Басты мақсат – азаматтардың қауіпсіздігі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдаудағы «Менің басты міндетімнің бірі – Қазақстанды қауіпсіз әрі жайлы елге айналдыру» дегені көңіліме жылылық ұялатты.
«Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру қажет» деген 9-бөлімінде санаға сілкініс берер көптеген сөздер айтылды. Ендігі мәселе - Жолдауда айтылғанды билік пен бұқара бірлесе отырып, іс жүзінде орындау.

Онда қоғамдағы жегі құртқа айналған көптеген проблемалар көтерілді. Соның бірі – алаяқтық. Смартфонға шұқшиған заманда олардың екінші тынысы ашылғаны анық. Цифрландыру жүйесі дамыған сайын алаяқтардың айласы түрлене түсті. Көп алысқа бармай-ақ, жанымыздағы жақындарымыздың өзі де алданып қалып жатқаны жасырын емес.

Осы орайда Мемлекет басшысы атап өткендей, бұқараның арасында қаржылық сауаттылықты дамыту керек. Қарапайым халық ақша аспаннан жаумайтынын түсінуі тиіс. Вандализмнің де арнасы біздің ауылдан алыс емес. Себебі, көшедегі құқық бұзушылықты көзіміз көріп, құлақ естіп жүр. Демалыс орынындағы, саябақтағы, Құрсай жағалауындағы орындықтарды, жарық шамдарды істен шығарып, сындырып кететіндер аз емес.

Ел Президенті өз Жолдауында айтқандай, әзірленіп жатқан «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасы тентектерді тезге салып, қарақшылардың қадамын құрықтайды деген сенім мол. Әлеуметтік желілерден түрлі жантүршігерлік жайттарды көріп жүргеніміз жасырын емес. Соның бірі - Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жас сарбаздың табытпен немесе мүгедектер арбасымен қайтуы. Осы мәселені де Қасым-Жомарт Кемелұлы дер кезінде көтерді деп есептеймін. Алқымдамасақ, ушығып кетуі әбден мүмкін.

Жүректі қан жылатар жол апаттары да көбейіп кетті. Мемлекет басшысы өз сөзінде келтіргендей, биылғы жылдың өзінде жол апатынан 1300 адам қаза тауып, 16 мыңнан астам азаматымыз жапа шекті. Осы орайда, кеткен олқылықтардың орнын толтыру керектігін баса айтып өтті.

Есірткінің ғасыр дерті екені айқындалып, нақты жұмыстар жасалып жатырса да, әлі де болса тыйылар емес. Керісінше, олар да заманның ағысына қарай дамып, өздерінің қызметін түрлендіріп жатырғаны анық. Тіпті, қазір әлеуметтік желілер арқылы курьер ретінде ашықтан ашық жұмысқа шақырту жолдайтынын да көріп жүрміз. Елдің болашағы саналатын жастарымыз есірткінің зиянын жете түсінуі керек. Сол жолда қоғам мен билік өкілдері бірлесе жұмыс істеуі міндет. Одан бөлек ел Президенті лудомания, вейп сияқты зиянды заттарға заң бойынша бірқатар шектеулер қойылғандығын тілге тиек етті. Бұл жұмыстар да алдағы уақытта өзінің жемісін береді деген ойдамын. Қауіпсіз қоғам ғана бірлік пен берекенің бастауы болмақ. Ал, сол қоғамды қалыптастыратын сіз бен біз. Сондықтан, әр азамат өз құқығын қорғап, қоғам үшін қолынан келгенді аянып қалмауы тиіс.
Ақмарал Битишева

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT