Бас жүлде - кір жуатын машина!

Бас жүлде - кір жуатын машина!
Фото: П.Қизатова

Биылғы баспасөзге жазылу науқаны ерекше есте қаларлық жағдайда өтті. Екі облыстық және жеті аудандық газеттерді біріктіріп отырған «Атырау-Ақпарат» медиахолдингі тұңғыш рет өз оқырмандары арасында ұтыс ойындарын ұйымдастырды. Ойын шарты бойынша жергілікті жердегі басылымға бір жылға жазылған кез келген тұрғын ұтысқа қатысуға мүмкіндік алды. Бұл шараға «Кең Жылой» газеті редакциясының жазылушылары да белсене атсалысты. Олар аудандық төл басылымға бірден бір жылға жазылып,ұялы телефон, теледидардан бастап түрлі тұрмыстық техникалар тігілген ұтыс ойынына жолдама алды.

Ұтыс ойыны өткен жылғы желтоқсан айының 29-ы күні сағат 15.00 минутта редакция ғимаратында басталды. Оған «Кең Жылой» газетіне пошта арқылы және балама негізде бір жылға жазылған барлық оқырмандар қатысты. Ойын барысы газеттің инстаграм желісі арқылы тікелей эфирде көрсетілді. Жеңімпаздарды анықтау мүмкіндігі ойынды аяқтай келіп тамашалаған оқырмандардың өздеріне берілді. Олардың бірі арнайы лототроннан ойынға қатысушылардың аты-жөні жазылған жеребені суырып, жүлдегердің есімін дауыстап оқып тұрды.

Ең алдымен, бас жүлдеге тігілген кір жуатын машина ойнатылды. Лототорон айналып, оқырманның бірі жеребе суырды. Жеңімпаз - Майра Мырзағалиева деген оқырманымыз болып шықты. Газет қызметкері сол жерде ұтыс иесіне телефон шалып, жүлдесімен құттықтады. Кейін білгеніміздей, ол Жем ауылдық округінің Тұрғызба ауылындағы №4 М.Әуезов атындағы орта мектептің қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарады екен. Осылайша, редакцияның тағайындаған ең алғашқы әрі басты жүлдесі ауыл ұстазының қанжығасын майлады.

Одан кейінгі жүлделер - ұялы телфондар еді. «Самсунг» маркалы қос қондырғы да көп ұзамай өз иесін тапты. Жеребе суырғанда белгілі болғанындай, олардың да жеңімпаздары аудандағы оқу ордаларының қызметкерлері екені белгілі болды. Бірі - Құлсары балалар өнер мектебінің бас есепшісі Айдана Сапиева болса, екіншісі - қаладағы №1 мектептің математика пәнінің мұғалімі Лиза Айбергенова.

Келесі ұтыс ойынына тігілген ірі сыйлықтың бірі – екі бірдей «Асел пеш» болды. Әр үйдегі нәзік жанды әйелдердің арманына айналған бұл қондырғыны да ұтып алсақ деп тілеген оқырмандар аз болмағаны анық. Бірақ «Бұйырған - алады» деген бар емес пе?! Көрермен боп қатысып отырған оқырманның бірі жеребе суырып кеп қалғанда Айсәуле Тұрсынованың аты-жөні шықты. Сол бойда қоңырау шалғанымызда ұтыскер Ақкиізтоғай ауылындағы оқырманымыз болып шықты. Ол «Ақбөбек» балабақшасының тәрбиешісі ретінде қызмет атқарады екен. Ал екінші «Асел пештің» жеңімпазы

–Тоқсанбай Құлтумиев атындағы №1 саз мектебінің қызметкері Амансұлу Оразбаева екендігі анықталды. Олар да өз иесін тауып, жеңімпаздар зор қуанышқа кенелді.

Ірі ұтысқа тігілген сыйлықтың бірі – теледидар еді. Оның да көп ұзамай өз жеңімпазы анықталып, иесіне табыс етілді. «СМАРТ ТV» шағын теледидардың қожайыны Нұрайна Тұрсыналиева екені анықталды. Ол қаладағы өнер мектебінде фортепиана класының оқытушысы болып қызмет атқарады екен.

Әрине, жоғарыдағы ірі сыйлықтардан басқа, шағын пеш, шаңсорғыштар, тормопот, ағаш ет табақтар, ас үйге арналған жиынтықтар, үтіктер, шаш қию машинкалары, ас пісіретін ыдыстар, фен, кувшин секілді өзге де тұрмыстық бұйымдар ұтысқа тігілді. Олардың барлығы да ойынды тамашалаған оқырмандардың көз алдында лототронда ойнатылып, жеңімпаздары анықталды. Осылайша 26 түрлі зат өз иесін тапты. Келушілерге шағын сыйлықтар үлестірілді.

«Кең Жылой» газетіне бірден бір жылға жазылғандар арасында ұйымдастырылған бұл ұтыс ойыны 90 жылдық тарихы бар төл басылымның оқырмандары үшін жаңа жыл қарсаңындағы керемет сыйлық болды. Ұтысқа қатысушылар мұндай шаралар алға қарай да қолға алынса және жүлде қоры бұдан да қомақты болса деген тілектерін айтып, тарқасты.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521