Ерлер түрмесі бейнебақылау жүйесімен жабдықталды
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментіне қарасты УГ-157/9 (ерлер түзеу колониясы) мекемесінің сыртына “Сергек” бейнебақылау кешені және мекеме ішіне 30-дан астам камера орнатылды.
- Сырттан келетін азаматтар тарапынан жасалынатын құқықбұзушылық іс-әрекеттерін алдын-алу үшін, УГ-157/9 мекемесін қоршай “Сергек” камералары орнатылды. Бұл камералар Атырау қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына және кезекші бөлімге қосылған. Яғни мекеменің қауіпсіздігі одан сайын арта түсті,- дейді Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің бастығының міндетін атқарушы Манарбек Габдуллин.
Департамент басшысының айтуынша, мекеме ішіндегі қауіпсіздік шараларын күшейту және ішкі тәртіпті бұзу фактілерінің алдын-алу мақсатында мекеме ішіне де камералар орнатылған.
- Камера қоюдағы басты мақсат - сотталған азаматтардың қауіпсіздігін одан сайын қамтамасыз ету. Камералар әкімшілік корпусқа, шаруашылық алаңына, кездесу бөлмелеріне, дәліздерге қойылды. Осыдан кейін тәртіпбұзушылықтар күрт азайып, сотталған азаматтар тарапынан қандай-да бір арыз-шағым түссе, Департамент тарапынан лезде тексеріс жұмыстарын жүргізуге мүмкіншілік туады,- дейді Департамент басшысы.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаментінің баспасөз-қызметі ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2020 жылы мекеме ішіне бөгде заттар лақтырудың 2 фактісі анықталып, күдікті тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Атырау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі Департаменті