БАСПАНАҒА ИЕ БОЛЫП, БАҚЫТҚА КЕНЕЛДІ

Жылдар бойы жалдамалы пәтер жағалап, баспана тауқыметін тартып келген мұқтаж жандар Жылыой жерінде жетерлік. Қолдың қысқалығы мен қалтаның жұқалығы қашан да адамға жақсы өмір сүруге кедергі келтіретіні рас. Жаны жомарт, қайырымды жандардың көмегінсіз тұрмысы төмен, қолдаушысы мен сенері жоқ адамдардың қазіргідей баспана бағасының аспандап тұрған шағында жеке меншік шаңыраққа өз күшімен ие болуы екі талай. Алайда бақыттың күтпеген жерден келетіні сынды, аяқ астынан қол ұшын созып, көмекке мұқтаж жандардың тілегін орындайтындар да өмірде кездейсоқ кездесуі бек мүмкін. Міне, осындай қамқор жандар үйі жоқ жылыойлық 5 отбасыға үй әперіп, қуанышқа кенелтті.

Таяуда аудан аумағында жұмыс істеп жатқан «Қожан» акционерлік қоғамы әртүрлі категорияға жататын 5 отбасыға үй алып берді. Олардың арасында көпбалалы отбасы, жалғызбастылар, үйлерінде мүмкіндігі шектеулі жандары бар жанұялар бар еді. Аталған компания басшылығына мұндай ұсынысты кездесулердің бірінде аудандық қоғамдық кеңес мүшелері айтқан. Үй-күйсіз жүрген отбасылардың үйлі болуына аудан әкімдігінің де білдірген ұсынысы себеп болды. Компания басшылығы қайырымдылыққа бағытталған бұл ұсынысты жерге тастамай, бірден қолдай кетіпті.

Нәтижесінде 35 миллион қаржы бөлініп, жергілікті "Жылыой Ниет" қайырымдылық қорына аударылады. Құлсары қаласы ішінен баспаналы болған жанұяларға қор төрағасы келіп үш, төрт бөлмеден тұратын бес пәтердің құжаты мен кілтін табыстады. Ал үйлі болған жанұялар қуанышты сәт кезінде көз жастарына ерік беріп, компания басшылығынан бастап, барлық қолдаушы азаматтарға алғыс білдірді. Солардың ішінде көп балалы Мөлдір Мақсотқызы да бар.

-Осы үйді алуға атсалысып жатқан ағаларымызға-апаларымызға көп-көп рахмет! Бүгінде баспанаға ие болып отырғаным осы көрінген 8 баламның несібесі болар деп шексіз қуанып тұрмын. "Не берсе де, берекесімен берсін" дейтін халықпыз ғой. Енді өмірге келетін 9-шы сәбиім осы пәтерде, берекелі шаңырақта туылсын деген тілегім бар. Шынымды айтсам, қатты толқып тұрмын. Өте қуаныштымыз!-дейді аудан тұрғыны М.Мақсотқызы.

Пәтерге мұқтаж жандарды арнайы құрылған комиссия мүшелері іріктеген. Ал оларға қажетті тізімді аудандық әкімдік беріпті. "Қожан" АҚ-ның басшысы алдағы уақытта да көмекті қажет ететін жылыойлықтарға қол ұшын созамыз, дейді. Үйлі болған отбасылардың қуанышын көріп, көзайым болу үшін арнайы келген «Қожан» АҚ бас директоры Жанг ВУ есімді қытайлық азамат та өзінің тілегін айтуды ұмытпады. -“Қожан” АҚ Атырау өңіріндегі аса бір ірі компания саналмайды. Бірақ, шамамыз келгенше осындай игі істерді жасауға атсалысамыз. Мүмкіндігіміз болып жатса, болашақта да біз осындай қайырымдылық жасауға тырысамыз. Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда 2000-нан астам адам үй кезегінде тұр. Биыл Құлсары қаласындағы көпқатарлы үйлердің құрылысы аяқталса, кезектегі 300 адам баспаналы болмақ.

Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521