жан басың,

Досыңнан көңілің қалмасын,

Жағаңнан дұшпан алмасын,

Жолың болып жортқанда,

Жолыңды Қызыр жалғасын.

 

Бетті дайындаған С.Тәжіқызы

сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521