«БАРЛЫҒЫ ӘДІЛ БАҒАЛАНУЫ ТИІС»

Мысалы, менің қолымда ресми құжаттар тұр. Жыл бойына тасқынның алдын алу үшін қыруар қаржы бөлінген. Дегенмен, нақты жұмыстар қолға алынбады. Тасқынның себебімен күресу мен салдарының алдын алу екеуі - екі түрлі жұмыс. Түптеп келгенде, қай бағыт бойынша да жұмыстар жеткілікті жасалмаған. Оған қазіргі апаттың өзі дәлел болып тұр.

Одан кейін де ескеретін жайттар өте көп. Соның бірі, аралық бағалау жұмыстары. Себебі, су кеткеннен кейінгі бағалау мен суда тұрған үйді бағалаудың екеуі екі түрлі болары сөзсіз. Сондықтан, қазірден бастап жұмыстар басталуы керек. Үйден бөлек, тұрмыстық техникалар, төрт түлік малдың есебі, автокөліктің шығыны бар. Олардың барлығы тұрғындардың жағдайын ескере отырып жасалуы тиіс. Себебі, қарапайым халықтың барлық дүние-мүлкіне құжаты болуы екіталай. Бірақ, құжаты жоқ деп шығынды өтемесек, ол да қиянат болады. Түбі қайтадан түсінбеушілікке алып келіп, дау шығуы ықтимал. Сондықтан, егжей-тегжейлі барлығы зерделенуі керек.

Тағы бір мәселе - оқушылардың тестілеуі. Суға кеткен үйін көріп жылаған ата-анасының зарын көрген, одан қалса үйінен безіп базына кешкен оқушылардың сапалы білім алуы мүмкін емес. Онлайн сабақ өткен күннің өзінде жас-кәрісі алақандай жерде топтасқан күйде қалай білім алмақ. Түптеп келгенде, баланың табиғи апаттың орын алғанына ешқандай кінәсі жоқ қой. Сондықтан, арнайы гранттар бөліп, зардап шеккен аумақтардың оқушыларын ҰБТ-дан босатуымыз керек. Осы жағдай бойынша да тиісті министрлікке ұсыныс тасталатын болады.

Кей жерлерде мұғалімдерді ақысыз демалысқа жіберіп жатыр деген ақпарат та келіп жатыр. Ол да дұрыс емес. Шынтуайтына келгенде, апаттық жағдай ұстаздардың кінәратынан емес. Сол себепті, мұғалімдердің құқығы қорғалып, толыққанды жалақылары төленуі тиіс..

Алдағы уақытта өңірдегі осы аса ауыр ахуалды Астанадағы құзырлы министрліктерге жеткізуге уәде береміз. Бұл жерде біржақты шешім қабылданбай, барлық тараптың да құқығы қорғалуы керек. Құрылатын комиссияға тек қана мемлекеттік мекеме мамандары қатыспай, жергілікті жапа шеккен тұрғындар да кірістірілуі міндетті. Барлық жағдайды назарда ұстап, ел үшін қызмет ететін боламыз.

Нартай АРАЛБАЙҰЛЫ,

Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521