Басты мақсат – экономиканы дамыту

Мұнайлы өлкеде алпауыт елдердің мүйізі қарағайдай компаниялары қызығатын инвестициялық климат қалыптасқан. Осы жерде өнімін өндіріп, қанжығасы майланған серіктестіктер аз емес. Әсіресе, бірлескен кәсіпорындар мол пайдаға кенеліп, қазыналы аймақта қызметін табысты жалғастырып жатыр. Десек те, шикізатты сыртқы нарыққа шығару, ел экономикасн әртараптандыру мәселесі әлі де маңызды. Мемлекет басшысының реформалары да осы саланы дамытып, күрделі кезеңдерден сүрінбей өтуге бағытталып отыр.

Жалпы, инвестициялар үшін жаһандық күрес осыған дейін де тоқтаған емес. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық кезеңінде ол одан әрі өрши түскені анық. Өйткені, инвесторлар мұндай кезеңде дамушы мемлекеттердің экономикасына қаржы салуды үлкен тәуекел ретінде қабылдайды.

Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс біздің елдің инвестициялық тартымдылығына екі жақты әсер етуде. Бір жағынан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі ретінде Ресейге салынған санкциялардың зардабын көріп жатырмыз. Әсіресе, бұл тасымал жүйелерінің бұзылуынан және тауарлардың жаппай қымбаттауынан білінеді. Алайда, екінші жағынан бұл жағдай бізге жаңа мүмкіндіктер беріп отыр. Ресейлік нарықтан шетелдік компаниялардың үдере көшуі, санкциялық шектеулер көрші мемлекеттің экономикасында орасан зор қанағаттандырылмаған сұранысты туғызды. Қазақстанда тауар өндіріп, оны экспорттаудың тартылымдығын арттырды. Осыған байланысты, бұрын Ресей нарығына бағытталған шетелдік компаниялардың біздің елге қоныс аудару үрдісі басталып кетті.

Менің ойымша, осы қысылтаяң кезеңнен аман өтуіміз үшін біз жағдайды барынша өз пайдамызға шешуіміз керек. Мәселен, тұрмыстық химиядағы алпауыт P&G, тамақ өнеркәсібіндегі MARS, жиһаз жасаудың көшбасшысы IKEA сияқты брендтердін зауыттары бұрын Ресейде орналасып, біз олардан өнімдерін импорттап келген едік. Ендігі сәтте бұл өндірістерді елімізге орналыстырсақ, керісінше біз ресейлік тұтынушыға экспорттай аламыз. Осы бағытта әсіресе біз сияқты шекаралас аймақтардың мүмкіндіктері көп болмақ.

Атырау өңірі еліміздің қиыр батысында орналасуымен, Ресейдің ең халық тығыз шоғырланған аймағына жақын болуымен және шетелдік компаниялар үшін қолайлы инвестициялық климат қалыптасуымен ерекшеленеді. Біздің облысқа мұнай-газ саласына қызмет етуші компанияларды, IT саласының мекемелерін, химия және машина жасау саласы компанияларын тартуға болады. Бұл үшін бірқатар шаралар қолға алынуы керек деп ойлаймын. Біріншіден, көлік инфрақұрылымын дамыту керек. “Атырау-Астрахан” тас жолының жөнделуі, Атырау әуежайының реконструкциясы, “Ақтау теңіз порты” және “Прорва” портының жүк қабылдау мүмкіндігін кеңейту, әлемдік деңгейдегі көлік-логистика орталығын салу қажет. Атыраудан әлемнің түпкір-түпкіріне ұшуға мүмкіндік беретін жаңа әуебағыттары ашылуы керек. Екіншіден, бюрократиялық процесстерді мейлінше азайтқан жөн. Үшіншіден, жергілікті бизнесті шетелдіктермен бірлескен кәсіпорындар ашуға жұмылдырған абзал. Өйткені, шетелдік компания үшін біздің заңнамамен танысып, барлық рұқсат қағаздарды жинаудың өзі қиын екені белгілі. Осы орайда, инвесторларға жергілікті кәсіпкерлерден сенімді серіктестер қажет болады.

Шындығында, баға сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігінде орнайды. Яғни, бағаны тұрақтандыру үшін сұранысты қанағаттандыратындай ұсыныс жасауымыз керек. Оны ішкі өндіріс және импорт қалыптастырады. Қазір азық-түлік бойынша ішкі өндірістің деңгейі көңіл көншітпейді. Өйткені, ауыл шаруашылығындағы кәсіпкерлердің шешілмеген мәселесі көп. Әсіресе, арзан несиелеу бойынша мемлекеттік бағдарламалар тиімсіз жұмыс жасап жатыр.

Егін егу жұмыстарына арзан несие ала алмай, шыққан өнімін делдал арқылы сатып жүрген шаруа егіс көлемін арттыруға құлықсыз. Яғни, шаруаларды тікелей қолдау механизмін енгізу керек. Шаруа егіс алдында мемлекеттен жеңілдетілген қарыз алып, өнім піскен кезде оны мемлекеттік резервке тікелей сатуға мүмкіндік алу керек. Бұл жерде ең бастысы шаруа адамын артық қағазбастылықпен шаршатпауымыз қажет.

Азамат АСЫЛБЕКОВ,

«Ультрастаб-Қазақстан» ЖШС директоры

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT