Қаламыздағы бір кафеде достарымызбен туған күнді атап өтпек болғанбыз. Кафеге кіріп, жайғасып отырған соң даяшыға тапсырыс бере бастадық. Бұл - жылыойлықтар жиі келетін, арақ-шарап мүлдем сатылмайтын тамақтану орны. Кірген бетте кафеде кішкентай балалардың көптігін көріп, қайран қалдық.
Қаламыздағы бір кафеде достарымызбен туған күнді атап өтпек болғанбыз. Кафеге кіріп, жайғасып отырған соң даяшыға тапсырыс бере бастадық. Бұл - жылыойлықтар жиі келетін, арақ-шарап мүлдем сатылмайтын тамақтану орны. Кірген бетте кафеде кішкентай балалардың көптігін көріп, қайран қалдық.
Келіншектер арбаға сап алып келген бір жасқа толмаған нәрестелерден бастап, екі-үш жасар, бес жасар, тоғыз-он жасар және 13-15-тегі жасөспірім балалар толып жүр. Әлгі балалардың бірі бақырып жылап, бірі шапқылап ойнап, кафе іші азан-қазан боп жатыр екен. О баста жұмыстан соң тынығып, аздап демалмақ болған ойымыз әдірем қалды. Тамақтанып алған балалардың кейбіреуі зеріккендіктен баспалдақтың жақтауымен сырғанап ойнап жүр. Зыр жүгіріп жүрген даяшыларды қағып кете жаздайды. У-шу кафе ішінде бір-біріміздің даусымызды естімей, айқайлап сөйлесіп отырмыз. Міне, осы кезде басымызға сарт етіп бір ой келе қалғаны.
Сәби тәрбиені тал бесікте жатқан кезде, ананың әлди әнін айтқан кезден бастап алады дейді. Одан әрі еңбектеп, қаз тұрып тұсауы кесіліп, айналасындағы көргендерінен тәлім алып өсе бастайды.Сол кезде берген тәрбиеңізді сіңіріп, ұшқанда өзімен іліп әкетпек. Өзбек халқы балаларын ес біле бастағаннан еңбекқор болуға баулиды. 3-4 жасар баланың қолына бір құмыра су беріп, «Мынаны сатып, пұл қыл» деп жұмсайды екен. Бала оны қалай сатса да, әйтеуір, аздаған тиын-тебен тауып келуі керек. Осылайша балаға өзінің маңдай терімен пұлын тауып, өмір сүруге үйретеді. Жапондар да солай, балабақшадан бастап балаларды еңбек, еңбекқорлыққа баулиды. Балақайлар асханада өздері тамақ ішкен ыдыс-аяқты өздері тасып, тазалап-сүртіп, еденді де өздері сыпырып-жуады. Ал біз жапон, өзбек халықтарының ерінбейтін еңбекқор екенін жақсы білеміз. Енді өзіміздің Қазақстанға, соның ішінде өзіміздің Жылыой ауданына, қаламызға оралайық. Біз балаларымызды еңбекқорлыққа үйретеміз бе? Бесіктегі баланы кафеге әкелген келіншектер үйде кешкі тамағын әзірлеуге де ерінген немесе демалуға келген болуы керек. Көзін ашқаннан осындай дайын асқа тік қасық боп үйренген бүлдіршіндер өскен соң да, «Әй, бүгін асты кафе не рестораннан іше салайықшы» дейтін еріншекке айналмасына кім кепіл? Үш-төрт жасар балалар да қит етсе, көңіл көтеру орындарынан шықпайтын, уақытының көбін сауыққа арнайтын жалқаулау боп өспесіне кім кепіл? Одан да сол балақайлардың қолына сыпырғыш беріп ауланы тазалатуға, гүлдерге су құйдыруға, аяқ-табақты жуғызып, сүртуге неге үйретпейміз?
Бір жылдары ауданымыздағы мектеп оқушылары жаппай сенбілікке шығып жүрді. Сонда олардың ата-аналары « Лас-қоқысты жинау балаларымыздың денсаулығына зиян» деп байбалам салды. Резеңке қолғап, бетперде киіп жерде жатқан қоқысты жинап алғаннан ешкімнің денсаулығына нұқсан келмейді. Керісінше, көшеде, үйдің айналасында шашылып жатқан қоқыстар денсаулыққа әлдеқайда зиян. Сол қоқыстар шетелдіктердің алдында абыройымызды түсіріп, өз туған жеріміздің көркін кетіріп жатқан жоқ па? Атақты боксшы Қанат Ислам «Мен қазақтың жерін сыпырып, тазалауға еш арланбас едім. Өйткені ол өзге шетелдің жері емес - өз туған жерім ғой. Мен оған неге арлануға тиіспін?» деген болатын Құлсары қаласында жастармен болған бір кездесуде.
Бірде өзбек ағайындарды жалдап, үй ауласының шарбағына іргетас құйдырдық. Бала кезінен бір құмыра су сатып, еңбек пен пұлдың бағасын біліп өскен бауырларымыз ақысына шытырлатып тұрып қомақты теңгемізді санап алды. (Сол іргетасты ағайын-туманы жинап, өзіміз де құйсақ болатын еді...Бірақ жалқаулығы түскір мойынға мініп ап жар бермейді-ау, жар бермейді. Ол қылығымызға айтар сылтауымыз да әлбетте дайын тұрады: «Уақыт жоқ», «Жұмысбастымыз», « О жер, бұ жерім ауырып-сырқайды» дегендей, шұбап кете береді.) Айтайын дегенім, өзбектер іргетас құйып жатқанда бір машина төгілген топырақты жерге тегістеп жаю керек болды. Жастары 17-18-дердегі өзіміздің туысқандарымызды- қазақ жастарын көмекке шақырдық. Әлгі бозбалалар қолдарына күрек алып, топырақты жаюға кірісті. Күрек ұстаған қолдары икемге келмей лезде күлдіреп, талдырмаш денелері кирелең-кирелең етіп зорға жүр. Сәлден кейін біреуі белін ұстап қиралаңдап отыра кетсе, енді біреуі шөлдеп кеткенін айтып су сұрады да, «су ішуді» сылтауратып демалып алды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, өзбектер болса анадай жерде жұмысты жапырып жатыр. Қазақ жастарының ақсаусақ, бойкүйез, жалқау болуына кінәлі біздер - ата-аналары емеспіз бе? Өзіміздің де қолымыздан келетін қара жұмысты көрші мемлекет азаматтарына жасатып, олар болса валютамыз- теңгені шетке тасып жатыр. Сол жұмысты өзіміз жасасақ, қаншама ақшамызды үнемдеген болар едік. Балаларымыз қол еңбегімен айналысса, тап содан зиян шегетіндей бәйек боламыз. Таза ауада дене еңбегімен айналысу, керісінше, денсаулыққа пайдалы емес пе? Құлсары қаласында тұратын, репрессия кезінде Сібірге айдалған Абдолла Абдрахманов атаны бәрі таниды. Бүгінде жасы 99-дағы ақсақал кезінде небір қара жұмыстарды жасаған, қазір де тек жаяу жүреді. Жасы 98-ге келіп қайтыс болған бір әжейді білемін. Ол сонау Вахталық поселкеден «Беркад» базарына күн сайын жаяу келетін. Содан соң саудагерлерден қалған көкөніс, қарбыз-қауынды жәшікке салып, төбесіне көтеріп, үйіндегі малына азық қып беру үшін әкететін. Кафеге балаларын ертіп әкелуді жақсы көретін ата-аналардың «сұранысына» орай «отбасылық кафелер» деген пайда болды. Әрине, кімнің қайда барса да - өз еркі. Дегенмен балаларды сауыққұмар емес, еңбекқор етіп тәрбиелесе, қазақ қайта ұтпай ма?
С.Тәжіқызы
сурет: ашық дереккөз