БАР ҚАМҚОРЛЫҚ БАЛАЛАРҒА

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әр Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындап, үнемі тың бастамалар көтеріп келеді. Соның бірі және бірегейі – «Ұлттық қор балаларға» бағдарламасы.

Биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында:

«Енді Ұлттық қордың рөліне жеке тоқталайын. Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет», деп тоқталып өтті.

Былтыр әр баланың есеп шотына Ұлттық қордан арнайы 100 доллардан қаржы түсе бастады. Бұны мен egov.kz порталы арқылы өзімнің жеке кабинетім арқылы білдім. Сонымен қатар, бағдарлама бойынша есептер Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының enpf.kz ресми сайтында жарияланады. Әрине бұл баланың болашағы үшін үлкен қолдау. Кейін ондағы қаражатты «Қазпошта» және басқа да екінші деңгейдегі банктер арқылы тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсауға болады. Тағы бір тиімді тұсы – жинақталған қаржы алушыға АҚШ долларымен төленеді. Ал, жинақ иесі 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл ішінде төлемді алуға өтініш бермеген жағдайда, шоттағы сома оның жеке зейнетақы шотына аударылады. Жалпы бұл бастама әлемнің дамыған елдерінде бұрыннан бар үрдіс. Әлемнің озық елдерінде бар бұл бастама біздің елімізде де жүзеге асырылғанына қуыныштымын. Меніңше бұл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елге жанашырлықтан қабылдап отырған шешімі. Себебі, қазір елімізде мектеп бітірген балаларын оқыта алмай отырған ата-аналар бар. Олардың басым бөлігі көп балалы отбасылар.

Міне, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы сондай отбасыларға өте тиімді. Баласы 18 жасқа толған бойда жинақталған қаражатын алады да қалаған оқу орнына түсуге болады. Менің төрт балам бар. Биыл қаңтар айында төрт баламның есеп шотына Ұлттық қордан 100 доллардан ақша түсті. Төртеуі де мектепте оқиды. Бұл бастама тек балаларға ғана емес еліміздің жарқын болашағына салынған инвестиция деп білемін.

Айгул ТІЛЕКБАЕВА,

көп балалы ана

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT