Балаларда алаң бар, жан бар ма оған алаңдар?

Құлсары қаласындағы Балуан Шолақ көшесінің бойында орналасқан жалғыз ойын алаңының жағдайы бүгінде көңіл көншітпейді. Әткеншектері сынып, ойын элементтері жарамсыз күйге түскен, ал резеңке төсеніштері жыртылған. Соған қарамастан балалар талапқа сай емес алаңда ойнауға мәжбүр.

Қалалық әкімдік өкілдерінің мәліметінше, бұл алаңды жөндеу үшін 2023 жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. 2024 жылдың басында мемлекеттік сатып алу порталы арқылы конкурс өткізіліп, мердігер мекеме анықталған. Алайда көктемдегі су тасқыны салдарынан құрылыс жұмыстарын бастау мүмкін болмай, келісімшарт бұзылған.

– Қазіргі таңда су тасқынынан зардап шеккен төрт ойын алаңына жөндеу жүргізу үшін жаңа құжаттама дайындалды. Қазір мердігер мекемені анықтау мақсатында конкурс жариялауға құжаттар рәсімделіп жатыр. Мердігер анықталған соң жөндеу жұмыстары басталады,-деді Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы Еркебұлан Қаржаубаев. 

Бұл аумақта тұратын көп балалы ана Жанаргүл Мұханова балаларымен осы алаңға жиі келеді. Алайда ол мұндағы қауіпсіздік деңгейіне алаңдайтынын айтады. 

– Бұл ойын алаңы бірнеше жылдан бері жаңартылған жоқ. Әткеншектер сынып, орындықтардың көбі жарамсыз. Балалар жарақат алып қалмаса екен деп қастарында жүруге тура келеді. Әкімдік осы мәселені назарға алып, заманауи әрі қауіпсіз алаң жасап берсе дейміз,-дейді тұрғын. 

Көршілердің пікірінше, басты мәселе – уақытылы жөндеу мен бақылаудың жоқтығы. Кей құрылғылардың тозығы жетіп, балалардың өміріне қауіп төндіріп отыр.

 Қала тұрғыны Айдана Фандыбаева бұл мәселені бірнеше рет көтергенін айтады. Ол әкімдікке жазбаша өтініш беріп, әлеуметтік желідегі парақшасында да мәселені жариялағанымен нәтиже болмаған.

 –Балалар ойнауға шыққанда, ата-аналар үнемі жанында жүруге мәжбүр. Себебі алаңдағы құрылғылар ескірген және қауіпті. Егер жөндеу жүргізіліп, заманауи үлгіде жаңартылса, бұл тек балалар үшін емес, бүкіл отбасы үшін қуаныш болар еді. Сонымен қатар осы аумаққа турник, швед қабырғасы мен жаттығу құралдары орнатылса, ата-аналар да белсенді уақыт өткізе алар еді. Бұл тұрғындардың бірлігін арттырып, спортқа қызығушылығын күшейтеді,-дейді ол.

 Алаңның бір шетінде жасөспірімдер өз бетімен футбол ойнайды. Алайда арнайы жабдықталған спорт аймағының болмауы қауіпсіздік пен ыңғайлылық тұрғысынан қиындық туғызуда. Тұрғындар балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін арнайы футбол алаңының салынуын сұрайды.

Сонымен қатар олар ойын алаңдарына бейнебақылау камераларын орнату қажеттігін атап өтті. Мұндай жүйе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғамдық тәртіпті сақтауға да ықпал етеді. 

Мамандардың айтуынша, бейнебақылау тек бақылау құралы емес, ата-аналар мен тұрғындардың жауапкершілігін арттыратын маңызды тетік. Ол кез келген келеңсіз жағдайдың алдын алып, қауіптің дер кезінде анықталуына мүмкіндік береді. 

Әкімдік өкілдері аталған мәселе алдағы уақытта қаралатынын хабарлады. Қалалық бюджеттен қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілген соң, ойын алаңы толық жаңартылады деп күтілуде. 

Сондай-ақ қаламызда балалардың шат күлкісі естілмей, кей ауладағы ойын алаңдары қараусыз қалып отырғаны жасырын емес. Ескі шатырлы әткеншектер, жартылай қираған футбол алаңдары көпшіліктің көңілін алаңдатады. Кейбір тұрғындар бұл мәселені әлеуметтік желі арқылы көтеріп, жауапты мекемелердің назарын аударуға тырысқан болатын.

 – Айта кету керек, бұған дейін «Теңізшевройл» ЖШС-нің қолдауымен «Қоғамдық кеңістіктер» жобасы аясында қалада 23-ке жуық балалар ойын алаңы салынған еді. Алайда уақыт өте келе олардың да тозығы жетіп, қазіргі таңда жағдайы сын көтермейтін күйге түсті. Бүгінде бұл алаңдарды теңгерімге алу жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта жөндеу жүргізу үшін қажетті сметалық құжаттар әзірленіп жатыр,-дейді Құлсары қаласы әкімі аппаратының бас маманы.

Әрине, бұл мәселелер өз шешімін тауып, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізіледі деген үміт бар. Өйткені ойын – әрбір баланың табиғи мектебі. Ойын арқылы бала тек көңіл көтеріп қана қоймай, ой-өрісін дамытып, қиялын ұштайды. Алғашқы достық қарым-қатынас, бір-бірімен тіл табысу, татулық пен сыйластыққа үйрену де дәл осы ойын алаңдарында қалыптасады. 

Сондықтан қаламыздағы әрбір тұрғын үйдің маңында балалар үшін қауіпсіз, заманауи әрі қызықты ойын алаңдарының болуы маңызды. 

А. Мейрамбайқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT