Басты міндет - ұлт саулығын жақсарту

Мемлекет басшысының қабылдаған реформалары көптің көңілінен шығып келеді. Президент бүгінгі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында да көптеген мәселелерді қамтыды және жаңа бастамаларды жария етті. Жаңа жағдайдағы жаңашыл қоғам қалыптастыруға бағытталған Жолдауда елдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық мәселелер қамтылып, жаңа реформалар енгізуге нақты тапсырмалар берілді. Президент еліміздің әлеуметтік дамуына, соның ішінде халқымыздың денсаулығы мен өмірін сақтау жолындағы жұмыстарға басты назар аудару керектігіне тоқталды. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды жетілдіруде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің маңызы зор. Десек те бұл салада орын алып жүрген мәселенің бірі – науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары кездеседі. Мемлекет басшысы бұған жол беруге болмайтынын, бюджет мүмкіндігін ескеріп, мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасауды тапсырды. Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. ​Еліміздегі денсаулық сақтау саласын дамыту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетіктері арқылы ресурстарды белсенді тартуға шақырды. Ал инвестиция әкелудің жолы – ақылға қонымды тарифтерді ұсыну. Бұл ретте Президент Үкіметке денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікке қатысты жаңа нормативтер мен ережелер әзірлеуді тапсырды. Жолдауда медицина қызметкерлерін қуантқан жаңалықтың бірі – мамандар білімін жетілдіруге гранттардың тиімді бөлінуі болды. Осы орайда үздік университеттердің нақты сектормен байланысын нығайтуды тапсырды. Жалпы, бұл жолғы Мемлекет басшысының Жолдауында да ұлт саулығын жақсартуға айрықша мән берілді. Оны жүзеге асыруда баршамыз бірлесе жұмыс атқара беретін боламыз. Үміт Молдабекова, дәрігер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT